Алматы облысының прокуратурасы өңірдегі табиғат қорғау заңнамасының сақ­талуын үнемі назарда ұстап отырады. Дәл қазір алдан шығатын заңсыздықтар арасында қоршаған ортаға қа­тысты заң талаптарын бұзу деректері жиі кездеседі.
Жер қойнауын пайдаланудағы жөнсіздіктер
182
оқылды

Соның ішінде жер қойнауын пайдалануда жөнсіздіктер жетерлік. Мәселен, облыстың маман­дандырылған табиғат қорғау прокуратурасы заңсыз жер қойнауын пайда­лануға қатысты 15 деректі анық­тапты. Қазір ішкі істер органдары аталған заңсыз­дықтар бойынша ҚК-тің 334-бабымен (жер қойнауын өз бетінше пайдалану) 5 қыл­мыстық істі тергеуде. Осындай бұзушы­лықтар кесірінен қоршаған ортаға 4 млрд тең­геден астам шығын келтірілгені белгілі болыпты. 

Прокурорлық қадағалау барысында пайдалы қазбаларды өн­діруге лицензияларды заңсыз берудің 5 дерегі, келісімшартта қа­рас­тырылған аумақтардан тыс­қары жерлерге шығып кетудің 33 дерегі, су қорғау белдеулері ше­гінде пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі жұмыстарды жүргізудің 23 дерегі, жер қойнауын пайдалан­ғаннан кейін сол учаскелерді қайта қалпына келтіру жө­ніндегі міндеттемелерді орын­дамаудың 70 дерегінің бетін ашып, сани­тариялық-қорғау аймақ­тарының келісімінсіз және сақ­талуынсыз әрекет ететін 120-ға жуық жер қойнауын пайдалану­шыны анықтаған.

Белгілі болған заңбұзу­шы­лықтар бойынша уәкілетті ор­гандардың лауазымды тұлға­лары тәртіптік жауапкершілікке ша­қырылып, 41 адамға 4 млн тең­геден астам сомаға айыппұл түрін­дегі әкімшілік жаза тағайындалған, 7 келісімшарт бұзылып, 30-дан астам жер қойнауын пайдалану­шының жұмысы тоқтатылған. Лицензияларды қайтарып алу туралы 5 талап және жосықсыз жер қойнауын пайдаланушыларды жер қойнауын пайдаланудың зардаптарын жоюға мәжбүрлеу туралы 20 талап қойылған.

Сонымен бірге 24 жер қой­науын пайдаланушының 3 жылдан астам уақыт бойы пайдалы қаз­баларды өндіру үшін жер учаскелерін пайдалануға берілген құ­қығын іске асырмағаны анық­талды. Мұндағы мәселе кәсіпкер­лерде жер қойнауын пайдалану құқығы бар екеніне қарамастан жергілікті атқарушы орган жер пайдалану құқығын беру жөнінде шаралар қолданбағанында болған екен. Атқарушы органдағы осындай салғырттық кесірінен жер қойнауын пайдаланушылар кәсіп­керлік қызметтерін дер кезінде жүзеге асыра алмаған және соның салдарынан орынсыз шығындарға ұшыраған. Прокуратураның ұсынысы бойынша облыс әкімдігі жер комиссиясын құрды, комиссия отырысында 13 кәсіпкердің жер қойнауын пайдалану бағы­тын­дағы жұмысын нысаналы мақ­сатқа сәйкестендіру және оларға жер пайдалану құқығын беру туралы мәселе оң шешімін тапқан.

«Бұзушылықтарды анықтау және көлеңкелі жер қойнауын пайдалану деректерінің жолын кесу жөніндегі қадағалау, талдау шаралары алдағы кезде де жалғаса бермек және олардың нәтижелері бойынша жер қойнауын пай­далануға байланысты процестің барлық қатысушысының іс-әре­кеттеріне құқықтық баға берілетін болады», – дейді облыс­тық про­куратураның баспасөз қызметі.

Осыған орай өткізілген үй­лестіру кеңесінің отырысы қоры­тындысында пайдалы қазбалардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық мобильді топ құру, пайдалы қазба­ларды заңсыз өндіру деректері анықталған кезде қажетті материалдарды жинау және іс-қимыл тетігі бойынша құқық қорғау және мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін алгоритм әзір­леу, жер қойнауын пайдалану сала­сындағы уәкілетті органдар­дың бақылау функцияларын кү­шейту үшін заңнамалық актілерге өзге­ріст­ер енгізу, мемлекеттік ор­ган­дар мен жер қойнауын пайда­лану­шы­лардың анықталған бұзушылық­тар­ды жоюдың жолдарын өзара бірлесіп қарастыруы, жер қойнауы заңсыз пайдаланыл­ған орындар­дағы учаскелерді кен қазуға дайын кәсіпкерлер арасында конкурстық негізде бөлу туралы шешімдер қабылданды. 

Болат АБАҒАН, 

Алматы облысы