Асар деген дәстүр бар...
Асар деген дәстүр бар...
2,285
оқылды

Нарық заманында бір-біріне ақысыз көмектесу деген күлкілі нәрсе сияқты болып бара жатқаны рас. Дегенмен бізде игі дәстүр бар, ол – асар. Яғни, көпшіліктің көмегін пайдаланып шөп шабу, егін жинау науқандарына, сондай-ақ үй салу сияқты ауыр жұмыста бірлесе көмек қолын созу. Халықтың қайырымдылығы мен ұйымшылдығын танытады. Бұл дәстүр қырғыз, қазақ, өзбек, тәжік, түркімен халықтарына ортақ, өте ертеде пайда болған...

Міне, осы дәстүр елімізде қайта жанданды. Бұл қазақ­тың мәрттігін ғана емес, бауырмалдығын, көпшілдігін білдіреді. Ақпан айындағы бес бүлдіршіннің ажалы серпін беріп, осы ата дәстүрді қайта жаңғыртуға септігін тигізгені ақиқат!

Жақында ғана «Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жаңаталап ауылы­ның тұрғындары асарлатып, жалғызбасты анаға үй салып жатыр» деп хабарлады Қаз­Ақпарат. Құрылыс жұмыс­тарына ауылдықтармен бірге округ әкімдігі аппаратындағы қызметкерлер де білек сыба­на кіріскен.

«Округімізде тұратын жалғызбасты ана Бейсенкүл Баймұратова кішкентай ғана тар үйде күнелтіп келеді. Осыны көріп ауыл болып білек сыбана кірісіп, апамыз­ға жаңа үй салып беруді қолға алдық. Көрінген таудың алыс­­тығы жоқ демекші, қа­быр­­ғалары көтеріліп қал­ған үйге жуық арада Бейсен­күл апа кіріп, қоныстойын той­лай­тын болады», – дейді ауыл әкімі Нұрхан Ақмаған­бе­тов.      

Ал Қызылорда облысы Жаңа­қорған ауданында жер­гілікті тұрғындар баспанаға мұқтаж, жалғызбасты ана, екінші топ мүгедегі Анаргүл Беласароваға үй салып бер­ген.

Айта кетерлігі бұл игі істі бірінші болып «Жаңарған Жаңақорған жастары» ерікті­лер тобының мүшелері қолға алған. Оған жергілікті жұрт­шылық та қолдау білдірген.

«Біздің ұсынысымызға жергілікті жұртшылық пен жастар ерекше қолдау біл­дірді. Мамыр айында бастал­ған құрылыстың толықтай аяқталуына жүзге жуық адам қолдау көрсетті. Олардың қата­рын­да аудан кәсіпкер­ле­рі­мен бірге қарапайым еңбек адамдары да бар. Жанашыр азаматтар шатыр, тас секілді қажетті заттармен қамтама­сыз етті. Өзге де керекті дү­ние­­лер қамтылды. Қайы­рым­ды іске белсене қатысқан олар жаңа үйге жиһаз тарту ету­ді де естен шығарған жоқ», – дейді «Жаңарған Жаңа­­қорған жастары» ерікті­лер тобының жетекшісі Еркінбек Айнақожаев.

Ал Қарағанды облысы Шет ауданы Ақадыр кентінде «Астана Групп» президенті Нұрлан Смағұлов және Қара­ғанды облысының әкімі Ерлан Қошанов көпбалалы отбасыларға үйдің кілтін табыс­тады. 11 тұрғын үй объек­тісі «Астана Моторс» («Астана Групптың» еншілес ұйымы) өз қаражатына сатып алынған. Аталған компания көмек көрсеткен отбасылар­ды таңдау кезінде жәрдемақы алатын және жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ көпбалалы отбасылар басымдыққа ие болған.

«Бұл жерде менің әкем өсіп, балалық шағын өткізді. Табысқа жеткен кез келген адам өз Отаны алдындағы қары­зын қайтаруы тиіс. Біз­дің компания қайы­рым­ды­лықпен белсенді түрде айна­лы­сады, халыққа көмектеседі. Бұл – біздің тұжырымдама, біздің өмір салтымыз және біздің философия», – дейді Нұрлан Смағұлов.

«Көп түкірсе – көл» деген, өстіп асарлатып жатқан ха­лық­­қа алғыстан басқа айта­ры­мыз жоқ! Дегенмен «бұл арзан пиар не керек?» деп кертартпалыққа барып жат­қан­дар да бар.

Алайда бұндай сауапты істерді біліп, естіп отырғаны­мыз дұрыс-ақ! Сол арқылы болашақта салт-дәстүрімізді ұмытпау үшін, осындай ауыз толтырып айтарлықтай, жан жадыратар істерді ұлықтап, дәріптеп жүргеніміз абзал!