"AMANAT" партиясының хатшысы Шолпан Каринова отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданған заңға қатысты пікір білдірді.
Қоғам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеуі керек – Шолпан Каринова
676
оқылды

«AMANAT» депутаттарының бастамасымен қабылданған отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күнделікті өмірге қалай әсер етеді?

Ел Президенті Қасым-Жомарт   Тоқаев былтыр  жолдаған Жолдауында «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет...  Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет», – деп нақты тапсырма берген болатын. Міне, бүгін осы тапсырма орындалды, Заң қабылданды.  Бұл заңнан не күтеміз? Қарапайым адам, қоғам мүшесі нені білуі керек? Кейбір өзекті әрі маңызды тұстарына тоқтап кетейін.

Біріншіден.  «Неке және отбасы туралы» кодекске неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту  және ілгерілету нормасы енгізілді. Қазіргі жаhандану заманында сана-сезімге сырттан еніп жатқан отбасын құрмау, бойдақтық, жеке кеңістік,  жауапкершіліксіз жыныстық қатынас, азаматтық неке, біржыныстық қатынас деген сияқты түсініктердің дұрыс ұстаным ретінде қалыптаспауына, оларға төтеп беру үшін барынша механизмдерді пайдалану керек. Мұндай ұстанымдардың өмірге кіруі жеке адамның өзіне ғана зиянын тигізіп қоймай, туған-туысқандарына, балалары құқықтарының сақталуына, тіпті қоғамымыздың қолайлы орта болуына кері әсерін тигізері анық. Сондықтан оларға қарсы келудің алғы тетіктері енді заңда көзделді. Бәріміз бірге дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтауға атсалысуымыз керек. Бұл тәрбие басы десек те артық болмайды деп есептеймін.

Екіншіден. Отбасын қолдау орталықтары халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың жанынан аудандарда және қалалардағы аудандарда құрылуы заңда бекітілді. Олардың функциялары некені және отбасыны сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұру мүмкіндігін беру, өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды ерте анықтау және оларға қолдау көрсету бойынша мобильдік топтардың жұмысын ұйымдастыру сұрақтары кіретін болды. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, елімізде 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда ажырасу фактілері 9,6% азайған, ажырасудың жалпы коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 2,02 құрады. Дегенмен де  көріп отырғанымыздай, ажырасу бар. Кеше сүйіп қосылған жас қыз-жігіттердің арасындағы махаббат, сүйіспеншілік неге жылдам суиды, әлде бұл қиыншылыққа төзгіштіктің төмендегені ма, әлде ортақ мүдденің қалыптаспауы ма, әлде мұндай жеңіл арақатынас «мода» болып бара ма? Сұрақ көп. Қазіргі күні отбасылар тек кикілжің жағдайда ғана емес, жас отбасылардың қалыптасуы үшін де қолдауды қажет етеді. Міне, сондықтан отбасын қолдау орталықтары қажетті институт. Дер кезілік заң нормасы.

Үшіншіден. Отбасындағы агрессорлар туралы көп айтылып жүр. Көп жағдайда әйел адам «отбасын сақтаймын, балалардың әкесін сыйлауым қажет, шыдауым керек» деп өз басын  қауіп-қатерге тігіп жатады. Ал мұндайды көріп өскен ұл бала бойына теріс «әке болу моделін», ал қыз бала  өзіне «болашақ жарының» қорқынышты моделін қалыптастырады. Талай отбасылардың шырқын бұзу осындай терең психологиялық ауытқуларға әкеліп соғады. Көп жағдайда мұның соңы ауыр трагедияға айналып жатады. Сондықтан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 54-бабы өзгертіліп, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында әкiмшiлiк құқықбұзушылық жасаған адамның мiнез-құлқына ерекше талаптар белгiленген кезде жәбiрленушi мен оның отбасы мүшелерiн күзету және қорғау үшiн сот айрықша жағдайларда, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға тұрғын үйде жәбiрленушiмен бірге жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда тұруға тыйым салу шарасы көзделді. Сонымен қатар Қылмыстық кодекске зәбірленушінің өтінішінсіз іс қозғау құқығы берілді. Осы жаңа нормалардың бәрі адам құқығын қорғауға, ешкімге біреудің өміріне қасақана қол жұмсауға болмайтынын ұғындыруға бағытталған. Әрине, заң бірден ажырас, отбасын бұз демейді. Өзара сыйластық, татуластық, кей жағдайда кінәні мойындау, кешіре білу, ортақ мүдде сияқты жалпы адамгершілік сипаттағы әрекеттер әрдайым болары түсінікті.

