Ешкі өсіру қолдауға зәру
Ешкі өсіру қолдауға зәру
307
оқылды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша қазіргі заман «аллергия ғасыры» саналады. Статистикаға сәйкес, жер бетіндегі әрбір бесінші адам аурудың осы түрінен зардап шегуде. Жыл сайын аллергияға шалдығу ауқымы орта есеппен 15-20% артады. Осы орайда аллергия туындатпайтын өте сирек өнімнің бірі ешкі сүті екені анықталған.

Мәжілістің жалпы отыры­сында Nur Otan партиясының парламенттік фракциясының мүшесі М.Айсина вице-премьер Ж.Қасымбекке депутаттық сауал жолдап, әлемде өнеркәсіптік ешкі шаруашылығы дамып жатқанына назар аудартты. Ешкі сүті мен оны өңдеуден алынатын өнімдер кең таралуда. Өйткені ол бала тағамдарын алмастырғыш ретінде пайдаланылады, сондай-ақ оның өндіріс өнімділігі мен экономикалық табыстылығы жоғары.

Қазақстан нарығында бұл саланы дамытуға қолайлы жағдай бар. Депутат ешкі ша­руашылығы мемлекеттік және салалық бағ­дар­ламалар әзірлеу кезінде не­гізсіз назардан тыс қалып жүрге­нін, тіпті ұзақ уақыт бойы оған мүлде мемлекеттік қолдау көрсе­тілмегенін айтты. Субсидия беру тұрғысында байқалған оң үрдіс соңғы кезде жағымды нәтиже көрсетпеді, оның себебі – суб­сидия бері­летін жануарлардың жасы 6-12 ай орнына 12-16 ай бо­лып өз­гертілді. Ал әлемдік тә­жі­рибеде 2-16 айлық әрбір жа­нуарға бөлінетін 80-100 евро мөл­ше­ріндегі аз субсидия шығы­нын өтемейді.

«Қазақстанда ешкі сүтін алу­дың нақты технологиясы және нарық ерекшелігі ескерілмеуде, қазір үлкен зауыттарға ғана суб­сидия беріледі. Салдарынан, ша­ғын және орта шаруашылық­тардың өнімді өңдеуге мүмкіндігі болмай, олар дамымай отыр. Бұған қоса, кадрлар іріктеуде қиыншылықтар бар: елімізде ешкі өсіру және ешкі сүтінен өнім өндіру технологиясын оқытып-үйрету жолға қойылмаған», – деді Мәжіліс депутаты.

Нәтижесінде, бізде Атырау, Түркістан және Ақмола облыс­тарында ғана бар-жоғы 3 ешкі өсіру кәсіпорыны бар. Ешкі сүтінің және одан жасалатын өнімдердің халық денсаулығына пайдалы екенін, ауылдық жерде аз шығын жұмсап, көп жұмыс орнын ашу, сондай-ақ ауылда тиімді бизнес құру мүмкіндігін ескерсек, ешкі шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсетуде нақты шаралар қабылдануы керек. Сондықтан М.Айсина мал, соның ішінде ешкі сатып алуға бөлінетін субсидияның мөлшерін қайта қарауды; ауыл шаруа­шылығы саласына дотациялар мен гранттар бөлу кезінде асыл тұқымды ешкі өсіру шаруашы­лықтарын, ешкі сүті мен одан жасалатын өнім өндірушілерді, оның ішінде ірімшік қайнату өндірісін қолдауды ұсынды.

Бұдан бөлек, мемлекеттік тапсырыс аясында ауыл шаруа­шы­лығының осы саласы үшін тех­никалық және кәсіптік, жоға­ры білімі бар кадрлар даярлауды жолға қою маңызды.

Nur Otan фракциясының мү­шесі К.Мұсырманның ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаевқа жолдаған депутаттық сауалы да ауылға қатысты болды. Оның байламынша, Елбасы ұсын­ған «Туған жер» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларын және басқа мемлекеттік бағдарлама­ларды мемлекеттік телеарналарда насихаттау жеткілікті деп айту қиын. «Мысалы, «Хабар» телеар­насында ауылды көркейтуге және ауыл шаруашылығын өркендету­ге арналған бірде-бір тақырып­тық бағдарлама жоқ», – деді К.Мұсырман.

Ол министрге мемлекеттік ақпараттық тапсырысы аясында «Қазақстан» және «Хабар» телеар­наларында, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орын­дайтын өңірлік телеарналарда ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс күші артық өңірлердің тұрғын­дарын жұмыс күші тапшы өңір­лерге қоныс аударту, тұрғындарды әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық сақтау рефор­ма­лары сияқты өзекті мәселелер бойынша орталық және жергі­лікті билік органдар, салалық ведом­стволар басшылары мен жауапты қызметкерлерінің қатысуымен интерактивті бағ­дарламаларды жүйелі ұйымдас­тыруды ұсынды.