Қазақстан капиталды шығаруға бақылауды күшейтті. Осы орайда сәуір айында маңызды заң күшіне еніп отыр.
Капиталдың заңсыз тасқынына тосқын қойылады
286
оқылды

Соның арқасында, