Құрылысы қарқынды дамып жатқан Сыр өңірінде оңтайлы нәтижемен қатар, кемшілік те аз емес.
Жөнсіз құрылыс, жүйесіз жұмсалған қаржы
375
оқылды

Өңірдегі кейбір нысан­дардың құрылысы сағызша созылып, сапасының солқыл­дақ тұстары көзге ұрады.

Сексеуілдегі аурухананың сақалы «сапсиып» әлі тұр

Бұл емдеу мекемесінің құрылысы жайында 2019 жылдан бері айтылып келеді. Еститін құлақ болса, осы күнге дейін талай мәрте баспасөз беттері мен телеарналарда  құрылыс нысанының ахуалы сөз болды. Бірақ әлі күнге дейін түзелген дүние жоқ. Арал ауданы орталығынан 60 шақы­рым қашық орналасқан Сексеуіл кенті көп жылдан бері бір ауру­ханаға қол жеткізе алмай отыр. Әлі күн­ге дейін 1928 жылы салынған ескі ем­ханада емделіп жүрген тұрғылық­ты халықтың жағдайы мүшкіл болды. 

Аталмыш кентте жаңа аурухана құрылысының басталғанына да алты жылға жуықтады. Бірақ құрылыс нысаны түрлі себеппен сағызша созылып тұр. Алғашында жоспар бойынша аурухана екі жылдың ішінде салынып бітуге тиіс болатын. Алайда сәтті басталған жобаның соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Мамандар құрылыстың жар ортасына жетпей тоқтауын мердігердің жауапсыздығынан деп түсіндіреді. 

Тұрғылықты халық аурухана құ­рылысына бөлінген қаржы мақ­сатсыз жұмсалғанын айтады. Соның салдарынан емдеу мекемесін толық аяқтап, ел игілігіне беру мүмкін болмай тұр.

«Бұл емхана құрылысы 2019 жылы басталды. Содан бері жыры бітер емес. Ол уақытта Арал ауданы­ның әкімі болған Серік Сермаған­бетов құрылыс жұмысын бақылауда ұстады. Уақыт өте келе мердігер ком­панияға қатысты шу шығып, іс сотқа дейін жеткенінен хабардар болдық. Соның салдарынан құры­лыс жұмысы тоқтап қалды. 2023 жылы аурухана құрылысы басқа бір мердігерге өтті деген хабар естігенбіз. Халықтың аурухана құрылысы жанданады деген үміті қайта оян­ғандай болып еді. Бірақ ол компа­нияның жұмысы ғимараттың төбе­сіне плита төсеп, кірпіштерін түсіріп қойғаннан арыға аспады. Осылайша, жаңа ауруханаға көптің қолы жетпей отыр. Ал төрт қабырғасы тұр­ғызылған нысан жаңбыр мен қар суына мүжіліп, қыруар қаржы желге ұшып барады», – деп ашынады ауыл тұрғыны Ғабит Мырзашев. 

Көпке күмән болған құрылыс нысаны әлі күнге жетімнің күйін кешіп тұр. Тұрғылықты халық бар гәп тендер өткізуде құйтырқылықа жол берілгенін алға тартады. Бармақ басты, көз қысты әрекеттердің салдарынан, қарапайым халықты сапалы медициналық қызметке мұқтаж етіп қойды деп санайды. 

Құрылысқа тікелей жауапты Қызылорда облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқар­масына хабарласып, осы мәселе төңірегінде сұрау салған едік, бас­қар­маның жазбаша жауабында: «Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік ауылдық аурухана құрылы­сын аяқтау назардан тыс емес. Тапсырыс беруші – облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бас­қармасы. Осы күнге дейін құрылыс нысанының іргетасын қалау жұ­мысы толық аяқталды. Ал  қабыр­ғасын қалау жұмысы 90 пайызға бітсе,  төбе жабындысы 70%, ішкі сылақ әрлеу жұмысы 30%, сыртқы қоршауы 70 пайызға орындалды. Бүгінде «Интегрострой» ЖШС-мен қалдық қаржыға аурухананың құры­лыс-монтаж жұмысын бітіріп беру бойынша шарт жасалды. Құрылыс жұ­мысы жыл соңына дейін аяқта­лады», – делінген.

Көптің арманы – көгілдір отын

Сексеуілдіктерді көптен бері көгілдір отынмен қамту мәселесі де толғандырып жүр. 2022 жылы сол кездегі Арал ауданының әкімі болған Серік Сермағанбетов сексеуілдік халықты арнайы құттықтап, респуб­ли­калық және облыстық бюджет есебінен жүргізілетін жаңа құрылыс­қа сәттілік тілегені ел есінде. 

Сол кездері газдандыру жұмы­сына STROYGAZCOMPANY және AKBARYS STROY LTD ЖШС жауапты мердігер ретінде танылған. Осы арқылы Сексеуіл кентіндегі 2 300 тұрғын үй, 23 әлеуметтік және 53 кәсіпкерлік нысанға газ тартылып, 11 мыңның үстіндегі тұрғын көгілдір отынмен қамтылатыны жария бол­ған еді. Алайда кент халқы ол уәде сөз күйінде қалып қойғанын айтып, ашынады. 

Қағаз күйінде бар, іс жүзінде жоқ жобалар сексеуілдіктерді шаршатты. Ең болмағанда, қаржысы шешіліп тұрған жобалардың сағызша созы­л­уының себебін түсіне алмауда.

«Жергілікті жұртшылық газ бен аурухана құрылысын күтумен күн­дерін өткізіп келеді. Аурухана мәсе­ле­сіне келсек, шарасы таусылған ха­лық әлі күнге дейін жауын жауса тө­бесінен су тамшылайтын ескі ау­ру­ханаға қаралуға мәжбүр. Перзент­хана мәселесі атымен жоқ. Осы жайында облыстан сұрағанымызда, ауылы­мыз­­ға қала статусы берілмейінше, бұл мәселе шешілмейтінін алға тарт­ты. Бүгінде 10 мыңнан астам халқы бар Сексеуілге статус беруге қандай кедергі болып тұрғаны беймәлім. Жүкті әйелдер 60 ша­қырымдағы аудан орталығынан қатынауға мәжбүр. Ең қиыны, жолда босанып қалып жатқан жағдайлар да болып жатыр. Көгілдір отынмен қамту ісі де көзден бұлбұл ұшып барады», – деп мұңын шақты Сексеуіл кентінің тағы бір тұрғыны Айбатыр Жақсыбаев.

Сексеуілдіктер аурухана мен перзентхана мәселесі жедел шешілмесе, алдағы уақытта жолда босанған «Жолдыбай», «Жолшыбайлардың» қатары көбейетінін айтып отыр. Бұл бірінші кезекте ана мен бала өмірін үлкен қатерге тігеді.Қалай дегенде де, әзірге сөз жүзінде қалып тұрған жоба­ларды күтумен күндерін өткізіп жүр­ген сексеуілдіктердің айтар базынасы көп. Үш жыл көлемінде облыс әкімі төбе көрсетпегенін айтып, қын­жылады. Соған орай аймақ басшысы кентке арнайы келіп, қазіргі ахуалды көзбен көрсе деген тілегін жеткізіп отыр.      

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы