Аурудың алдын алған абзал
Аурудың алдын алған абзал
217
оқылды

Қазақстан Президентінің 2016 жылғы 15 қаңтардағы №176 жарлығымен денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бекітілгені белгілі. Айта кетер болсақ, мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – мемлекетіміздің әлеуметтік әл-ауқаты мен экономикалық өркендеуінің негізі ретінде азаматтардың денсаулығын сақтаудың тиімді және орнықты жүйесін дамытуды қамтамасыз ету.

Сондықтан да Президент тапсыр­ма­ларын орындау мақсатында аймақ­тарда бұл міндет тиянақты орын­далуда. Бұл орайда Жетісай аудандық орталық ауруханасының ұжымы халықтың денсаулығын арттыруда айтарлықтай жұмыс атқаруда.

– Саламатты өмір салтын қалып­тас­тыру және халықтың денсаулығын нығайтуда дәрігерлердің жұмысы ұшан-теңіз. Сондықтан да халықтың арасында тыңғылықты жұмыс істей­міз. Өйткені аудан тұрғын­дарының дәрігерге уақытылы қаралуына бірден бір ықпал етіп, қозғаушы күш болып отырмыз. Бұрынғыдай емес, халық та денсаулығын күтуге барынша дағды­ланған. Бұл орайда ауыл медицинасы артта қалып отырған жоқ. Заманауи құралдармен жабдық­талған медицина мекемесі жетерлік. Бас дәрігер Айдар Шнетовтің басшылығымен бұл орай­да аурудың алдын алу үшін бар жұмыс тыңғылықты атқарылуда, – дейді біз­бен әңгімесінде бас дәрігер­дің орынбасары, Денсаулық сақтау ісінің үздігі Нұржамал Шұлғауова.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында ақпараттық жүйелерді интеграциялау, электронды денсаулық паспорттарын енгізу және «қағазсыз» ауруханаларға көшу арқылы медициналық көмектің қол­же­тімділігі пен тиімділігін арттыруды тапсырғаны белгілі. Айта кету керек, бұл орайда Жетісай аудандық орталық ауруханасында цифрландыру бағдар­ламасы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, қазірдің өзінде онлайн портал арқылы дәрігер­ге қашықтық­тан жазылу, үйге дәрігер шақыру, тағы сол сияқты жұмыстар пациенттерге қолжетімді болып отыр. Бұл сервистің барлығы электронды Үкімет порталы немесе медициналық ақпараттық жүйе арқылы атқарылады. Денсаулық сақтау министрлігінің биылғы 5 сәуірдегі бұйрығына сәйкес, Жетісай аудандық ауруханасы да ішінара қағазсыз құжат айналымына көшкен. Қазіргі таңда осыған орай 53 медициналық құжат электронды форматпен жұмыс істеуде.

Аудандық ауруханада медицина саласын цифрландыру бойынша басқа да жұмыстар жолға қойылған. Ауданның медицина саласы кешенді медициналық ақпараттық жүйесі (КМИС) негізінде де қызмет атқарады.

2016-2019 жылдарға арналған «Ден­сау­лық» мемлекеттік бағдар­ла­масында 2020 жылға қарай күтілетін өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту көзделгені белгілі. Бұл орайда аймақта өмір сүру ұзақтығы жақсарып келеді. Атап айтар болсақ, ауданда өмір сүру ұзақтығы 2019 жылы 71,2 жасқа дейін артты. Ал облыс бойынша бұл 71,79 жас нәтижені көрсетіп отыр. Мұның себебі неде? Ақиқатында, бұл аймақтағы халықтың әл-ауқаты мен тұрмысының жақсара бастағанын көрсетеді. Сондай-ақ халық та сала­матты өмір сүруге дағдыланып келеді.

Бүгінгі таңда Жетісай аудандық ауруханасына қарасты мекемелерде 875 медициналық қызметкер, оның ішінде 186 дәрігер жұмыс істейді. Қазіргі заманауи медицина дамып бара жатқан заманда интернетсіз өмір сүру мүмкін емес. Бұл орайда емдеу меке­мелері мен нысандар 365 ком­пью­термен жабдықталған. Аудандағы орталық ауруханада 16 мб/с жылдам­дықты интернет болса, елдімекен­дер­де­гі бөлімшелермен ФАП-тардағы 1,5 мб/с құрайды. Емханада өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылып, қазіргі кезде жұмыс тұрақты жүргізілу­де.

Айта кетер болсақ, Жетісай ауда­нында халықтың табиғи өсімі өте жоғары. Қазіргі таңда аймақта 88 180 халық тұрады. DAMU med мобильді қосымшалары бойынша Жетісай ауда­нында интернетті белсенді қол­да­ну­шылар 20 мен 60 жас аралы­ғындағылар болып отыр. Олардың 55 пайызы интернетті тұрақты пайдала­на­тынын айта кету керек.

Бес жасқа дейінгі балалардың ата-аналары арасында мобильді қосым­ша­ларды тұтынушылардың үлесі 90 пайызға жетіп отыр. Ал жүкті әйелдер арасында бұл қызметті пайдалану 81,4 пайызды құрайды.

Әрине, медицина саласын цифр­лан­дырудың қазіргі уақытта пайдасы өте зор. Бұл, ең алдымен, Елбасы, елі­­міздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменінің арқасында жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн. Өйткені Елбасы «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бар­лық емхана мен аурухана меди­ци­налық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді»,–деп атап көрсеткені белгілі.

Расында, қазіргі кезде емхана­лар­дағы жағдай жақсарды. Бұрынғыдай ұзын сонар кезек көрінбейді. Бұрын­дары арнайы мамандар мен дәрігерге қаралу бірнеше күнге созылатын. Ал қазір бәрі тез, жедел атқарылады. Мұ­ның барлығы – «қағазсыз ауруха­на» жобасының нәтижесі.

Жалпы, Жетісай аудандық ауруха­насы құрамына 1 қалалық емхана, 1 ауылдық емхана, 9 дәрігерлік амбула­то­рия, 11 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 мейірбикелік пункт кіреді. Ауруханаға қарасты медициналық меке­менің барлығы да интернет желі­сіне қосылған. Бұл нәтиже нені көрсетеді? Бұл – Жетісай аудандық орталық ауруханасында жетістік бар­шы­лық деген сөз. Ауданда тұра­тын 88 180 халықтың бүгінгі күні 87 мың­нан астамының электронды денсау­лық төлқұжаты бар. Сондықтан ем алу да, медициналық қызмет көрсету де бұрынғыға қарағанда күрт жеңіл­деген.

Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп бекер айтпаған. Бұл орайда аудан дәрігер­ле­рінің ұйытқы болуымен скрининг тексерулері жиі өткізіліп тұрады. Ақиқатын айтқанда, дәрігерге дер кезінде қаралу аурудың алдын алады. Бұл орайда Жетісай аудандық орталық ауруханасының басшылығы «денсау­лық – зор байлық» екенін жете түсі­неді. Сондықтан да аймақта демо­гра­фиялық өсім жоғары, ал ана мен бала өлімі азайған. Халықтың да әл-ауқаты жақсарып келеді.

 

Мейрамгүл СЫБАН