Жемқорлыққа қарсы қызмет азық-түлік бағасын реттеу кезіндегі жемқорлық әрекеттерін ерекше бақылауға алады.
Антикор азық-түлік бағасын негізсіз көтергендерді тексеретін болады
382
оқылды

Бүгін Антикорда жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жекелеген мәселелері, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мәжіліс өтті,  деп жазады Aikyn.kz.

Агенттік төрағасы Асхат Жұмағали маусымаралық кезеңде Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұруға және тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Бұл мәселе, әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін өзекті.

Атап айтқанда, Өзбекстан мен Тәжікстаннан ауыл шаруашылығы тауарларын тікелей жеткізу мүмкіндіктері пысықталды. Тауарлар тікелей қазақстандық нарыққа делдалсыз және алып сатушыларсыз неғұрлым қолжетімді бағамен жеткізіледі.

Осыған байланысты Асхат Жұмағали аумақтық бөлімшелерге жемқорлық әрекеті мен көріністерін болдырмау мақсатында процестерге мониторинг жүргізуді тапсырды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары кез келген жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтардың, оның ішінде заңсыз пайда табуға бағытталған түрлі құқыққа қарсы схемалардың жолын кеседі.

Баға белгілеуге теріс әсер ететін жемқорлық факторларға, оның ішінде тараптардың үлестестігіне, мемлекеттік аппарат тарапынан негізсіз әкімшілік кедергілер құруға, жосықсыз қатысушылардың айла-шарғы жасауына және теріс пайдалануға ерекше назар аударылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы бұл жұмыстың маңызын атап өтіп, осы мәселелерді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.