Республикалық қоғамдық штаб жұмысы баяндалды
Республикалық қоғамдық штаб жұмысы баяндалды
314
оқылды

Nur Otan партиясының орталық аппаратында ел президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды сайлау науқанының аралық қорытындылары туралы брифингі өтті.

Баспасөз мәслихатында партия хатшысы Фархад Қуанғанов Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының жұмысы жайында баяндады.

брифинг НурОтан 06.jpg
Фархад Қуанғанов 

 – Партия Төрағасы Елбасының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірлерінде ауқымды сайлау науқанын бастадық. Бұл жұмысқа партияның барлық филиалдары мен бастауыш партия ұйымдары қатысуда. Үгіт-насихат жұмыстары арнайы желілік кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Республикалық қоғамдық штабқа 190 адаммен тіркелді. Штаб заңмен бекітілген уақыттан бастап жұмыс істейді. Яғни, 11 мамырдан бастап штаб өз жұмысын бастады, – деді спикер.

Оның айтуынша, еліміз бойынша Nur Otan партиясы кандидатының 19,5 мыңға жуық өкілі белсенді түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.

– Олар елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ белгілі бір салада биік белестерді бағындырған белсенді азаматтар, ғалымдар, мұғалімдер, дәрігерлер, қызметкерлер, фермерлер, мәдениет қызметкерлері және т.б. Іс-шараға 14 мыңға жуық «Жас Отан» Жастар қанатының белсенді жастары да атсалысуда.

Жиында жалпы саны 227 қоғамдық штаб құрылғаны айтылды. Оның 17-сі – облыстық, 37-сі – қалалық және 173-і аудандық деңгейде жұмыс істейді. Аймақтық және аумақтық штабтардың құрамына 5766 адам енсе, оның 1267-сі жастар қанатының өкілдері.

Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері 13 мамырдан бастап барлық өңірлерге шығып, халықпен кездесу өткізді. Сапар кезінде олар кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасы мен азаматтарды алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылады. Кездесулер тек облыс орталықтарында ғана емес, сондай-ақ аудандарда, моноқалаларда және шалғайдағы ауылдарда да өткізілді, – деді Фархад Қуанғанов.

Брифинг барысында спикер алғаш рет қоғамдық штабтың «TeamQazaqstan» жастар қанаты да құрылғанын айтты. Сонымен қатар 13-і мамырдан бастап «Birge» жалпыұлттық акциясы басталғанын тілге тиек етті. Акция аясында Қазақстан Республикасының Президенттігіне Nur Otan партиясының атынан ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сенімді өкілдері арқылы халықтың 225 мыңнан астам ұсыныстары мен тілектері тіркелді, – деді Ф.Қуанғанов.

Айта кетейік, келесі брифинг 7 маусымда өтеді. Онда партияның сайлау науқанының қорытындысы шығарылады.