Белсенді жастар бас қосты
Белсенді жастар бас қосты
342
оқылды

Алматыда еліміздегі еріктілер қозғалысының дамуына арналған «Жас Отан» Жастар қанаты мен «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының белсенді жастары арасында кездесу өтті. Дөңгелек үстелде Алматы қалалық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов, «Еріктілер лигасы» қоғамдық ұйымының жетекшісі Айсұлу Ерниязова жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде әңгімелеп, келешектегі жоспарларымен бөлісті.

Осы жылдың маңызды­­лы­­ғын атап өткен Мади Ахметов 2019 жы­лы жастар ісіне қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланды. Жастар қоғамның қоз­ғаушы күші десек, биылғы жыл тұтас Қазақстан халқы үшін ерекше жыл болмақ. Осыған орай, біз өзімізді жақсы жағымыздан көрсетіп, же­тістікке жетуге талпынуымыз ­керек. Еріктілердің әлеуетін келе­шекте жоғалтып алмай, келешекте еліміз­дің беделін арттыруға бағыт­тағаны­мыз жөн. Жас­тардың ерік­ті­лер қоз­ғалысы жаңа дең­гейге көте­рілуді мақсат етіп отыр, – деді М.Ахметов.

Кездесу барысында студенттер «Еріктілер лигасы» қоғамдық ұйымының жетекшісі Айсұлу Ерниязоваға сұрақ қойып, түрлі тақырыпта пікірлесті. Ол өз кезегінде замандастарына жақсы білім алып, білікті маман атанудың қыр-сырын айтты.

– Біздің еріктілер түрлі әлеу­меттік маңызды акцияларға, атап айтқанда қоғамдық акциялар, мас­тер-кластар және флешмобтарға белсенді түрде қатысып отырады. Біз әрқашан мүгедектерге, зейнеткерлерге, жетім балаларға, жалғызбасты және панасыз адамдарға ерікті түрде көмектесуге тырысамыз. Жастар жылында жастар оқуда да, қызметте де белсенді болуы тиіс. Өйткені үлкен жауапкершілік жастардың иығына артылды. Еріктілік – сіздің ойы­ңызды, ішкі сезімді жақсы жағына қарай өзгертуден басталады, – дейді А.Ерниязова.

Сондай-ақ Айсұлу волонтер болу үшін өзгелерге көмектесу және қоғам игілігі үшін жақсы істер атқару керек екенін айтып, мұндай игі іс-әрекет адамның рухын тәрбиелейтінін тілге тиек етті. Ол Елбасының жастарды қолдау туралы айтқан бастамалары алға ұмтылуға қанат бітіретінін жеткізді. Кездесу соңында студент жастар ұйым басшыларына алғысын жеткі­зіп, олармен естелікке суретке түсті.