Тәртіп сақшылары атап өткендей, ұялы телефон ұрлығы бойынша қылмыстардың 59 пайызын бұрынғы таныстар немесе қонаққа келген адамдар жасайды.
Павлодарда интернетте танысқан бойжеткенді үйіне шақырған ер адам күтпеген жағдайға тап болды
Фото: pexels.com
2,577
оқылды

Павлодар облысының тұрғыны интернетте белгісіз бойжеткенмен танысып, мүлкінен айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қалалық полиция бөліміне Павлодар тұрғыны шағыммен жүгінген. Ер адамның айтуынша, ол интернетте белгісіз бойжеткенмен танысып, бірге уақыт өткізу үшін үйіне шақырған. Ол бойжеткен үйінен кеткеннен кейін Samsung маркалы ұялы телефонының жоғалып кеткенін байқаған.

Осыдан кейін полицейлер «қонақтың» жеке-басын, тұратын жерін анықтады.

«Тергеу барысында қыздың уақыт жоғалтпай, ер адамның телефонының банктік қосымшасынан өзіне 57 мың теңге аударып үлгергенін, ал ұялы телефонын ломбардқа тапсырғаны анықталды. Түскен ақшаны өз қажетіне жұмсаған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді», – делінген Павлодар облысы Полиция департаменті хабарламасында.

Тәртіп сақшылары атап өткендей, ұялы телефон ұрлығы бойынша қылмыстардың 59 пайызын бұрынғы таныстар немесе қонаққа келген адамдар жасайды.

Олар үй иесінің сенімін пайдаланып, үйден шығарда белгілі бір мүлкін ұрлайды. Осыған байланысты полицейлер тұрғындарды қырағы болуға шақырды.