Жаңа заңның бірқатар нормалары бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген.  Олар өте қажет. Себебі бала өзін-өзі қорғай алмайтын қоғамның ең тәуекел тобында. Фактілерге сүйенсек, 2022 жылы 2 005 балаға қатысты құқықбұзушылық,  2023 жылы   2 452 құқықбұзушылық тіркелген. Осы құқық бұзғандар өз алдына бөлек мәселе, ал "құқықтарын бұзуға жол берген жауаптылар қайда қараған?" деген заңды сұрақ туындауы орынды, ол олардың ата-аналары, заңды өкілдері, оқу уақыты болса, мектеп қызметкерлері? Сондықтан заңда ата-ананың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу, оларға білім беру, олардың құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамауына жауапкершілік қарастырылады.

Тағы бір белең алып бара жатқан мәселе  –  ересектер тарапынан балаларға сексуалдық қолсұғушылық, әдепсіз әрекеттер. Бұл адамның ақыл-ойына, сана-сезіміне сыймайтын өрескел қылық. Оның үстіне, интернет арқылы қыз балалардың миларын улап, кейін оларды ақпараттық бопсалау сияқты қылмыстың жаңа түрлері тіркелуде. Жұмыс басты ата-аналар күнімен баласының гаджеттерде отырып, немен айналысып, қандай ақпараттарды алып отырғанын байқамай, баласының ауыр психологиялық жағдайға ұшырағанын дер кезінде ұқпай, жеткіншектердің суицидке жетіп жатқан тұстары қанша.   Осы әрекеттерге тосқауыл ретінде 16 жасқа толмаған адамға қатысты сексуалдық сипаттағы ұсыныстармен, оның ішінде интернет желісімен пайдаланылған ұсыныстармен немесе сексуалдық сипаттағы әдепсіз әрекеттерді жасау – лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейін айырып немесе 200  айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстарына, немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазалануы қарастырылды.

Балалар мен жастар арасында буллинг, кибербуллинг те өзекті мәселелер.  Енді жаңа заң аясында кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалса  –      30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.  Сонымен қатар 16 жасқа толмаған, ата-анасы және өзінің заңды өкілі ертіп жүрмеген адамды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп кету – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

Кәсіпкерлік кодексінің тексеруді ұйымдастыру тәртібіне қатысты бабына меншік түріне, нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, интернаттық ұйымдарға, білім беру ұйымдарына және баланың құқықтарын қорғау функцияларын жүзеге асыратын ұйымдарға, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін стационар, жартылай стационарларға алдын ала хабардар етпестен және тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеместен, оны кейіннен құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға келесі жұмыс күні ішінде ұсына отырып,  жоспардан тыс тексеру жүргізілуі қарастырылды. Бұл норма да қажеттіліктен туындады. Өйткені жас балаларды, мүгедек адамдарды сеніп тапсырған мекемелерде өрескел заңбұзушылықтардың болуы ешкімді алаңдатпай қоймағаны анық.

«AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасында «Отан отбасынан басталады» дей келе, Отанды сүю, елге адал қызмет ету, қоғамның белсенді де жауапты мүшесі болу, тұлғалық қалыптасу – отбасындағы тәрбие мен тағылымның жемісі.

Біз отбасы институтының беделін көтеруге күш саламыз.

Демографиялық өсімге, барлық отбасылардың балаларын алаңсыз тәрбиелеп, келешекке сеніммен қарауына лайықты жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. 

Ана мен балаға лайықты қамқорлық, дамыған әлеуметтік инфрақұрылым, қолжетімді баспана – отбасы әл-ауқатының ең маңызды және айнымас шарттары деп есептейміз», – делінген. Халық алдындағы уәде еткен сұрақтарымыздың бірқатарының орындалуы осы жаңа заң аясында көрініс тапты. Енді қолданыста іске асуын қоғам болып бірге қарауға шақырамыз! Сөйтіп, қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениеті орнауы тиіс.