Жастар президент бағдарламасын талқылады
Жастар президент бағдарламасын талқылады
201
оқылды

Жас Отан жастар қанаты республикалық жастар ұйымдарының басшылары мен жастар саясатындағы белсенділерді жинап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында аталған міндеттерді жүзеге асыру тетіктерін талқылады. Шараға партия кандидатының насихат жұмыстарын жүргізген Республикалық қоғамдық штаб жанынан құрылған TEAM QAZAQSTAN жастар тобының мүшелері қатысты.

Жиынды ашқан Жас Отан жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек жастарды партия кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент сай­лауындағы жеңісімен құттық­тады.

– Бүгінгі басқосу арқылы жастар мемлекеттік органдардан нұсқау күтпестен, өз болашағын құруға бел­сенді араласуға қабылетті екенін көрсеткіміз келеді, – деді ол. Дәулет Кәрібек Қасым-Жомарт Тоқаевтың 300 жасты іріктеп, президенттің кадрлық резервін құру туралы ұсынысының артықшылығына тоқ­талды. Осыдан соң, жиынға қатысу­шы әртүрлі жастар ұйымдарының өкілдері президент мәлімдемесінен кейін өздеріне хабарласып, кадрлық резервке қалай өтуге болатынын сұрап жатқан жастар көп екенін айтты. Дәулет Кәрібек кандидаттарға қандай талаптар қойылатыны әлі бекітілмегенін, бірақ бұл бағытта жастар атынан ұсыныс жасауға бола­тынын жеткізді. «Болашақ» қауым­дастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова кадр­лық резервке «Болашақ» бағдарла­масымен шетелде білім алып келген жастарды тарту керегін айтып, бұл үшін жастар ұғымының аясын кеңейтіп, 35 жасқа дейінгі азаматтар­дың да бақ сынауы­на мүмкіндік жасау қажет деген ұсыныс айтты. Оның пікірінше, мем­лекет қаржысы­на халықаралық үздік білім мен тәжірибе алып келген жас мемлекет­тің дамуына үлкен үлес қоса алады. Жиынға қатысушылар арасынан жемқорлық фактілерін қысқарту үшін кадрлық резервке өтуге үміттілерді жемқорлыққа қарсы сынақтан өткізу керек деген пікір айтқандар да, жобаға ауыл жастарын тартқан дұрыс дегендер де табылды.

Өз кезегінде Жас ғалымдар альянсының төрайымы Әсия Ермұхаметова ғылымды қолдауға бөлінетін 3 млрд қаржының қалай игерілетіні туралы мәселе көтерді.

– Биыл 23 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке жас ғалымдардың іргелі және қолдан­балы зерттеулерін гранттық қаржы­лан­дыруды жыл сайын 3 млрд тең­геге ұлғайтуды тапсырды. Соны­мен қатар Жастар жылы аясында жас ғалымдардың әлеуетін арттыру мақсатында оларға жан-жақты қолдау көрсетілетіні айтылды. Бірақ бұл мәлімдемеден бері жарты жыл өтті. Қазір конкурстық құжаттаманы дайындау бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бұл байқаудың жариялануын асыға күтеміз, – деді ол.

Жиын соңында жастар сөзден іске көшу керегін айтып, жастар санатына кіретін азаматтар жасын 35-ке дейін көтеру туралы ұсыныс хат дайындау туралы ой айтты. Қа­зақстан Жастар конгресінің жетекшісі Тохтар Болысов әзірге осындай мәтіндегі хатты өзі басқаратын ұйым мен Жас Отан ғана жазғанын айтты. Жиынға қатысу­шылар жастар бірлігі маңызды екенін, олардың дамуына ықпал ететін жобаларды қолға алу керегін бірауыздан қолдады.


Кәусар АХМЕТ