Сенат Төрағасы қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоғын қойды және соғыс ардагері Рзағұл Байкешевпен кездесті.
Сенат Төрағасы Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоғын қойды
873
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Жеңіс күніне орай қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоғын қойып, соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті,-деп хабарлайды Aikyn.kz. Іс-шараға еңбек және күштік құрылымдардың ардагерлері, әскери қызметшілер мен Сенат депутаттары қатысты.

«Әлия Молдағұлованың ерлігі жас буын үшін қашанда үлгі. Ол небәрі 20 жасында қаһармандығымен танылды. Біз елімізде бейбітшілік пен келісім сақталып, жерімізде ешқашан соғыс болмауы үшін жұдырықтай жұмылуымыз қажет. Осы жолда ел болып еңбек етуіміз керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, қазір елімізде Жеңіс күніне арналған іс-шаралар өтіп жатыр. Соғыс кезінде 1 миллион 200 мың қазақстандық майданға аттанды. Олардың жартысы елге оралған жоқ. 700 мыңнан астам отандасымыз тылда күндіз-түні еңбек етті. Мұның бәрі Жеңісті жақындатуға қосылған үлкен үлес екені анық. Сондықтан Отан үшін опат болғандардың ерліктерін ұмытпай, оны дәріптеу біз үшін аса маңызды»,- деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар бүгін Палата Спикері бір топ депутатпен бірге соғыс ардагері Рзағұл Байкешевті Жеңіс күнімен құттықтады. Ақсақал 1923 жылы туған. Соғыс кезінде ол Калинин облысында, Рыжов, Великий Луг қалаларындағы шайқастарға және Польша, Румыния, Венгрияны азат етуге қатысқан. Ерлігі үшін Отан соғысы орденімен, маршал Г.К.Жуков медалімен және басқа да наградалармен марапатталған.

Мәулен Әшімбаев майдангерді құттықтап, Жеңіс күні келер ұрпақтың бейбіт заманы үшін өз өмірлерін бәйгеге тігіп, етігімен су кешкен ерлердің ерлігіне көрсетілген құрмет екенін айтты. Сондай-ақ Сенат Төрағасы ардагерге ел-жұрттың ізгі тілегін жеткізді.

«Соғыс жылдарында аға буын ерен ерліктің озық үлгісін көрсетті. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан бүгін Сізді құттықтау үшін арнайы келдік. Майдангерлерге құрмет көрсету, аталарымыз бен әкелеріміздің рухына тағзым ету – біздің перзенттік парызымыз. Біздің бүгінгі бейбіт өміріміз бен тыныштығымыз, бірінші кезекте, Сіздердің ерліктеріңіздің нәтижесі. Мұның бәрі өскелең ұрпақ үшін әрдайым үлгі-өнеге болып қала береді. Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Айбын» орденінің үш дәрежесін даңқты батырларымыз – Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың атымен атау туралы заң да соны көздейді»,- деді Мәулен Әшімбаев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.