Тауық етін қашанғы місе тұтамыз?
Тауық етін қашанғы місе тұтамыз?
305
оқылды

«Заманына қарай адамы» демекші, ет атаулыны аузына алмайтын вегетариандар, тек құс етін місе тұтатындар қатары көбейіп келеді. Бұл етсіз тамақты асқазаны онша қабылдай бермейтіндердің шынымен азайғаны ма, әлде қалта көтермегендіктің салдары ма? Сарапшылар мұны адамдарда қимыл-қозғалыстың аздығына байланысты деп те топшылайды. Қайсысы шындыққа жанасады? Бұл арнайы мамандардың еншісіндегі мәселе. Ал біз елдегі ет өндірісі жайына аз-кем сараптама жасап көргенді жөн санадық.

Байқап қарасақ, қазіргі таңда күн­де­лікті дастарқан мәзірінде сиыр етін тұтынушылардың қатары көп. Бұл ел арасында қой етін асқазанның қорытуы қиын деген түсініктің қалыптасуы мен жылқы еті бағасының басқаларына қарағанда қымбаттау екендігіне де байланысты болса керек. Қазақта «Сиыр еті таң ағарып атқанша, қойдың еті ертеңгі күн батқанша, жылқы еті төсек салып жатқанша» деген сөз бар. Бұл өмірлік тәжірибеден алынған мысал. Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановтан осы мақалды жиі естиміз. Жылқы етін астың төресі санаған қазақ оның тез қоры­тылып, асқазанға салмақ түсір­мей­тінін ертеден білген. Құрамында қан айналымын тежейтін холестерин­нің мүлде жоқ екенін академик те айтудай айтып келеді.

Қазіргі таңда елімізде құс етін шет мемлекеттерден тасымалдау белең алып тұр. Еліміздің тұтынуға қажетті құс етінің жартысына жуығы – импорт­тың үлесінде. Жылына 120 мың тонна америкалық тауық сирағын елге жеткі­зе­ді екенбіз. Жылдар бойы тоңа­зыт­қышта жатқан бұл өнімде қандай сапа қалды дейсіз?! Америкалық тауық сира­ғын елге тасудың артында, жасы­ра­ты­ны жоқ, әлеуметтік мәселе тұр. Өйткені ел қымбат азықтан гөрі бағасы төмен осы өнімді алуды жөн санайды. Алыстағы Америкадан сапасы төмен тауық етін тасығаннан іргелес жатқан Моңғол елінен жылқы етін жеткізген дұрыс деген де пікірлер бар. Мұны айтып отырған себебіміз – Моңғолияда жылқы етінің келісі 600 теңге шамасын­да екен. Бізде жылқы еті орташа 1600-1800 теңгеге бағаланады. Баға айырма­шы­­лығы айтарлықтай. Жылқыны малдың төресі санаған қазақтың оның етін шет мемлекеттен тасуы бір жағы­нан онша ақылға сыймайды. Дегенмен бізде жылдан жылға жайылымның азайып бара жатқаны мен барымта­шы­лар­дың бой бермей отырғаны жылқы санының азаюына бірден-бір себеп болып отыр. Қазіргі таңда елімізде алты адамға бір жылқыдан келсе, бұл көр­сет­кіш Моңғолияда бір адамға екі жыл­қы­дан тиіп тұр. Бұл елде халық саны 3 миллион болса, жайылымында 7 мил­лион жылқы тебіндеп жүр. Тебіндеп жүр демекші, жылқы өсірудің тиімділігі де сонда. Бұл түлік жыл бойы қора көрмей сыртта жайылып жүріп-ақ өсіп-өне береді. Тек сырттай бақылап қойып, ие болып отырсаң болғаны. Өз азығын өзі табады, жылы қораны қажет етпейді. Қысқа деп арнайы жем-шөп дайындаудың да қажеті жоқ. Сол себепті, ешқандай техникаға да күнің қара­майды деген сөз. Мамандар жыл­қы­­ның ірі қараға қарағанда анау-мынау ветеринар­лық ауру-сырқауға бой бере қоймайты­нын да ерекше бағалайды. Осындай ерекшелігінен болса керек, байырғы қазақтар өзге төрт түлікке қарағанда жылқы малын өсіруге аса ықыласты болған. Қыста жылқы етін жеп, жазда қой сойып алуды дағдыға айналдырған. Ал ірі қараны негізінен ағарған үшін, анығы айран-сүті мен сары майына бола керегіне қарай қолда ұстаған. Қазір керісінше көп үйдің дастар­қанында негізінен ірі қара еті орын алады.

