Мереке күндеріне орай елордада 50-ден астам түрлі іс-шара өткізілмек.
Астанада 7 және 9 мамыр мерекелеріне орай қандай іс-шаралар өтеді?
1,174
оқылды

Астанада 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелеріне орай 50-ден астам түрлі іс-шара жоспарланып отыр. Олардың арасында түрлі концерттер, ғылыми конференциялар, мектептерде тәрбие сағаттары, қойылымдар, т.б. жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап. 

7, 8, 9 мамыр күндері адамдар көп шоғырланатын орындарда волонтерлер тарапынан блиц-сауалнама жүргізіліп, қоғамдық орындарда «Жеңіс лентасы» таратылады.

7 мамыр күні сағат 16:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда Қазақстан Республикасының күш құрылымдарының шығармашылық ұжымдарының, эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Отан деп соққан жүректер» атты концерттік бағдарлама жоспарланып отыр. Осы күні сағат 16:00-де Отан Қорғаушылар күніне байланысты Орталық Арбатта концерт ұйымдастырылады және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери патриоттық оркестрімен салтанатты марш өткізеді.

М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында 7 мамыр күні  сағат 18:00-де «Әлия» қойылымы өтеді.

Сонымен қатар 7 мамыр сағат 10:00-де «Ботаникалық саябақта» йогадан шеберлік сағаты ұйымдастырылады.

Қуыршақтар театрында 7, 9 мамыр күндері сағат 12:00 және 16:00-де «Әкемнің хаты» ертегісінің қойылымы, ал 9 мамыр сағат 18:00-де Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Тыныштық күзетшісі» спектаклі жоспарланып отыр.

Қызмет көрсету және туризм колледжінде 8 мамыр күні сағат 11:00-де Ұлы Отан соғысына арналған дәріс, ал Тарихи-мәдени мұра ескерткіштері мен нысандарын сақтауды қамтамасыз ету орталығында 10 мамыр күні сағат 10:00-де «Елордадағы қазақ халқының даңқты қыздарына арналған ескерткіштер» дәрісі өтеді.

Паралимпиадалық жаттығу орталығында 9 мамыр күні сағат 15:00-де Астана қаласының отырып ойнайтын волейболдан ашық турнирі, ал 11 мамырда Астана қаласының үстел теннисінен ашық қалалық турнирі (интеллект), 10-12 мамыр күні сағат 9:00-де қыздар арасында волейболдан ашық турнир және мүмкіндігі шектеулі жандар (есту, көру) арасында дойбыдан қаланың ашық чемпионаты, «Толқын» спорт кешенінде байдарка мен каноэ есуден Жеңіс күніне арналған «Көңілді старттар» біріншілігі, 15 мамыр күні Ботаникалық бақта Есіл ауданының мектеп оқушылары арасында жеңіл атлетикалық эстафета өтеді.

Ал Тарихи-мәдени мұра ескерткіштері мен объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету орталығында 8 мамырдан 13 мамырға дейін сағат 10:00-18:00 арасында «Отан үшін от кешкендер» көрмесі ұйымдастырылады.

9 мамыр күні Бауыржан Момышұлының, Рақымжан Қошқарбаевтың, Талғат Бигелдиновтің, Мәншүк Мәметованың, Әлия Молдағұлованың, Иван Панфиловтың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, батырлардың ерлігі еске алынады. Сол сияқты Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған монументалды кешенге де гүл шоқтары қойылады. Сонымен қатар сағат 18:00-де «Нұрлы жол» бульварында жергілікті тұрғындарға арналып караоке ұйымдастырылады.

10 мамыр күні сағат 12:00-де Балалар сурет мектебінде Халық Қаһармандары С.Нұрмағанбетов пен Р.Қошқарбаевтың ерлігіне арналған «Жеңіс жолдары» сурет көрмесі өтеді.

Мерекеге орай, 10 мамыр күні сағат 10:00-да Сарыарқа ауданының колледж студенттері арасында әскери-патриоттық ойындары өтеді.

22-24 мамыр күндері Теміржолшылар елді мекенінде Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған «Айбын-2024» әскери-патриоттық жиыны өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, Жеңістің 79 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, әскери іс-қимылдарына қатысушыларға, Астанада тұратын тыл еңбеккерлеріне біржолғы төлем аударылады.

Сондай-ақ «Қайырымдылық істер марафоны» акциясы аясында ардагерлерге азық-түлік себеттері беріледі, аулалары қоқыстардан тазартылады және т.б. жұмыстар ұйымдастырылады.