Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев және бір топ сенатордың қатысуымен палатаның Жобалық кеңсесі, Maqsut Narikbayev University және Ақмола облысының әкімдігінің бірлескен іс-қимылы аясында БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі акселератор өз жұмысын бастады.
Өңірлерді дамыту маңызды
194
оқылды

Палата Спикері өз сөзінде Мемлекет басшысы орнықты даму мәселелеріне үнемі баса мән бере­ті­нін атап өтті. Бүгінде осы саладағы оң өзгерістерді көздейтін жүйелі шаралар жүзеге асырылып, жаңа жобалар әзірленіп жатыр. Соның барысында ОДМ-ға қол жеткізу бағытындағы бірлескен іс-қи­мылдың тиімді тетіктерінің бірі ретінде аксе­лера­тор өз жұмысын бастап отыр. Оның аясында жеті жобалық-зерттеу тобы 100 күн бойы сенатор-кураторлармен бірге «Мықты денсаулық және игілік», «Сапалы білім», «Лайықты еңбек және эко­номикалық өсу», «Орнықты қалалар мен елді ме­кендер» және «Бейбітшілік, әділдік және тәртіп» сияқ­ты орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жо­лында жұмыс істейді. Топтардың жұмысының нә­тижесі Ақмола облысында пилоттық жобалар ре­тінде іске асырылатынын атап өткен жөн.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, сарапшылар ко­мандасы осындай форматта жұмыс істей оты­рып, заңнаманы жетілдіру үшін әлеуеті жоғары са­ла­лар мен Орнықты даму мақсаттарына қол жет­кізу жолындағы кедергілерді анықтай алады.

«Президентіміздің тапсырмасы бойынша Пар­ламентте Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мо­ниторинг жүргізу жөніндегі комиссия құрыл­ды. Өңірлермен бірлескен іс-әрекеттің нәти­же­сінде акселератор өз жұмысын бастап отыр. Ол орнықты даму мақ­саттарын жүзеге асыру аясын­дағы жүйелі жұмысты жал­ғастырып, тиімді ше­шімдер әзірлеудің маңыз­ды тетігі болады деп се­­неміз. Алдағы уақытта біз командалардан маңыз­ды мәселелерді шешуге арналған заң жо­ба­лары бойынша тың бастамалар, сондай-ақ Ор­нықты даму мақсаттарына қол жет­кізу және өңірлерді дамыту жөнінде нақты ұсы­ныстар күте­міз», – деп Мәулен Әшімбаев осы ба­ғытта бір­ле­сіп белсенді жұмыс істеп келе жатқан сарап­­шыларға алғыс білдірді.

Айта кетейік, акселератор командаларының құрамына Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері, Талдау мектебінің түлектері, Maqsut Narikbayev University-дің ғалымдары және шақырылған сарапшылар енді.