Астанадағы Мемлекеттік әскери-тарихи музейде Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған экспозиция бар. Бұл алаңның төріне ардагердің Қорғаныс министрі болған уақыттағы кабинетінің көшірмесі қойылған.
Халық жүрегіндегі қаһарман
316
оқылды

Шерулік әскери формасын киген армия генералының гиперреалистік мүсіні төрдегі жұмыс үстелінен көрмеге қойылған өзі турасындағы құнды жәдігерлерге һәм жүріп өткен өмір жолына көз тастап отырғандай. Ал бұл көмбе жыл сайын қуанышпен толығып жатыр. Биыл да кенде емес: Кеңес Одағының батыры Сағадат Қожахметұлының 100 жылдық мерейтойы және соның қарсаңындағы сүйінші жаңалық – «Айбын» орденінің І дәрежесіне тарихи тұлғамыздың есімі берілді.

Екінші дүниежүзілік соғыс жыл­­­дарында бар-жоғы жиырма жасында Кеңес Одағының батыры атанған, тәуелсіз еліміздің Халық қаһарманы әрі тұңғыш Қорғаныс министрі, «Армия генералы» дейтін жоғарғы әскери шенге ие болған Сағадат Нұрмағамбетов – ұлт мақтанышы, оның есімі қашанда ұлықтауға лайық, ал ерлікке толы ұлағатты өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі.

Сағадат Қожахметұлы 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында (бұрынғы Алексеев ауданы) өмірге келген. 1942 жылы мектептен Қы­­­зыл Армия қатарына шақырылып, Түркі­­­мен­­­станның Кушка қаласындағы әскери училищеге жіберілді. 1943 жылдың сәуір айында майданға аттанды. Осыдан кейінгі екі жыл бойы пулемет взводының, пуле­мет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі лауазымында жауға қарсы шайқасты.

1945 жылы 27 ақпанда Польша же­­рінде жау қорғанысын бұзып өту ке­­зіндегі жауынгерлік тапсырманы ержү­­­ректілікпен орындап, көрсеткен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры ата­ғы берілді. Осыдан соң майор Сағадат Нұрма­­­­ғамбетовтің батальоны рейхскан­целярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысып, қаһарман қазақ ұланы соғысты Берлинде аяқтады. Ол 1946-1949 жылдар аралығында Мәс­­кеудегі М.Фрунзе атын­­­дағы Әскери ака­­демияны тәмамдап, Орта Азиядағы Түр­­кістан әскери округіне полк басқаруға жіберілді. Содан соң әр­­­түрлі штабтық, ко­мандалық лауа­­зым­­­дарда, оның ішінде Қазақ ССР Азаматтық қорғаныс шта­­­бының бастығы, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынба­­­сары, Оңтүстік топ әскерлері қолбасшы­­сының бірінші орынбасары (Венгрия) қызметін атқарды. КСРО Қа­­рулы Күш­­­тері Бас штабының ака­­­демия­­сындағы курстарда оқыды.

Жауынгер жолы һәм «Батырлар жыры»

Сағадат атамыздың жарық дүниеге келуіне бір ай қалғанда әкесі Қожахмет дүние салады. Жеті жасында анасы Айса қайтыс болады. Тағдыр тауқыметін ерте жастан тартып өскен Халық қаһарманы ағасы Сағит пен жеңгесі Күлтайдың тәр­биесінде болады. Ол жеті жасына дейін шешесі Айсадан, кейін Әлжан есімді ауыл қариясынан қазақтың ауыз әдебиетінің жауһарларына қанығып өседі және онда­ғы батырлардың ерлігін қиын-қыстау ке­­­зеңдерде көңіліне медеу қылған. 

