Мүмкіндігі шектеулі азаматтар оңалту құралдары мен қызметтерді өздері таңдай алады
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар оңалту құралдары мен қызметтерді өздері таңдай алады
180
оқылды

Ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтар арнайы портал арқылы бюджет есебінен қажетті техникалық және қозғалу құралдарын таңдап, сатып ала алады.

Мұндай қадам, сапасыз және сәйкес келмейтін арнайы құралдарды сатып алу мәселесін шешуге жол ашады. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтып берді.

– Әлеуметтік қызметтер порталы – мұнда ерекше қажеттіліктері бар азамат қандай да бір өнімнің немесе қызметтің жеткізушісін көріп, өзіне өнім таңдауға құқылы. Егер ол санаты жоғары техникалық құралды таңдаса, ол үстіне өзі ақша қоса алады (егер бағасы бюджетте көзделген бағадан қымбатырақ болса). Бұл техникалық құралдарға, реабилитацияға ғана емес, әлеуметтік қызметкерді, жеке көмекшіні, санаторийлік-курорттық емді таңдауға да қатысты, – деді С. Жақыпова.

Сонымен қоса, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі порталдың өз жұмысын жылдың соңына дейін бастауы керектігін айтты. Портал бірыңғай цифрлық алаңда әлеуметтік қызмет алушылар мен жеткізушілерді біріктіріп, сапалы қызмет, құралдар, құрылғылар мен ассистивті технологиялар алуға мүмкіндік береді.

Статистика бойынша, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға сәйкес, Қазақстанда 685 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар, оның ішінде 421 мың адам (61,5%) еңбекке қабілетті жаста, 176 мың адам (25,7%) – зейнет жасындағы тұлғалар және 88 мың адам (12,8%) – 18 жасқа дейінгі балалар. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға 1 шілдеден бастап төленетін жәрдемақы мөлшері көтеріледі.

– Егер бүгінде біз 31 мың теңге төлеп отырсақ, 1 шілдеден бастап 41578 теңге төлейтін боламыз, — деді С. Жақыпова.

Бүгінде ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларды қолдау үшін мемлекеттік бюджеттен 323 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып отырған аналар үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ашу туралы мәселе қарастырылып жатыр.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларды бағып отырған аналар үшін біз әлеуметтік жұмыс орындарын ашу мәселесін қарастырып отырмыз, яғни олар үйде отырып жұмыс істей алатын болады. 24 сағат бойы анасының күтімін қажет ететін балалар бар, соның арасында ондай аналар жұмыс істеп, табыс таба алады, – деді С. Жақыпова.