«Құтты мекеннің» жаңа жобасы
«Құтты мекеннің»  жаңа жобасы
206
оқылды

Nur Otan партиясы Орталық аппаратының партиялық бақылау қызметі Ақмола облысына арнайы сапармен келді.

Көкшетау қаласына ресми іс­сапар барысында облыс орталы­ғындағы онкологиялық емхана­ның құрылысымен танысты. Құрылыс нысаны «Құтты мекен» жобасы бойынша жүзеге асып жатыр. Орталық партия аппараты­ның Партиялық бақылау қыз­ме­тінің өкілдері Дәурен Бижұманов және Нұрлан Баймұрзаев құрылыс барысымен танысып, бөлінген қа­ра­жаттың нақты жұмсалуын тек­серді.

Ғимараттың құрылысы «Са­ламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр басталған. 2020 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінге дейін ғимараттың 4 қабаты са­лынып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, Ақмола облысы – қатерлі ісік аурулары асқынған бес аймақтың бірі. Жылдан-жылға бұл көрсеткіш артпаса, кеміген емес. Мәселен, 2014 жылы онкология­лық аурулармен 8 036 адам тір­келсе, биыл жылдың басында 8 888 адам тіркелген.

Мамандардың айтуынша, онкологиялық орталықта қабылдауды 5 маман жүргізеді. Дәрігердің қабылдауына кіру үшін мұнда кезекті сағаттап күтуге тура келеді. Бұл емделушілерге де, медицина қызметкерлеріне де қолайсыз. Сондықтан қатерлі ісік ауруын анықтайтын скринингтік тексерулер жүргізу үшін қосымша емхана қажет. Әрі облыстың түк­пір-түкпірінен келген науқастар диспансердің тар кабинеттерінде сағатап кезек күтуге мәжбүр.

Онкологиялық аурулардың алдын алу, халықтың емделуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында былтыр республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Тәулігіне 150 адамды бір мезетте қабылдауға мүмкіндік беретін емхананың құрылысы таяуда аяқ­талады. Партияның орталық ап­паратының партиялық бақылау қызметі құрылыс нысанына оң бағасын берді. Орталық жұмысын бастаған кезде скринингтік тек­серу арқылы қатерлі ісіктің алдын алуға мүмкіндік көбейеді. За­манауи медициналық құрал-жабдықтар мен кадр тапшылығы болмайды.