Сайлау қорытындысын бағалады
Сайлау қорытындысын бағалады
244
оқылды

Алматыда түрлі меке­мелер мен саяси ұйымдар сайлау қоры­тын­дысына байланысты бас қосып, үлкен саяси дода кезінде қандай жұмыс атқарылғанын кеңінен талқылап жатыр. Сондай жиынның бірі «Алма­тыинжстрой» мекемесінде болды. Аталған бастауыш партия ұйымының қолға алуымен арнайы дөңгелек үстел өтті.

«Алматыинжстрой» бүгінде отандық құрылыс нарығындағы беделді ұжымдардың бірі сана­лады. Мекеме партия өміріне де белсенді араласып, алға қойған мақ­саттарды бірге еңсеруге атса­лы­сып келеді. Ұжымның ішкі бір­лігі, әділ әрі сапалы бас­қару­дың арқасында бұл мекеме өткен сай­лауға белсенді қатысып, ел үшін маңызды таңдауға үлкен үлес қос­ты. Дөңгелек үстелге ұжым мүше­лері де қатысып, пікірлерін біл­дірді. Ал жиынды Жетісу аудандық қоғамдық штаб жетекшісі Тамара Шәкірова басқарып отырды.

– Сайлау аман-есен өтті. Оған үлкен күшпен атсалысқан Асхат Қашқынбайұлы басқарып отыр­ған мекемеге үлкен алғыс біл­діремін. Жалпы, Жетісу ауда­нында біздің кандидатымыздың сайлауалды кампаниясы өте жоғары деңгейде жүрді. Осы ау­дандағы барлық кәсіпорындар ерекше түсіністікпен қарап, қолдау білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау арқылы біз өз еліміздің жарқын болашағын таңдадық. Осыған дейін де билік бізді үнемі қолдап отырды. Шүкір, қаншама қиын-қыстау шақ ба­сымызға орнаса да, Елба­сы­мыз­дың саясаты арқасында одан сытылып шығып отырдық. Тәуел­сіздік алғалы бері жалақы қанша рет өсті, қаншама меке­мелер же­тілді, өндіріс аясы ке­ңей­ді, зей­нетақы да жылдан жылға артып келе жатыр. Осының бәріне тәу­бемен қарау керек. Бү­гін сіздердің араларыңыздан қан­шама жас­тар­ды көріп отырмын. Осындай ір­гелі мекемеде жастар­дың көп еке­ні қуантады. Ертеңгі күні сіз­дер ел тұтқасын ұстай­сыз­дар. Сөй­тіп, қазіргі игі дәстүрді жал­ғай­сыздар. Жастардың би­лік­ке келу керек екенін Президентіміз Тоқаевтың өзі осы жолы баса айты, – деді ол ашылу сөзінде.

Өз кезегінде «Алма­ты­ин­жстрой» басшысы Асхат Шілік­баев та сайлау нәтижесіне орай пікір білдірді.

– Біздің ұжым сайлауға түгел қатысты. Қызметкерлердің саяси белсенділігі жоғары екенін осы жолы анық байқадым және риза болдым. Бізде жастар да көп. Бар­лығының азаматтық ұстанымдары қалыптасқан, жан-жақты ойлай алады, өз істерін жетік біледі және елдегі жағдайларға да бейжай қа­рамайды. Ондай адамдар өзінің қолға алған шаруасын да дөңге­летіп әкетері анық. Сайлау – біз­дің ұжымның белсенді, ұйымшыл, бірлігі бекем мекеме екенін та­ғы бір мәрте дәлелдегендей болды, – деді ол.

Осыдан соң сөз алған Жетісу аудандық партия филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары Мұрат Омаров Қасым-Жомарт Кемелұлын таңдаудың мәні мен маңызына тоқталды.

– Біз мұнда бекерден бекер келіп отырған жоқпыз. Себебі, «Алматыинжстрой» – Жетісу ауданындағы ең іргелі, ең жақсы ұжым. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» ұранын негіз етіп алды. Бәріміз әділдікті қалаймыз. Ал сабақтас­тық барлық жерде бар. Салт-дәстүрден бастап тіліміз, діліміз, ұлттық мұратымызға дейін әкеден балаға, баладан немереге жал­ғасып жатыр. Ал өрлеу – кім-кім­нің де қалайтын дүниесі. Тоқаев Елбасымыз қалыптас­тырған саясатты жалғастырып, елдегі тұрақтылықты табысты сақтауға және одан ары дамытуға күш салмақ. Бұл әрине, қолдауға тұрарлық жағдай, – деді Мұрат Сағатұлы.

Жиын модераторы Тамара Шәкірова жиналғандарға алғыс білдіріп, әркез осында бірлік пен ынтымақ биігінен көрінуге ша­қырды.

 

Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