Бір байқағанымыз, жылқы еті өні­міне, әсіресе, жая мен қазыға шетел­дік­терден сұраныс артып келеді. Бұл түсінікті де, кезінде елімізден өз тарихи Отанына оралған түрлі ұлт өкілдері қазақ дастарқанынан талай дәм татқан. Олар жая мен қазының дәмін әлі ұмыта қойған жоқ. Сол себепті, біздің елден жая мен қазыға сұраныс танытып отыр. Жылқы етін шикізат күйінде емес, не­ғұр­лым дайын өнім ретінде экспорт­қа шығарсақ, бюджет бүйірінің бұлтиюы­на айтарлықтай әсер етер еді.

Қой өсіру салтымызда бұрыннан бар. Әрине, қой өсіру жылқыға қара­ған­да қиынырақ шаруа. Өйткені оны жыл бойы жайылымда жая алмайсың. Қыс мезгілінде жылы қорада ұстауға тура келеді. Дегенмен қой етіне деген сұраныс жоғары. Иран, Қытай, Парсы шығанағы, тіпті Еуропа елдерінен де қазақстандық қой етіне сұраныс бар. Әсіресе, ирандықтар бұл жағынан алдың­­ғы орынды бермей келеді. Өз елі­­мізде 100 доллар шамасында бағала­на­тын біздің қойлар Дубайда 350 доллардан сатылады екен. Осыдан-ақ қой өсірудің қаншалықты маңызды екенін аңғару қиын емес. Қазіргі таңда әр қазақстандыққа 1 қойдан келеді екен. Былай алып қарғанда қойдың өсімі жаман емес сияқты, бірақ біз қой өсіруден де Моңғолиядан артта қалып келеміз. Бұл елде бір адамға 20 қойдан келеді. Айырмашылық айтарлықтай, бірақ ата кәсібіміз саналатын мал шаруа­шылығына ден қойсақ, бұл сала­ның көсегесін көгертуге барлық жағы­нан мүмкіндік бар.

Кейінгі жылдары түйе шаруашы­лы­ғы­ның қатары көбейіп келеді. Бұл өз кезегінде түйе санының да артуына себін тигізіп отыр. Қазіргі таңда түйе өсіру­мен негізінен Маңғыстау, Қызы­лор­да, Түркістан және Алматы облысы айна­лысады. Әйтсе де, түйенің шұба­тына қызығушылар қатары жылдан жылға артып келе жатқанымен, оның етіне құмарлар тым аз. Түйе еті күнде­лік­ті ас мәзіріне еніп үлгерген жоқ. Сол себепті, түйе өсірумен айналысатындар оның етін өткізуде қиындыққа ұшырап отыр. Мамандар түйе еті құнарлылығы жағынан сиыр етіне ұқсас келетінін айтады. Әсіресе, жас малдың еті жұмсақ әрі дәмді. Түйе еті фосфор, калий, темірге бай. Құрамында В1, В2, В9, РР, С, Е және А дәрумендері кездеседі. Түйе етінде майлы қатпарлар болмаған­дық­тан, ол диеталық тағам болып сана­ла­ды. Әнебір жылы Алматы техно­логия университеті ғалымдары түйе етінен шұ­жық жасап шығарғанын жария еткен. Әйтсе де, ол үлкен айналымға еніп кете қойған жоқ. Таяуда Алматыда түйе етінен бірнеше түрлі консерві жасайтын зауыт ашылды. Бұл өнімді әскерилер мен төтенше жағдайлар қызметкерлеріне өткізу көзделіп отыр. Несі бар, дәмді әрі алып жүруге қолай­лы, бағасы қолжетімді отандық өнім. Дәміне қарап өзге еттен еш айырма­шы­лығын байқай алмадық. Осылай әре­кет жасай берсек, түйе еті де нарық­та біраз сұранысқа ие болатын түрі бар. Әзірге түйе етін экспорттау жағы кем­шін түсіп тұр. Өйткені көптеген ел түйе етін жеп үйренбеген. Дегенмен шетел­дік сарапшылар қазақстандық түйе етінің органикалық тазалығын тілге тиек етіп отыр. Егер өз елімізде қалып­ты азық ретінде тұрақты тұтынуды жолға қойып, оның пайдасы мен тиім­ді­лігін дұрыстап насихаттай білсек, алдағы уақытта түйе етін де экспорт жасайтын күн туар.

2021 жылға дейін қабылданған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдар­ла­масында мал шаруашылығы мен ет экспортына баса назар аударылған. Белгіленген уақыт та таяп келеді. Әлі де атқарылар шаруа шаш етектен.