Қазақстан жазушыларының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы биыл 20 дан астам жазушы, ақын, әдебиет­тану­шыға берілді. Сыйлық одақтың жыл қорытындысына арналған жиынында табыс етілді.
Халықаралық «Алаш» сыйлығы табысталды
фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
367
оқылды

Қазақстан Жазушылар  ода­ғының  «Көркем әдебиет: талант пен талғам» деп аталатын жиыны 2023 жылғы әдеби үрдістің қалай өрбігеніне арналған қоры­тынды  басқосу болды. Жиынға еліміздің әр өңірінен қаламгерлер, ақын-жазушылар, әдебиет­тану­шы ғалым­дар, журналистер қа­тысты. Салта­натты жиынды аш­қан, Қа­зақ­стан Жазушылар одағы бас­қар­ма төрағасының бірінші орынба­сары, жазушы Нұржан Қуантай­ұлы былтыр ат­қарылған бірқатар істер мен бастамаға тоқталды.

– 2023 жылы жас қаламгерлерге мемлекеттік қолдау көрсету мақ­сатында тұңғыш рет Президенттік арнаулы әдеби сыйлық тағайын­далды. 18 бен 35 жас аралығындағы, жас қаламгерлерге арналған бұл әдеби сыйлық «Балалар әдебиеті», «Драматургия», «Поэзия», «Проза» номинациялары бойынша былтыр күзде табыс етілді. Бұл әдеби бай­қау биыл да өткізілмек. Респуб­ликалық «Айбоз» әдеби сыйлығы былтыр екінші мәрте өткізіліп, жеті номинация бойынша сый­лық­тар берілді. Жастарға арналған бұ­дан да басқа, дәстүрлі «Алтын тобылғы», «Алтын сақа», «Айтұмар» байқаулары былтыр да өт­кізілді. Қазақстан Жазушылар одағының мұрындық болуымен өңірлерде облыстық әкімдіктердің ақын-жазушыларға жыл сайын атау­лы әдеби сыйлық тағайындау іс-шарасы қолға алынғаны мәлім, – деді Нұржан Қуантайұлы.

Жиында бірнеше қаламгерге «Қазақстанның құрметті жазу­шысы» атағы берілсе, 20-дан ас­тамына халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Аталған сый­лыққа ақын Ғайсағали Сейтақ, жазушы Өмір Кәріпұлы, ақын Сұраған Рахметұлы, жазушы Жарасбай Сүлейменов, ақын Мұрат Шаймаран, әдебиеттанушы Жұмат Тілепов, ақын Нұртас Исабаев, жазушы Төрехан Майбас, ақын Әлия Дәулетбаева, жазушы Серік Елікбай, ақын Ербол Алшынбай, сатирик жазушы Берік Садыров, ақын Әубәкір Смайылов, жазушы Тынымбай Төлепбай, ақын Егеухан Мұха­мәди­қызы, жазушы Болатбек Тө­лепберген, ақын Ғайни Әлімбе­кова, жазушы Жалғасқали Дүтмағам­бетов, ақын Дариға Мұштанова, жазушы Момбек Әбдәкімұлы және жазушы Алек­сандр Карлюкевич ие болды.