Өз естелігінде атамыз: «Біздің Қосым ауылының қазақтары ескі өлең, жырды, ертегі, аңызды көп айтушы еді. Со­­­лар­­дың аузынан мен алғашқыда өз анамнан естіген ертегі, аңыз, дастанды одан әрі де құлағыма құя бердім. «Мың бір түн», «Тотының тоғыз тарауы» деп аталатын ертегілердің әлденешеуін естідім. Ауы­лымызда Әлжан есімді қарт бар. Осы қарт тарланнан да бала кү­­­німізде ел тарихының талай-талай әңгімелерін ұғындық. Арыда өткен Қобыланды, Ер Тарғын, Ерсайын ғана емес, Әлжан қарт­­­­­тан ауыл балалары өзгедей, бе­­рі­­­ректегі батырлар жайын да көп тың­­да­­­дық. Осы маңдағы ел мен жерді жат жерлік жаудан қорғаған Ерсары, Ерқо­­сай, Баян есімді ерлердің өмірі мен ісін де бізге өлеңмен жеткізген – Әлжан аға. Солардың қай-қайсысы да жеңіл­­мейді, жекпе-жек ұрыста жауынан үстем шы­­ғып отырады. Ал енді олардан кейінгі кезде шыққан батырлар Есетті, Сы­­­рым­­­ды, Ағыбайды және басқаларын алсақ, бұлар жеті-сегіз жыл соғысқаннан кейін ылғи да жеңіліп қала береді, өздері де, әскерлері де қан жоса болып жатады. Оқиғаның бұлай біткенін біз, балалар, жаратпай, іштей ызаға батып отырамыз. 

– Бұлар неге жеңіле береді, анау Ерсары, Ер Баяндай неге болмаған? – деп сұраймыз. Әңгімеші ағамыз мұндай сұрақты күле отырып тыңдайды, содан кейін өзінше топшылап жауап береді. 

– Е, қарақтарым-ай, – дейді ол, – бұлардың кезінде мылтық, оқ шығып кетті ғой, құмалақтай қорғасыннан батыр да, бала да өліп жатады. Ақ найзаның, қисық қылыштың заманы өтті, енді алыстан келген бір құмалақ құртады да кетеді, «Батырдың өлімі – баладан» деген мәтел міне осы кезде щыққан. Мылтық пен оқ-дәрі, өзгедей де алыстан атылатын қару-жарақ қай жақта көп болса, өктемдік енді сол жақта.

Мен ішімнен: «Шіркін-ай, сондай мылтық пен оқ-дәрі менің қолымда болса ғой!..» деген арманға берілемін. Жалпы, «винтовка», «пулемет», «зеңбірек» деген қарулардың есімін тұңғыш рет сол кісінің аузынан естісем керек», – деп жазады. 

Халық қаһарманы соғыста жүрген кезінде де Әлжан ағасынан бала күнінде көп естіген ауыз әдебиетінің кейіпкерлерін жиі есіне алатын болған. Өз естеліктерінде ол соғысып жүргенде адам ажал туралы көп ойламауға тырысатынын айта оты­­­рып, сондай сәтте «Батырлар жырын­­­да­­ғы» ержүректердің қайтпас қайсарлы­ғын есіне алатыны туралы жазады: «Ерсайын батыр туралы қиссада жатжерлік жаумен най­­­заласқанда Ерсайынның бір өзі жүз жауды, мың жауды, тіпті одан көп жауды қырады. Сол бір аңызда Ерсайынның өзі де бірнеше рет өліп, бірнеше рет бірде анасының, бірде әйелінің зарлап ақ тілек айтуымен тіріліп кетіп отырады. Тегінде мен кішкене күнімде өз шешемнен естіген ертегілердің батырлары да өліп қалып, қайта тіріле беруші еді».

Сағадат Нұрмағамбетов соғыс уақы­­­тында қай бағытқа қоныс аударса да, Әл­­­жан қарт орайын тауып хат жолдап отырған. Сондай үшбу хаттарында қария майдан шебіндегі батырды жігерлендіру үшін жыр-қис­салардан үзінді жазып жіберетін болған. 

«Бірде соғыстың қауіпті бір кезеңінде, жау найзасынан денесі шұрқ-шұрқ болған Ерсайын бойынан шама кетіп, аз уақыт атының жалын құшақтап тыныстайтыны бар. Сонда оның қасына қара ат мінген, қара киімді, аузынан от шашқан, шашқан отының бір ұшқыны тисе, маңын­да­­­ғыларды өртеп, жұтып қоятын бір алып жетеді. Ерсайын жалма-жан оған найза кезене бастайды, сонда әлгі алып: – Көзіңді аш, есіңді жи, Ерсайын, өзгені жеңсең де мені жеңе алмайсың, мен Ажалмын! – депті. Ерсайын кезене берген найзасын қайта алып, е, Ажалдың өзі сен болсаң, саған не қарсылық бар, өз біл­­­геніңді істей бер! – депті. Сонда Ажал: – Е, батыр, аз тыныстап ал да, соғысыңды жүргізе бер, мен сені бұл жолы алмай-ақ қойдым. Соғыс үстінде өзімнің таңдап-таңдап алатындарым бар, ол тізімде, әзір сен жоқсың, – деген екен. Сонда сен, Ажал, кімді аласың, анау менімен алысып, жеңгізбей жүрген жетпіс жебелі, қырық қылышты, алпыс найзалы жау басшысын алсаңшы! – деген екен батыр. Ажал: «Сенің жауың болғанымен, ол да ба­­тыр», – дейді. 

