Қарағанды облысы жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға арналған грант табыстау конкурсына өтінімдер қабылдануда.
Қарағанды облысы жастар арасында кәсіпкерлікті қолдауға  1,5 миллион теңге көлемінде грант беріледі
210
оқылды

Көлемі 1,5 миллион теңгені құрайтын грант облыс жастарының бастапқы бизнес-жобасын іске асыруға немесе қызмет етіп тұрған бизнес-жобасын дамытуға беріледі.

Байқауға Қарағанды облысының аумағында тұрақты тұратын, он сегіз жастан отыз бес жасқа дейінгі жеке тұлғалар, жеке кəсіпкерлер қатыса алады. Байқау жеңімпаздары арнайы құралған комиссияның шешімі бойынша конкурстық негізде анықталады.

 

Грант иегерлері қаражатты қажетті құрал-жабдықтарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малдарды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, екпе көшеттерді сатып алу, коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілерінің, сондай-ақ сауда объектілерінің, оның ішінде жалға алу, пайдалану, сенімгерлік басқару құқығындағы объектілердің аумағында бизнес-жобаны іске асыру үшін үй-жайларды жалға алу үшін нысаналы мақсаты бойынша пайдалана алады.

Байқауға қатысу үшін өтінімдер 2024 жылғы 1 – 30 сәуір аралығында Қарағанды қ., Гоголь көшесі, 31, 204 кеңсе мекенжайы бойынша қабылданады.

Өткен жылы байқауға 75 өтінім келіп түсіп, нәтижесінде 10 жоба қаржылық қолдау алды: шағын пішінді металл құю, дәнекерлеу цехы, пластикалық бұйымдарды термоформалау, нейротиптік балаларға арналған сенсорлық интеграция кабинеті, көпсалалы білім беру орталығы және т.б.

Грант беру ережелерімен Instagram-да сілтеме бойынша танысуға болады.