Сотталушыға 2 эпизод бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген айып тағылды.
Алматыда қызды пышақпен қорқытып зорлаған бар күзетшісі сотталды
Фото: zakon.kz
972
оқылды

Алмалы аудандық сотында қызды пышақпен қорқытып, зорлады деп айыпталған К-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот отырысы жабық өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сотталушыға 2 эпизод бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген айып тағылды.

«2023 жылдың 7 тамызына қараған түні, сотталушы К. қаланың көңіл көтеру орындарының бірінде күзетші болып жұмыс істей отырып, сол түні мекемеге келген жәбірленуші П-мен танысқан. Кейін соталушы жәбірленушінің сеніміне кіріп, үйіне дейін шығарып салуды ұсынған. Үйдің кіреберісіне кірген соң сотталушы бәкісін шығарып жәбірленушіні өлтірем деп қорқытып, зорлаған», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сондай-ақ сот сотталушы К-ның материалдық жағдайын жақсарту үшін тағы бір қылмыс жасауға ұмтылғанын анықтады.

«2023 жылдың 9 қарашасында таңертең сотталушы К. түнгі клубқа келіп, кірер есік алдында екі жас жігіттің жанжалын көреді. Кейін жәбірленушіге жақындап, бетінен ұрып, қалтасынан бағалы заттарын шығаруын сұрайды. Жәбірленуші ұялы телефоны мен ақшасын береді», – деп атап өтті ведомство.

Сотталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, сараптама қорытындысымен, куәлардың айғақтарымен дәлелденді.

Сот үкімімен сотталушы К. кінәлі деп танылып, оған 8 жыл 1 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.