Сондағы толғау былай болып келетін:

«Батырды емес, қорқақты аламын, 

Найзагерді емес, шорқақты аламын.

Басқаны емес, басын сауғалар 

Дөңес қарын томпақты аламын!...»

Ажалдың осындай толғауы қиссада ұзақ болушы еді, Әлжан ағам соның бәрін емес, осы бір төрт жолдық шумағын ғана көшіріп, хатымен бірге жіберіпті», – деп есіне алған Сағадат атамыз. 

Соғыс алаңында әскери жолдас­­­тарының қазасы жанына батқанда да: «Ер­­­сайын батырға кездесетін соншалықты ақылды ажал бізге қарасын да көрсеткен жоқ, ұрыс сайын талай-талай ер-азаматтар қаза болып жатты» деп налитын естелігі бар. 

Кавказ жерінен Берлинге дейінгі жасалған жауынгерлік жолын, жорықты шерулерін баяндаған естеліктерінде Сағадат атамыз ұдайы батырлар жырының үзіктерімен параллель жасаған. Берлиннің қарсыласып баққан кезінің өзін Халық қаһарманы: «Қанша соққыласақ та, дәл бір анау менің Әлжан ағам айтатын ертегідегі жеті басты жалмауыздай бітер пәле емес. Ақыры, әйтеуір, 1 майда әр үйдің подвалынан ақ жалаулар көрінді, берілдік, өлтірмеңдер, соқпаңдар деген­­­дегісі», – деп сипаттайды. 

Сағадат атамыз тағы бір естелігінде: «Менің жақын ағайым баяғы Әлжан шал бір жолы ауылға барғанымда менің бас аяғыма көз жібере отырып: «Е, қалқам, Сағадат-ай, баяғы, өзіміз әңгіме ететін жандаралдың өзі болыпсың ғой!» – деп күлгені есімде. Әлжан ағам бала күнімізде талай-талай бізге әңгіме, аңыз, ертегі айтып бергенінде «генерал» дегенді тұң­­­ғыш рет сол кісінің аузынан естігенім бар. Генерал атаулы бұрын, патша за­­­манында қазақ даласына келгенде қаһар төгіп, айбат шегіп, бағынбаған елді қырып, жойып келеді екен. Сол себепті қазақ бұл атаудың аудармасы жақсы тауып: «Жандарал» атап кеткен. 

– Жандарал келді Омбыдан губернатор,

Жан-жаққа әскер қойып, тіккен шатыр.

Жандарал, жандарымы майға бөгіп,

Қазақтың малын, жанын алып жатыр...

Жаяу Мұса айтыпты десетін осы өлеңді де мен Әлжан ағаның аузынан естігенмін. «Сағадат қалқам-ай!» деп күл­­­генде Әлжан шалдың есіне сол әңгімелер түсіп отыр, әрине», – деп жазады. 

Ал ардагер бабамыз Әлжан ағасы айтқан генерал ғана болған жоқ, ол өзі бойтұмар қылған батырлардың ерлігін қайталады, халқының жүрегінен орын алған қаһарманға айналды. 

Өскелең ұрпақ тарихи бағасын береді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістандағы Ұлттық құрылтайда «Айбын» орденінің үш дәрежесіне қазақтың үш батырының есімін беруді ұсынды және Парламент депутаттары бұған қатысты заңға өзгерістерді ма­құлдады. Осылайша, «Айбын» орденінің I дәрежесіне Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді. 

Кеңес Одағының батыры 1989 жылдан бастап Қазақ ССР Соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіндегі Ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектері істері коми­­­теті төрағасы қызметтерін атқар­­ған. 1991 жылы Қазақстан Республикасы Пре­­­зи­­­дентінің Жарлығымен Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы 7 мамырда республика Қор­­ғаныс министрі болып тағайындалды. 1994 жылғы 23 ма­мырда Мемлекет бас­­шысының Жарлы­ғымен Сағадат Қожах­метұлы Нұр­мағам­бетовке Халық Қаһар­­маны атағы мен № 1 «Алтын жұлдыз» табыс етілді. 1995 жылғы қарашада армия гене­­ралы атағымен отставкаға шығып, ел Прези­дентінің кеңесшісі болды, 1971-1994 жыл­дары республика Жоғарғы Кеңе­­­сіне бірнеше мәрте депутат болып сайланды. 

Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі бе­­­рілген бірінші дәрежелі «Айбын» ор­денімен тек қолбасшылар марапат­­талады. Генералдан жоғары дәрежесі бар әскери лауазым иелері алады. Яғни, І дәрежелі «Айбын» ордені әскери үлкен қол­басшы­­­лық лауазымдағы әскерилерге беріледі.

«Бұл жақсы үрдіс, тамаша бастама деп есептеймін. Сағадат Нұрмағамбетов атамыз тегін адам емес, ол еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі болды, ел боламыз ба, жоқ деп тұрған нағыз сын сағатта әскер жасақтады. 1991-1992 жыл­­­дары Кеңес Одағы құлдырап, сарбаз түгілі халықтың өзі абыр-сабыр, ертеңін баға­­­м­дай алмай жатқан аласапыран за­­­манда мемлекеттің негізін қалаушы бірден-бір фактор әскер болды десек, соған ұтымды басшылық еткен тұлға – Сағадат Нұрма­­­ғамбетов. Оның тарихи рөлі зор. Мұның маңызын біз Сағадат атамызбен замандас болған соң, аса түсіне қоймай жатқан шығармыз. Ал өскелең ұрпақ, бүгіннің немере-шөберелері бұл кісіге әлі де үлкен тарихи баға береді. Менің пайымдауымша, болашақта біздің басқа да тарихи тұлға­­­ларымыздың құр­­­­метіне басқа да ордендер пайда болуы мүмкін. Мәселен, орта ға­­­сырдағы хандар мен батырлардың ұлықтау ниетімен Абылай хан, Жәңгір хан немесе Қабанбай, Бөгенбай, Исатай, Махамбет, Сырым Датұлы атындағы марапаттарды неге жасамасқа? Заң, сот саласындағы еңбегі еленген үздіктерді Төле, Қазыбек, Әйтеке би атындағы орденмен құт­­тықтасақ, қандай жақсы?! Ойланатын мәселе, өйткені бұл – бабаларға тағзым әрі ұлттық рухты асқақтатады. Кез келген орденнің халқымызға жақын тұлғаның есімімен аталуы оның тарихи, рухани және саяси салмағын арттыратыны сөзсіз. «Айбын» орденінің екінші және үшінші дәреже­­­леріне Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаевтың есімдері бе­­­рілді. Бұлар да лайықты марапат, орта­­­ша әскери құрамға, лейтенант, сержант және басқа да сарбаздарға табысталады», – дейді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» пар­­­тиясы фракциясының мүшесі Самат Нұртаза. 

Шын мәнінде, егемен ел болған және Қарулы Күштеріміздің алғаш іргетасы қаланған жылдары қиыншылық көп болды. Әскерді, әскери-техникалық базаны түген­­­деу, қайта құру әрі тиімді жұмыс істеуін қамта­­­масыз ету жолында көптеген кедергілерге болды.

«КСРО тарағаннан кейін тәуелсіз­­­дік­­тің алғашқы жылдарында армия құру ісінде әскерімізде полк басқаратын бір қазақ болмады. Қазақ таппай, қиналған кездер болды. Сол уақытта армияны қалай да ұстау керек еді. Кеңес Одағынан қыруар соғыс әскери техникалары мұраға қалды. Осындай қым-қуыт кезеңде солар «ұс­тағанның қолында, тістегеннің аузында» талан-таражға түсе ме деп қауіптендік. Өйткені олар бір орталыққа бағынып, қызмет еткен әске­­­рилердің көпшілігі өз еліне кете бастады. Шамасы келгендері мол дүниеден бірдеңе іліп кеткісі келді. 

