Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 79 жыл өтсе де шейіт болған жандарға қимастық сезім өшкен емес.
Соғыстан оралмаған дарынды сыбызғышы
Фото: soviet-aces-1936-53.ru
1,481
оқылды

Ертеректе үлкендермен әңгімелесіп отырғанда, «асыл азамат еді, соғыс жалмап кетті ғой» дегенді көп еститінбіз. Қарапайым отбасы үшін үйдің тірегінен айырылғаны қиын екені рас. Ал ол тұтас бір ұлт өнерінің бір бөлшегін ұстап тұрған дарынды адам болса ше? Қазір тек қиялдап қана айта аламыз. «Әттең, соғыстан аман келсе, берері көп еді ғой» деп айтудан басқа шарамыз жоқ. Сондай бір өнерпазға осы мақаланы арнамақпыз.

1934 жылы Алматыда көркемөнерпаздардың байқауы өтеді. Ахмет Жұбановтың мақсаты – ел-елден жиналған өнерпаздардың ішінен жаңадан құрылатын өнер ұжымға үміткерлерді іріктеу. Көпшілігі домбыра, біразы қобыз ұстап келсе, бір ғана адамның қолында сыбызғысы бар. Бұл – Ысқақ Уәлиев. 

Ысқақ Уәлиев 1902 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Сол аймақтың атақты Сармалай, Ерғали, Сабыр мен Уәли секілді сыбызғышылардың ізбасары.

Ахмет Жұбанов «Өскен өнер» кітабында күйшімен алғашқы рет 1934 жылы кездескенін жазады: «Сол жылғы байқауда оны алғаш рет көрдім. Сахнаға сұңғақ бойлы, бұйра шашты қара торы жігіт шықты. Көзі нұрлы, қимылы ширақ. Жазғы ақ бешпент киген. Қолында ағаштан жасалған сыбызғы бар».

Кейін Ахмет Қуанұлы Ысқақ сыбызғымен күй тартқанда тыңдарманның бәрі таңғалып, үніне елжіреп кеткенін жазады. Осылайша, сыбызғышыны Алматыға алып қалып, оркестр құрамына алады.

«Домбыраны жақсы тартатын Ысқақ оркестр репертуарын тез игеріп кетті. Қажет бола қалған сәттерде сахнаға оркестр солисі ретінде шығып жүрді», – деп жазады Ахмет Жұбанов. Сонымен қатар күйшімен жұмыс істеу қиынға соқпағанын ерекше атап өтеді. 1935-1936 жылдары Қазақстанның батыс өңірлеріне және Қырғызстанға сапар шегіп, өнер көрсетеді. Ал 1938 жылы Ленинградқа барып, «Амангелді» фильміне қатысқан екен.

Осы мақаланы жазу барысында «Амангелді» фильмінің әуелгі нұсқасын толық көріп шықтық. Біздіңше, кейбір эпизодтық рөлдердегі актерлер Ысқақ Уәлиевке ұқсайды. Бірақ нақты сенім болмағандықтан, бұл мақаламызда арнайы тоқталмадық. Фильмде «Сарыарқа», «Балбырауын» секілді бірнеше күй тартылады. Күйлерді сол кезде енді ғана құрылып жатқан Жұбановтың оркестрі орындағаны анық. Сол құрамда Ысқақтың болғаны даусыз.

 

1939 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық өнер байқауы өтеді. Сол байқауда Дина күйші жүлделі болса, Ысқақ Уәлиев мақтау грамотасымен марапатталған екен.

1942 жылы Ысқақ соғысқа аттанады. Мерген (снайпер) атанып, отты майдан ортасына түседі. Сол кездегі «За Родину» газеті Ысқақтың әйелі Дәмешке арнайы хат жолдап, жолдасының ерлігі жайлы баяндап отырған екен. Мысалы, Вязка ауылы маңында соғыса жүріп, сәуір айында 14 жаудың көзін жойған Ысқаққа «Ерлігі үшін» медалін табыстапты. Ал сол жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған мақалада Ахмет Жұбанов жауынгер екі мәрте «Қызық жұлдыз» медаліне ұсынылғаны туралы жазған.

 

Ысқақ Уәлиевтің соғыс жорығын қарап шықпақ болып, pamyat-naroda.ru сайтын көрдік. Нәтижесінде, өнерпаз жауынгердің жолы Алматыдан басталып, Калуга облысына барады. Кейін Смоленск, Мәскеу, Псков облыстарында соғысқан екен. Бұл екі жылға жуық уақыт ішіндегі жүріп өткен жолы. Осы уақыт ішінде снайпер Уәлиев 227 жаудың көзін жойыпты.

1944 жылы 16 наурыз күні жараланады. Бұл жайында нақты құжат таптық. 

«№130. Ысқақ Уәлиев (Валиев Искак). Екі жерінен оқ тиген. 94 гвардиялы атқыштар полкы. Гвардия старшинасы. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Снайперлер бөлімшесінің командирі. 1902 жылы туған. Партияда. Алматыдан шақырылған. 16.03.1944 жылы сағат 10.00 жараланып түскен. Ішіне оқ тиген. 17.03.1944 жылы сағат 07.30 қайтыс болды.  Калининград облысы Идриц ауданы Рахново деревнясынан 1 шақырым жердегі бауырластар зиратында жерленген. Алматыдағы әйелі Уәлиева Дәнешке хабарлау керек. 17.03.1944 күні толтырылған».

Кейін құжаттарға сәйкес, 1955 жылы қайта жерлеген екен. Алғашқы жерден 60 шақырымдай жерге апарып, «Жеглово» деревнясына қайта жерлепті. Тізімді қарап отырып, Ысқақпен бірге біраз қазақ жігіттерінің де сүйегі сол жерде қалғанын байқаймыз. Мысалы, Бөлекбаев Жанаяқ (Булебаев Джанаяк), Ғабидуллин Ғаният (Габидуллин Ганият), Саматов Тұрдыхан (Саматов Турдыхан) секілді боздақтар Жеглово деревнясындағы №7 бауырластар зиратында жатыр.

Жалпы саны 243 жауынгер  бауырластар зиратынан соңғы мекенін тапқан.

Бұл  РФ Псков облысы Себежский ауданы Жеглово деревнясындағы бауырластар зиратының жалпы көрінісі.

Бұған дейін Елін қорғаған батырларға арналған күйлер туралы жазған болатынбыз. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.