Мюзикл Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында 9 мамыр күні, кешкі сағат 18.00-де өтеді.
«Роза Бағланова» мюзиклі: өткен күннің жаңғырығы
309
оқылды

 

Күміс көмей әнші Роза Бағланованың есімі елге етене жақын таныс. КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Халық Қаһарманының шығармашылық жолы Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде бастау алғаны белгілі. Міне, сол ансамбльмен әнші Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсетіп, сарбаздарды жігерлендіріп, рухын көтерген. Әсіресе, оның орындауындағы «Кестелі орамал», «Ах, Самара, городок» әндері ел арасында кеңінен танылды. Ол – сонау Кеңес үкіметі тұсында да, еліміздің тәуелсіздік кезеңінде де ең жоғарғы мемлекеттік марапаттарға ие болған тұлға. Мереке қарсаңында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» МАКҰ  құрамындағы Astana Musical мемлекеттік театры аты аңызға айналған әншіні еске ала отырып, соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлерге тағзым ретінде «Роза Бағланова» мюзиклін көруге шақырады. 

Мұнда әншінің балалық және жастық шағы, соғыс жылдарындағы қиын тағдыры, шығармашылыққа ден қоюы, тұлға болып қалыптасуы баяндалады. Мюзиклдің композиторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Артур Оренбургский, саунд дизайнері – Ақжол Өмірзақов. Ал қоюшы-режиссері – Astana мusical мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин.

Мюзикл алғаш 2022 жылы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай қойылған болатын. Ал былтыр театр ұжымы Оңтүстік Кореядағы Daegu International Musical Festival (DIMF) халықаралық мюзиклдер фестиваліне қатысып, «Үздік халықаралық мюзикл» және «Үздік әйел бейнесі» атағын жеңіп, бас жүлдеге ие болған.

Қойылымның көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазиннің айтуынша, қызу дайындықтың жүріп жатқанына екі жұмадан асқан. Мюзиклдің өзінде 50-ге жуық адам ойнаса, сахна сыртында оның қаншасы қойылымның сәтті өтуіне атсалысады.

Мюзикл біраз уақыт қойылмады. Арадағы үзілістің салдарынан қолайсыздықтың туындағаны да белгілі. Қыздар тұрмысқа шығып, нәрестелі болса, енді бірі сырқаттанып, труппаның құрамы өзгерді. Бұған түсіністікпен қараймыз. Оған қоса, бұл біз үшін таңсық дүние емес. Әрбір әртіс өз рөлін шебер алып шығатынына сенімдімін, – деген Есләм Нұртазин бас кейіпкердің рөлінде ойнайтын Жарқынай Ханайым жайында сөз етті. – Мысалы, Роза апамыздың бейнесін сомдаған әртісіміз Зарина Макинаның орнына осы жолы Жарқынай Ханайым ойнайды. Негізі оның алғашқы премьерасы Оңтүстік Кореядағы фестивальде өткен. Ол сол кезде қысқа уақыттың ішінде дайындалып, қойылымды жақсы алып шыққан. Қазақстандағы премьерасы енді болмақ. Мюзиклде ештеңе өзгерген жоқ, бәрі сол қалыпта. Артықшылығы – Роза апамыздың бейнесі Жарқынайдың оң жамбасына келеді. Образды шебер сомдайтынына сенемін. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар, ал оның бағасын көрермен беруі керек, – деді ол.

Жоғарыда айтқанымыздай, мюзиклдің басты рөлін, яғни Роза Тәжібайқызының образын танымал, дарынды актриса Жарқынай Ханайым сомдайды. Ол өзінің алдында ойнаған актрисаның ойынына тәнті болған. Тіпті, Заринаны осы рөл үшін туған деп ойлаған.