1991 жылы Қорғаныс комитетінің тө­­­рағасы болатынмын. Қарулы Күшіміз әлі құрылмаған. Сол кезде осы кадр мәселесі төңірегінде ойлана бастадық. ...жаңадан құрылғалы тұрған Қарулы Күшімізге қа­жетті мамандарды қайда даярлаймыз деген сұрақ туындай бастады. Сонда біз қайттік, Ресейдің Генералдық штабымен респуб­­ликаға кадр дайындау жөнінде шарт жа­састық. Ресей әуелі келісім бере қойған жоқ, біз түгілі Украина мен Бело­­­руссияны да жолатпады. Не керек, түбінде келісімге келіп, жыл сайын 40 офицерді әскери академияға, 250-300 офицерді әскери учи­­лищеге оқуға қабылдайтын болды. Еге­­­мендіктің алғашқы жылда­­­рында біздің әскери училищеге сол кездегі подпол­­­ковник А.Тасболатовты бастық етіп та­ғайындадым. Оған: «Жігіттерді өсіресің және көбіне қазақтың баласын аласың», – деп міндет жүктедім. Осының барлығы кадр даярлау мәселесі төңірегінде атқарыл­­ған істер еді», – деп жазады Ха­лық қаһар­­­манының өзі. 

Сағадат Нұрмағамбетовтің биылғы 100 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтуде, республика көлемін түрлі әскери, патриоттық, тарихи, мәдени шара­­­лар атқарылып жатыр. Мемлекеттік әскери-тарихи музейі ұйымдастыру қыз­­­метінің бастығы Дәулет Қадыровтың айтуынша, Қорғаныс министрлігінің нұсқауымен бұл атаулы датаның аясында былтырдан бастап түрлі іс-шаралар қолға алынған. Ондағы мақсат – Кеңес Ода­­­ғының батыры, армия генералы Сағадат Қожахметұлының есімін ұлықтау, оның ерлікке толы өмір жолын үлгі ете отырып, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру. 

«Мәселен, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі болған Сағадат атамыздың құрметіне арналған «Халық жүрегіндегі қаһарман» атты көшпелі көрме құрдық. Онда тарихи тұлғамыздың жеке заттары, құжаттары және бүгінде дейін ешбір жер­­­де жарық көрмеген кейбір фотосу­­­реттері қойылды. Осы уақытқа дейін көмбелі мұражай Алматы, Петропавл, Шымкент, Қызылорда қалаларын аралап қайтты. Келешекте еліміздің шығыс және батыс өңірлеріне сапары жоспарланған. Мамыр айында көшпелі көрмені мем­­­лекеттік әскери-тарихи музейінен тамашалауға болады. Сондай-ақ музейімізде Сағадат Нұрмағамбетовке арналған экспозиция бар. 1992 жылдың 7 мамыры егемен елі­­­міздің тарихындағы маңызды күн, бұл күні №745 жарлықпен тәуелсіз Қазақ­­­станның Қарулы Күштері құрылды және Сағадат атамыз Қорғаныс министрі болып та­­­ғайын­­­­далды. Армия генералына арнал­­­ған алаң осы жарлықтардың көшір­­­месінен басталады. Алаңның төрінде ар­­­даргері­­­міздің мүсіні (авторы – суретші-гипе­­­реалист Айдос Есмағанбетов) отыр және оның жеке кабинетінің кішігірім үлгедегі көшірмесі қойылды. Сондай-ақ бұл бө­­­лімге Сағадат атамыздың жеке әске­­­ри киім – шерулі және қыстық киім үлгілері қо­­­йылды. Бұл жәдігерлер иығын­­­дағы па­­­гон­­­дарымен (армия генералының әске­­­ри пагонын елімізде осы музейден ғана көре аламыз) және Халық қаһарманы өзі кигені үшін өте құнды. Бұдан бөлек, Сағадат Қожахметұлының жеке ісінің түп­­­нұсқасы осында тұр. Мұнда атамыздың Кеңес әскерінен бастап, тәуелсіз Қазақ­­­стандағы қызметі мен дүниеден өткенге дейінгі өмір жолы осы құжатта көрсетілген. Ішінде өз қолымен толтырылған авто­­­биографиясы бар. Сағадат атамыздың медаль­­­­­­дарының және басқа да құнды жәдіргерлерінің түп­­нұсқалары бүгінде отба­­­сында сақтаулы. Болашақта олар музей қорын толықтырады деп сенеміз, біз қазіргі уақытта халық на­­­зарына кө­­­шірме­­­лерін ұсынып отырмыз», – дейді Дәулет Қадыров.

 

ТҮЙІН: 

Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағам­бетовтің: «Патриот деген кім? Ол – еліне қалай да пайдасын тигізуді ойлаған адам» деген сөзі бар. Ал патриотизм – ұрыс дала­­сын­­да ғана емес, бейбіт күнде де сыналатын бекзат қасиет. Батырдың да өскелең ұр­­­­­пақ­қа айтпағы осы болған шығар.

Айдана НҰРМҰХАН