Батыс Қазақстан облы­сын­дағы ең ірі өзен – Жайық­тағы су көлемі қауіпті деңгей­ден асып кетті. Жайықтың шек­тік мөлшері 850 санти­метр болатын.
Тасқынға қарсы жұмыстар нәтиже бере бастады
266
оқылды

Алайда қазір ол 862 сантимерге көтерілді. Салдарынан қала сыртында­ғы саяжайлар суға кетті. Соң­ғы екі күн Батыста барлық құрылым аяғынан тік тұрып қызмет етті.  

Бір қуантарлығы, халықтың күшімен соғылған бөгеттер тас­қынға тосқын бола алды. Расымен де, Жайық пен Шаған қатар кө­терілгенде Бәйтерек ауданына қарасты Байқоныс және Январцев ауылдарына қауіп төнген. Деген­мен әскерилер мен еріктілер, со­ның ішінде жергілікті халықтың күшімен қолдан соғылған бө­гет­тер суды ауылға жібермей ұстап тұр. Әйтсе де, облыс әкі­мінің орын­ба­сары Қалияр Айтмұхам­бетовтің айтуынша, әзірге бо­саңсуға ерте.  

– Біз су тасқынының екінші кезеңіне қарсы жүргізілген жұ­мыс­тардың нәтижесін көріп отыр­мыз. Мен өзім Бөрлі, Бәй­терек аудандарына барып, судың деңгейін көріп келдім. Су ауылдың іргесіне келіп тұр. Бірақ қолдан тұрғызылған бөгеттер мен қойыл­ған құм қапшықтардың арқасында ауылға су кірмей тұр. Біз осыған қарап су тасқынына қарсы жүр­гі­зілген жұмыстарымыздың бағыты дұрыс болғанын түсінеміз. Тек осы бөгеттерді құруға 1 336 арнайы техника жұмылдырылуда, соның ішінде өзге өңірлерден жолданған техникалардың қазіргі сағатқа 861 техникасы қатысып жатқанын айта кету қажет. Бүгінде 7 мыңға жуық халық пен 3,5 мыңнан астам  әскери құрылымның жеке құрам­дары қызмет етуде, – деп атап өтті БҚО әкімінің орынбасары. 

Жалпы БҚО-ға көп су 17 сәуір­ден бастап келе бастады. Ре­сей­дің Ирекілі су қоймасынан кел­ген су Жайық пен Шаған өзен­дерін толтырып жатыр. Қатты ағыспен келген су мөлшері қала маңын­дағы нөмірі 1,2,3 саяжай­ларды түгелімен суға кетірді. Бұ­ған дейін төтеншеліктер сол сая­жай­лардағы барлық тұрғынды эвакуациялық орталықтарға ор­на­ластырған болатын. Бірақ  үйін қимай қалып қойған тұрғындар бар. Кешелі бері төтеншеліктер сол тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді. 

– Қала маңындағы саяжай­лардан 30 адамды көшірдік. Олар суға кетпей қауіпсіз жерге шы­ғарылды. Ендігі мақсат – сол тұрғындарды тасқын су жүріп жат­қан аймаққа жібермеу. Өкі­ніш­ке қарай, «үйімді қарап ке­лемін» деген желеумен тасқын қаупі бар жерлерге өткісі келетін азаматтарымыз бар. Бұл – өте қауіпті. Судың ағыны қатты. Ол жерге тек төтеншеліктермен бірге  жүруге болатынын ескерткім ке­леді, – деді БҚО ТЖД бастығының орынбасары Қанат Қарабалаев. 

Бүгінгі күнге дейін облыста  1 292 үйді су басқан, бұдан бөлек 13 044 саяжай үйі су астында қа­лып отыр. Қазір өңірде комиссия судан келген шығынды есептеуді бастап кетті.

– Комиссия шығынды есептеп жатыр. Өңір тұрғындарына су тасқыны салдарынан келтірілген материалдық залалды тиісті баға­лау жұмыстары басталды. Қазір суға кеткен үйлердің 1 150-не тех­ни­калық сараптама жүргізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес, 276 тұрғын үй жарамсыз болып танылса, 47 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілуі қажет.  Бүгінгі күнге дейін  590 нысанға бағалау жүргізілді, – деді БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов. 

Жайық өзеніндегі су деңгейі әлі де қауіпті күйде қалып отыр. Өзен бойындағы қауіпті аумақ­тарда 80 мыңнан астам халық тұрады. Қазір Орал қаласының гидробекетінде Жайық өзені 862 см , қауіпті деңгей 850 см еді. Аймақта су тасқыны салдарынан 9 елді мекен қатынассыз қалды. Себебі жолдарын су шайып кеткен. Аудандарда мал шығынын есеп­теген комиссия бүгінгі күнге 2 342 бас мал шығыны барын рә­сім­деген. Бүгін журналистер ал­дын­да сөз алған облыс әкімінің орын­басары бүлінген мүлік те, мал шығыны да өтеледі деп сен­дірді. 

– Су тасқынынан зардап шек­кен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстары жалғасуда. Бүгінде облыс бойынша 5 552 өті­ніш қабылданып, 1 542 отбасына  514,5 млн теңге мөлшерінде бір­жол­ғы әлеуметтік көмек көрсе­тілді, – деді Қ. Айтмұхамбетов.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, 

Батыс Қазақстан облысы