Астаналық оқырман қауым көктем­нің жайма-шуағымен қатар ақыл-бі­лімнің кені саналған кітаптың да шұғы­ласын сезіне білді. 17-21 сәуір ара­лығында Конгресс орталығында Astana Eurasian Book Fair – 2024 VII Халық­аралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтті.
Сәуірдегі сәруар кітап көрмесі
фото: Arman MukhatoV
559
оқылды

«Фолиант» баспасының кезекті дәстүрлі шарасының салтанатты ашылу рәсіміне белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, шет мемлекеттердің ел­шілері қатысты. Бес күнге созылған Ха­лық­аралық кітап көрме-жәрмеңкесі ере­сек­­терге де, балаларға да бірдей қызықты бо­ла­тын мәдени-іскерлік бағдарламамен көм­керілді. Биылғы кітап көрмесіне Қа­зақстаннан бөлек әлемнің түкпір-түк­пірінен баспагерлер мен кітап дүкендері қаты­сып, өз өнімдерін ұсынды. Келушілер­дің қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі алаң әзірленген екен. Әртүрлі кітаптың тұсаукесері мен ақын-жазушымен кездесу шаралары өтті. Осы ретте біз «Фолиант» бас­па­сының бас редакторы Фарида Тоба­ша­ловадан биылғы шараның артықшы­лық­тары мен ерекшеліктерін сұрадық. 

«Көрме биыл жетінші рет ұйымдас­тырылып жатыр. Жыл сайын көрмеге келу­шілер мен кітапқұмарлардың саны артып келе жатқаны қуантады. 7 жыл бойы дәс­түрлі түрде өткізіп жүрген шара болғандық­тан, халық көрменің болатынын алдын ала біліп, сұрап та жатады. Отандық баспалар­мен өзара тәжірибе алмасып, оқырман сұра­нысына сай қызықты да сапалы кітап­тар­ды ұсынуда көп жұмыс атқарылып жатыр. Біраз жыл бұрын шетел әдебиетінің үздік туындыларын қазақ тіліне аударуға аса назар аударсақ, қазір қазақстандық жас қаламгерлерді қолдауға, жаңа жанрлардың дамуына барынша жол ашуға ден қойып отырмыз. Одан бөлек, көрменің басты жаңа­лығы – Astana Publishing Fellowship жо­­басы. Мысалы, осы кезге дейін баспагер­лер шетелдік кітаптарды аударып шығару үшін шетелге арнайы барып, кітап көрме­ле­ріне қатысып, шығынданып, шетелдік баспа агенттіктерімен кездесіп, авторлық құқықтарды сатып алып келіссөздер жүр­гізіп жататын. Осы жолы біз қазақ баспа­гер­лері үшін тиімді етіп, мұнда сол шетел­дік баспегерлерді шақырттық. Біздің отан­дық баспагерлер олармен бетпе-бет кез­десе отырып серіктестік орнатуға мүм­кіндік туды. Олар біздің автор­лар­ды ше­телдік баспалардан шығаруға ұсыныс білдірді. Мысалы, біз өзіміздің баспадан шыққан Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» кітабының үзінділерін ағыл­шын тіліне аударып таныстырдық. Сол кітапты түрік тіліне, ағылшын тіліне ау­да­руға қызығушылық білдіріп жатыр. Дәл осы секілді өзге де кітаптарымызға деген қы­зығушылықтарын жасырмады. Бұл – баспалар мен агенттіктер үшін керемет мүмкіндік! Яғни, әр баспа немесе агенттік өздерінде бар авторлық құқықтарды бір-біріне ұсына отырып, түрлі келіссөз жүргізе ала­ды, осылайша өзара тәжірибе алмасу, жаңа кітаптар алу, әлемнің үздік баспагер­лері мен агенттіктерімен достық байланыс орнатуға болады. Мұндағы басты мақсат серіктестік орнату, Қазақстандағы баспа саласын дамыту және отандық әдебиетімізді әлемге таныстыру, әлем тілдеріне аудары­лып, таралуына жол ашу. Бұл жоба да жал­ға­сын табады деп үміттенеміз», – дейді ол. Сонымен қатар Фарида Рахымжанқызы ша­ра­ны ұйымдастыруға көп қаржы жұм­салғанын, шетелдік баспагерлердің бүкіл шығынын «Фолиант» баспасы көтергенін айтты. Биылғы кітап көрме-жарменкесіне кіру ақылы болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиналған қаржы су тасқыны­нан зардап шеккен аймақтарға жіберілетін болады. Осынау еліміз үшін сындарлы сәтте оқырманына кітап ұсынып, түскен пайданы көмекке мұқтаж аймаққа жіберуі құптарлық іс.

