Мемлекет басшысының пікірінше, ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру, өнеркәсіптік кооперацияны ілгерілету және қызметтердің ортақ нарығын қалыптастыру арқылы жоғары деңгейдегі өзара интеграциялық ықпалдастық нығая түседі.
Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
424
оқылды

Президент Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) мерейтойлық саммитіне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Ресей тарапына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді Ресей Федерациясының Президенті лауазымына ресми түрде кірісуімен құттықтады. Қазақстан Президенті осыдан он жыл бұрын Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи шартқа қол қойылғанына назар аударды. 

– Салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде біздің Одақ халықаралық кеңістікте өзіндік орны бар маңызды әрі перспективті интеграциялық бірлестікке айналды. Ортақ күш-жігердің арқасында мыңнан астам түрлі нормативтік құжат қабылданды. Онжылдықтың макроэкономикалық қорытындысы бірлестігіміздің таңдаған даму бағыты дұрыс екенін көрсетті. Қазақстанның одаққа мүше елдермен сауда айналымы 1,7 есе артып, 28,5 миллиард долларға жетті. Ал экспорты 2 еседен астам өсті. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастық Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына ықпал етеді. Тек өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің жалпы ішкі өнімі 5,1 пайызға артты. Біз мұны жақсы нәтиже деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының пікірінше, ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру, өнеркәсіптік кооперацияны ілгерілету және қызметтердің ортақ нарығын қалыптастыру арқылы жоғары деңгейдегі өзара интеграциялық ықпалдастық нығая түседі. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында одан әрі орнықты даму үшін бірлестік неғұрлым икемді және тиімді болуға тиіс деп санайды. Сондай-ақ Президент Дүниежүзілік банктің есебін мысалға келтіріп, қазіргі онжылдықтың бірінші жартысындағы әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны соңғы 30 жылдағы ең төменгі көрсеткіш болуы мүмкін екенін айтты. 

– Егер халықаралық қауымдастық пәрменді шаралар қабылдамаса, аталған кезең «мүмкіндікті мүлт жіберген онжылдық» ретінде тарихқа енуі ықтимал. Бұл жаһандық экономиканың ажырамас бөлігі саналатын Еуразиялық экономикалық одақ үшін де зор сын-қатер болары сөзсіз. Біз барлық резервті пайдалана отырып, Одақты құру кезінде жүктелген міндеттерді шешуіміз керек. Ең алдымен, бұл жерде Экономикалық одақтың іргелі қағидатын, яғни тауарлар қозғалысының еркіндігін іске асыру туралы айтып отырмыз. Бізге шын мәнінде біртұтас әрі жүйелі жұмыс істейтін кедергісіз ішкі нарық құру қажет. Жасырын шектеулерді, «нақты жағдайға байланысты шешімдерді» және қолмен басқарудың кез келген түрін қолдану тәжірибесін толықтай жою маңызды. Бұл Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының сөзсіз басымдығы болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «сыртқы сауданы қайта құру» ісін тағы бір негізгі міндет ретінде атап өтті .

– Бірлестігіміздің жаһандық нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік мол екені анық. Еуразиялық экономикалық комиссияға Одақтың сыртқы контурдағы әлеуетін нығайту мақсатында жүйелі шешімдер әзірлеуді тапсыруды ұсынамын. Еуразиялық өнімді шетелдік нарыққа неғұрлым белсенді шығару үшін тиісті жағдай жасау қажет. Тауарды үшінші елдерге кедергісіз тасымалдау ісін қамтамасыз ету өте маңызды. Әлемдік экономиканың трансформациясы аясында Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен еркін сауда туралы келісімдер желісін кеңейтудің мәні зор. Бұл экспорттаушыларымыздың жаңа нарықтарға шығуын барынша жеңілдетуге, оларды өңірлік және жаһандық өндірістік тізбектерге қосуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, Қазақстан Моңғолиямен уақытша сауда келісімін жасау жөніндегі келіссөздерді бастау туралы шешімді қолдайды. Оған қоса Азия, Африка және Таяу Шығыстағы жылдам дамып келе жатқан елдермен ынтымақтастықтың перспективасы зор. 

– Әлемдік жалпы ішкі өнімнің қазіргі 60 пайыздық өсімі тек Азияға тиесілі болады деген болжамды ескерсек, Жаһандық Оңтүстікпен арадағы кооперация ерекше қызығушылық туғызады. Қазақстан сияқты Парсы шығанағының нарығына шығу үшін Экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді Халықаралық көлік дәлізін құру жөніндегі Ашхабад келісіміне қосылуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, сыртқы нарықтармен байланыстыратын орнықты көлік жүйесінің болуы ұзақмерзімді интеграцияны жолға қоюдың негізгі шарты болып қала береді 

– Бүгінде Еуразияның көлік құрылымы Еуропа мен Азия, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы тиімді сауда байланысын қамтамасыз етіп отыр. Алайда алдағы онжылдықтарда Еуразия аймағындағы инфрақұрылымның тозғаны анық сезіле бастайды әрі оны жаңарту қажеттілігі арта түседі. Сондықтан көлік және логистика инфрақұрылымдарын жаңғырту және кеңейту – маңызды мәселе. «Рельс төселген жерде жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады» деп бекер айтылмаған. Сол себепті Қазақстан 2030 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолға жөндеу жүргізіп, жаңадан 5 мың шақырымнан астам теміржол салуды жоспарлап отыр. «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы аясында Қытайдың Сиань қаласында Қазақстанның терминалы бой көтерді. «Қытай – Еуропа» бағытында контейнер арқылы тасымалданатын жүктің 40 пайызына дейін сол жерде жинақталады. Сонымен қатар Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан шекараларында және Каспий теңізінде 5 трансшекаралық көлік-логистика хабын іске қосу жоспарланып отыр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барлық аумағындағы халықаралық автомобиль өткізу пункттері жаппай жаңғыртыла бастағанын айтты Осынау кешенді инфрақұрылымдық шешімдер Еуразия күре жолдарын одан әрі бір-бірімен ұштастыруға және мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді. 

– Қазақстанның теміржол саласын дамыту ісі бірыңғай цифрлық экожүйені құру арқылы тың серпін алады. Сондай-ақ келесі жылы теміржол тасымалы саласында жасанды интеллект элементтерін пайдалануды көздеп отырмыз. Озық технологияларды қолдану тасымал тиімділігін айтарлықтай арттырып, өзіміздің және серіктестеріміздің шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл тариф саясаты мен кеден рәсімдерін үйлестіру, сондай-ақ Еуразияның бірыңғай цифрлық дәлізін құру арқылы тұтас логистика желісін қамтамасыз ету үшін керек. Нақты шара ретінде тауармен бірге жіберілетін құжаттардың бәрін QR-кодтар арқылы қашықтан тексеру және цифрлық құжаттарды өзара тану механизмін енгізуді ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.