Мемлекет басшысының 2024 жылғы 15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында берген тапсырмасын орындау және мемлекеттік награда жүйесін жетілдіру мақсатында «Айбын» орденін даңқты батырлардың есімімен атауға қатысты заңға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашылық жасаған еді. Осы аптада бастама сенатта мақұлданды.
«Айбынның» айбыны
706
оқылды

Жаңа нормаларға сәйкес «Ай­бын» орденінің түрлі дәре­же­­сіне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыр­жан Момышұлы, Ра­хым­жан Қошқарбаевтың есімін беру қарастырылған.

«Атап айтқанда, I дәрежелі «Ай­бын» орденін Сағадат Нұр­ма­ғамбетовтің есімімен, II дә­ре­же­лі «Айбын» орденін Бауыржан Мо­мышұлының есімімен, III дә­режелі «Айбын» орденін Ра­хым­жан Қошқарбаевтың есімі­мен атау ұсынылды», – деді Се­нат депутаты Андрей Лукин. 

Мақұлданған заң даңқты ба­тыр­лардың жауынгерлік ерлігін мәң­гілік есте қалдыру, сондай-ақ жалпыұлттық сананы, қа­зақ­стан­дық азаматтық бірегейлікті ны­ғайтуға, әскери-патриоттық тәр­биені дамытуға өз үлесін қо­са­ды. Сенатор Алишер Сатвал­диев соғыс майданындағы ерлігі – елге мұра, бейбіт күндегі ерен еңбегі ұр­паққа үлгі болған батыр­ла­ры­мыз Сағадат Нұрмағам­бе­тов­тің, Бауыржан Момышұлының және Ра­қымжан Қошқарбаевтың есі­мін ұлықтау арқылы Мем­ле­кет­тік наградалар жүйесін же­тіл­діру­ді мақсат тұтқан заңды то­­лық қолдайтынын жеткізді. 

«Әріптестеріміз Нұртөре Бай­­тілесұлы, Ғалиасқар Төлен­ді­ұлы және Парламент Мәжілісінің бір­қатар депутаты бастама­шы­лық еткен бұл құжат қазір Қа­зақ­стан Республикасының мем­лекеттік идеологиясының не­­гізгі ұстанымы қазақстандық пат­риотизмді қалыптастыру ісіне қызмет етеді деп сенемін. Заңда көзделген стратегиялық мақ­саттың бірі – жастарды пат­риотизмге тәрбиелеу, жас ұрпақ­тың рухын көтеру, адами ұста­ным­дарды қалыптастыратын тәрбие беру және тәрбиелік ор­­­таны құру. Қазіргі қоғам да­муы тұлғаның жаңа әлеуметтік ти­пін қалыптастыруды, ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету үшін елжанды, отансүйгіш ұр­пақ тәрбиелеуді талап етеді», – де­ді ол. Алишер Сатвалдиевтің ай­туынша, талқыланып отырған заң­ның ұрпақтар сабақтастығын бай­ланыстыруда маңызы ерек­ше. Сөз соңында сенатор «Ел үмі­тін ер ақтар, ер атағын ел сақ­­тар» деген халық даналығын дә­ріптей келе, талқылап отыр­ған заңды қолдауға шақырды.

Жалпы, орден-медальдарға тұлғалардың есімін беру көп­теген елде бар тәжірибе. Еу­разия ұлттық университетінің та­рих ғылымдарының докторы, про­фессоры Мақсат Алпысбес бұл тәжірибе халқы үшін ерен ер­лік танытқан батыр­ла­ры­мыз­дың есімін мәңгі есте сақтауға сеп болатынын айтты. 

«І дәрежелі «Айбын» ор­­деніне Сағадат Нұрмағам­бе­тов­­тің, ІІ дә­­ре­желі «Айбын» ор­­­­деніне Мәс­кеу тү­бінде үлкен ер­лік көрсеткен Бауыржан Мо­мышұлының және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденіне Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев есі­мінің берілуі өте дұрыс ше­шім. Бұл жас өскелең ұр­пақты отаншылдық және ер­лік мінезді етіп тәрбиелеуде зор рөл атқара­ды. Бұл награ­далар­дың бір мін­деті – соғыстағы ұлым­­­дық­ты күй­ретіп, жеңіске же­туде қ­азақ хал­қының қаһар­ман­­­да­ры­ның есі­мін тағы бір ес­­ке алып, тарих ақи­қатын ұмы­т­тыр­мау. Бү­кіл әлем гитлерлік Рейхстагқа қазақ ба­тыры Рақым­жан ту тіккенін ұмыт­пауы керек. Барша ел Мәс­кеуді қор­ғау­да ең үлкен ерлік көр­сеткен Бауыржанның соғыс өне­рін білу­ге тиіс. Көпте­ген әлем елін­де өздерінің даңқ­ты, әсіресе елін, жерін қор­­­ғаған ба­тыр­ла­ры­ның және мем­­­ле­кет­тің дамуына үлес қос­қан тұлға­лар­дың есімі­мен осын­дай награ­да­ларды атау қа­лып­тасқан дәс­түр. Соның ая­­сын­­да біз­дің ел­де де мақұл­дан­­ған ше­шім өте дұрыс деп ба­ғалаймыз. Сондық­тан «Ай­бын» орденінің дәре­же­лерін әлем майданында ұлы ер­лік көрсеткен батырлары­ның есімі берілгені ер­лік дәстүрді дәріп­теуге қыз­мет ететін үлкен табыс деп бі­леміз. Де­мек, бұл «Ай­бын» ор­дені нагр­даларының дәре­же­ле­ріне ба­тыр аталары­мыз­дың есі­мін бе­кіту, барша әлем­ге ел қор­ғау­дағы қазақ ерлі­гі­нің үл­гі­сін асыл өнеге етуге тиіс», – дей­ді тарих­шы М. Ал­пыс­бес.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