Агротехнология алға бассын десек...
Агротехнология  алға бассын десек...
331
оқылды

Бағдарламаға сәйкес кездесу­де елге заманауи агротехноло­гия­ларды кеңінен тарту және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне, мал шаруашылығы мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе талқылан­ды. Партиялық куратор Жексен­бай Дүйсебаев өз кезегінде партия­ның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаз­дық» сайлауалды бағдарламасын­да негізгі салаларды дамытудың жаңа стратегиясы ұсынылғанын, соның бірі аграрлық сектор екенін ерекше атап өтті.

Басқосуда баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров күн тәртібіндегі негізгі екі мәселеге кеңінен тоқталды.

– Ауыл шаруашылығы министрлігі қойылған міндет­тер­ді қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдан бастап аграрлық ғылым мен білім беруді, сондай-ақ АӨК субъектілерінде білім тарату жүйесін реформалауды, оларды бизнес пен технология қажет­тілігіне қайта өңдеуді бас­тады. Мәселен, ғылыми зерт­теу­лер сапасын жақсарту үшін «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының» құрылымын қайта құрылымдау жүргізілді. Оның нәтижесінде, жұмыс істеп тұрған 23 ғылыми зертеу инсти­ту­ты­ның 13-і қалды. Ауыл шаруа­шылығы тәжірибе стан­сасы мен тәжірибелік өндіріс­тік шар­уа­шылық саны 18-ге дейін артты. Сон­дай-ақ 22 білім тарату орта­лы­ғы құрылды, – деді А.Сей­пел­ұлы.

Ол сондай-ақ 2018-2019 жыл­­дар­ға арналған бағдарлама­лық-нысаналы қаржыландыру бойынша ғылыми зерттеулерді қаржыландыру 1,8 есеге, яғни 4,2 млрд теңгеден 7,5 млрд теңгеге дейін артқанын айта келе, барлық қабылданған және жоспарланған шара Елбасының агроөнеркәсіптік кешен алдына қойған тапсырмаларын орын­дау­ды қамтамасыз етуге мүмкін­дік беретінін жеткізді.

– Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі аграрлық ғылым мен білім беруді реформалауды бастады. Бұл негізінен бизнестің қажеттіліктеріне бейімделу және қолданыстағы технологияларды әлемде тарату екенін айта кеткен жөн. Зерттеулер сапасын жақ­сар­ту және ғылымның бизнес қажеттіліктеріне бағдарлануы агроөнеркәсіптік сектордағы (АҚШ, Бразилия) инновация­лар­ды табысты қолданатын ел­дердің тәжірибесі арқылы жүзе­ге асырылатын болады. Онда ғылым­ды қолданбалы міндет­терге және ғалымдарды мақсатты оқытуға назар аудару қажет, – дейді ол.