Көрме барысында балалар әдебиеті, көркем және ғылыми-танымдық әдебиет­тердің тұсаукесері, белгілі ақын-жазушы­лар­мен қолтаңба-сессиялар, кітап шығару­дың өзекті мәселелері талқыланатын дөң­­гелек үстелдер өтті. Атап айтар болсақ, көрме кезінде Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» атты кітабының тұсау­кесері өтсе, Дархан Кыдырәлінің «Мұс­тафа» кітабы таныстырылды, сондай-ақ жазушы Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романы оқырманға жол тартты. Бұдан өзге де көп­теген кітаптың танысты­ры­­лымы мен тұсау­кесері өтіп, көрмеге келу­­шілер автормен жүз­десіп, қолтаңба алып, сұрақ қоюға мүм­кіндік алды. Одан бөлек, Иран өнері мен каллиграфиясынан сыр шертетін шеберлік сабағы, отбасылық кітап оқу клубының талқылауы, виктори­на­лар, поэтикалық кеш те ұйымдас­ты­рылды. 

Кітаптардың тұсаукесеріне қатысқан жазу­шы Бақытбек Қадыр да шараның мазмұнды өткенін айтады. Біз жазушыдан биылғы шараның маңыздылығын сұрадық. 

«Астананың ең бір айшықты күндері – осы кітап тойы. Оқырман, автор, баспа үшеуінің басы түйісетін, қаламдас қауым бір-бірімен жүздесіп қауқылдасып қалатын жер осы. Өзіме ұнаған жаңа шыққан кітаптардың ішінде Дархан Кыдырәлінің «Мұстафа» кітабы, Сауытбек Абдрахманов­тың кітабы болды. Әсіресе, көрменің көр­кін қыздырған Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» тарихи-романын айтуға болады. Сондай-ақ марқұм Таласбек Әсем­құловтың аударған кітабы да оқырман үшін мол олжа деп айтуға болады. Мен атыраулық жазушы Бақытгүл Сармекованың «Кейіп­керлер» кітабына модератор болдым. Бұдан бөлек, қазақ прозасында тек осы бір кі­таптарды жазу үшін ғана өмірге келген­дей, жасындай жарқ етіп сөнген қалам­герлер бар. Соның бірі кешегі Ғалымбек Елубай болса, бірі Ая Мантай. Екеуі де болашағынан зор үміт күттірген жазушылар еді. Бұл кеште сол жазушы Аягүл Мантай­дың «Уақыттың көз жасы» атты кітабы таныстырылды. Осындай игілікті шараны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған 28 жылдық тарихы бар «Фолиант» бас-пасына алғысымыз шексіз. Бұл баспаның тағы бір ерекшелігі «Бүгінгі проза» деген сериямен бұрын аз тиражбен шыққан кітаптарды қайта бастырып, оқырманға таратып отыр. Мәселен, Әлішер Рахаттың «Параллель» кітабы, Жадыра Шамұрато­ва­ның «Сандық» кітабы және өзім жо­ғарыда айтқан Бақытгүлдің де кітабы осы серия арқылы шықты. Осындай мереке сый­лаған аталған баспаға игі шаралар легі таусыл­масын дегім келеді», – дейді жас жазушы. 

Жалпы, 5 күнге жалғасқан мазмұнды шарада Қазақстан, Ресей, Түркия, Иран, Өзбекстан, Испания және Қытай мемле­кеттерінен баспа, кітап сату, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық қыз­­мет ұсынатын 70-ке жуық компания қа­­тыс­қанын айта кеткен жөн. Баспа ин­дус­т­­риясында 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көпсалалы қазақстандық «Фолиант» баспасы жыл сайын жүздеген әлемдік үздік туындыларды қазақ тіліне ау­дарып және басып шығарады. «Фолиант­тың» ассортиментінде қазақ әдебиетінің жауһарлары, әлемдік классика, ғылыми-танымдық еңбектердің сан мың түрі бар.

Наурызбек САРША