Қазақстанның мемлекеттік мерекелер тізілімінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамы айрықша маңызға ие жалпыхалықтық атаулы күндердің бірі. Мамырдың осы мамыражай мерекесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тұтастығы мен ырыс ынтымағының символына теңеді.
Халықтың күші бірлікте екеніне тағы да куә болып отырмыз – Алтынсары Үмбетәлиев
597
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасай аламыз. Дәл сол себепті Ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының ғана емес, барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіреді. Басты миссиямыз – жасау, құру, жүзеге асыру», – деп атап өтті. 

Сөз қадірін бағалай білген қазақта «Бірлігі бар ел – бақытты ел» деген бағзыдан келе жатқан ұғым бар. «Бақыт қайда барасың? Көршімен болған бірлігі, тағат-ғибадат тірлігі, ұйымшыл елге барамын!» деген мағынасы астарлы сөз де бұрыңғылардан қалған. 

Ұлтымыздың ұлы мирасына айналған алтын арқаулы осы қағидаттар Қазақ елінің берік іргесі болып қаланған. Бабалардан өсиет боп қалған, халқымызға қасиет боп қонған береке-бірлігіміз – біздің баға жетпес байлығымызға айналған. Тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған халқымыз – құнды қазынамызға баланған.

Түркістан топырағында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы көне заманнан бері бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы болғанын атап өтті. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған қастерлі шаңырақ болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді деген сенімін білдірді.

«Ұлысымның  ұйытқысы – оңтүстік» деп қарымды қаламгер Қалтай Мұхамеджанов айтқандай, қазағы қалың, халқы қонақжай жұртымыз ежелден бекем бірлігімен, ырысты ынтымағымен танылған. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идея алғаш рет 1993 жылы Ордабасыда өткен елдік жиында жария етілгені тарихтан мәлім. Осы жылдар ішінде Ассамблея жалпыазаматтық келісім, қазақстандық патриотизм, азаматтар құқығының теңдігі, қазақ тілінің біріктіруші рөлі, мәдени әралуандықты сақтау, ұлттық жаңғыру сияқты азаматтық бірегейлікке бастайтын істердің ұйытқысына айналды.

Ассамблеяның қасиетті Түркістан топырағынан бастау алуы – тарихи сабақтастықты, ұлттық бауырмалдық болмысымызды білдіреді. Татулық тұғыры – тұрақтылық дейтін дәстүрді жалғауда партияластарымыз Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе қоғамдық қатынастардың орнықты болуына, өңірде этносаралық келісім үйлесімділігін қамтуда, азаматтар арасында толеранттылық құндылығын ілгерілетуде, бейбітшілік пен келісім саясатын жүргізуде іргелі істерді атқарып келеді. 

Партия айқындаған басымдықтарды ілгерілетуде өңірдегі 11 этномәдени бірлестіктермен, олардың аудан, қалалардағы 7 филиалы және 14 өкілдіктерімен ынтымақтастық байланыстар орнықтырған. Партия құрылымдары өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ашылған ақсақалдар кеңесімен, аналар кеңесімен, Ассамблея медиаторларымен, этностық топ өкілдерінің жастарымен белсенді қызмет арнасын түзген. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табатын болады.

Халықтың береке-бірлігі қиындықта сыналатыны белгілі. Арыс қаласында, Мақтаарал ауданында болған апаттардың салдарын еңсеруге бүкіл Қазақстан халқы жұмылып, үлесін қосты. 

Биыл еліміздің батыс өңірлерінде болып жатқан табиғи апат туралы хабарды облыс жұртшылығы зор күйзеліспен қарсы алып, қиындықта қалған ағайынға қол ұшын беруге асық болды. 

Аудан, қалаларда гуманитарлық көмек жинау бекеттері ашылып, су астында қалған аймақтарға халық жанашырлығымен жиналған көмек керуендері бірінен соң бірі жөнелтілуде. Бүгінге дейін түркістандық жұртшылық қарғын су басқан аймақтарға 800 мың тоннаға жуық азық-түлік тауарларын, керек-жарақты жөнелтті. Арнайы техникалар, ауыр жүк көліктері, экскаваторлар тиелген жүк вагондары да апатты аймақтарға жеткізілді. Халықтың күші – бірлікте екеніне тағы да куә болып отырмыз.

«Бақ бағалағанның басында тұрады» деп білетін халықтың ұрпағы ретінде ішкі бірлігімізді сақтау – бабалар алдындағы қасиетті борыш, келешек ұрпақ алдындағы зор аманат екенін ұғамыз.  Тыныш елде тоқшылық болатынын әйгілі Күлтегін бабамыз айтқан. Бабалар өсиетіне ой жүгіртіп, ынтымағымызды ыдыратпай, алдыңғы буынның бақыты үшін қажыр-қайратымызбен еңбек етеміз деген сенімдемін. Барша ағайынды берекелі, бірлікті көздің қарашығындай қорғап, татулық пен ынтымақ жолын жалғауға үлес қосуға шақырамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Алтынсары Үмбетәлиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облысы мәслихатындағы партиялық фракцияның  жетекшісі