Бірінші құрамда әріптесім – Зарина Макина еді, оның ойнағанына сүйсінетінмін. Дауысы, бет әлпеті, дене бітімі, аяқкиімінің өлшеміне дейін Роза апамызға сайма-сай келетін. Тіпті, Зарина осы рөл үшін туған шығар деп ойладым. Ол мюзиклде ойнап, телехикаясына да түсті. Жетістігіне қатты қуандым. Бірақ бұл рөлді кейін ойнаймын деген ой мүлдем болмапты. Үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Роза апамызбен ортақ бір нәрсе бар деп ойлаған емеспін. Оның үстіне тарихи кейіпкерлерді ойнаудан бас тартатыным бар. Бірде Есләм аға басты рөлге шақырғанда «Мен және Роза Бағланова, бұл қалай?» деп өз құлағыма өзім сенбедім. «Актерлік жағын қозғамаймын, дауысының техникасын алып шығудың өзі қиын» деп қорқақтадым. Сонда Есләм аға «жоқ, сен алып шығуға міндеттісің, саған сенеміз» деп көңіліме сенім ұялатты. Әрине, іштей жүрексініп тұрмын, бірақ режиссердің сенімін ақтауға тырысамын. Әніміз бен шеберлігімізді ұштастыра отырып, әрбір көрерменнің жүрегінің түбіндегі батыл әрі батыр қызды оятып, өзімнің Розамды алып шығамын деп ойлаймын, – дейді актриса.

Оның айтуынша, мюзикл Роза апамызды басқа қырынан ашты. «Роза апамыздың қандай кейіпкер екенін жақсы білеміз. Дегенмен осы мюзикл арқылы ол кісіні басқа қырынан таныдық. Әсіресе, Роза апамыздың інісімен, оның қан майдандағы диалогы арқылы әпке мен інінің бауырмалдығы, оған деген қимастық сезімі, соған қарамастан оны соғысқа жіберуі, уайымы мен сағынышын сезіне аласыз», – деді Жарқынай Ханайым.

Негізі актриса «Рауза» сериалы, «Нотр-Дам де Пари» мюзиклі, №13 комедиясындағы рөлдері арқылы танылған жан. Өз рөліне атүсті қарамайтын Жарқынай Роза апамыз жайында бүкіл деректі ақтарып, ой елегінен өткізіп, образды тануға тырысқанын айтты.

Кез келген әртіс өзі сомдайтын рөлдегі кейіпкерін жан-жақты зерттеп, оның болмысын тануға тырысатыны анық. Соның арқасында көрмеген киномды көріп, біраз дерекке қанықтым. Роза апамыздың майданға баруының өзінде қандай батылдық, жігер керек. Алла сақтасын, бірақ осындай қадам жасауға менің батылым жетер ме екен, білмедім. Алайда соғысқа деген көзқарасым толықтай өзгерді. Соғыстың қаншалықты жаман екенін, оның салдарын білеміз. Мысалы, карантиннің өзі бізге ауыр тиді. Сол кезде еліміз тыныш, жұртымыз аман болғанын тіледім. Елдегі су тасқыны да бізге оңай тиіп жатқан жоқ. Сондықтан қандай да соғысқа біз, яғни өнер қауымы қарсымыз. Бұрын ол кісінің талант ретінде ғана білсем, қазір елі мен жері үшін жаны ашитын жанашырлығы, қорықпай бетке айтатын шыншылдығы, жүз сарбаздың патриоттығына татитын отансүйгіштігіне тәнті етті. Ол оның сөзінен, көзқарасынан, энергиясынан сезіледі. Апамыздың рөлін ойнаған соң «сол кісінің жолын берсін» деген сөздерді естіп, іштей мойныма үлкен жүк артылғандай сезілді.  Енді іштегі Жарқынай да, өмірге деген көзқарасым да өзгерді, – дейді Жарқынай Ханайым.

Бүгінде аты аңызға айналған әнші Роза Бағланованың құнды мұрасын тарих бетінен жоғалтпай, көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа насихаттау – баршамыздың міндетіміз. Жүз минутқа созылатын мюзикл көрерменге соғыс жылдарындағы атмосфераны жеткізе отырып, режиссердің музыкалық әрі хореографиялық шешімін үйлестіріп, әрбір көрерменді бей-жай қалдырмайтыны анық.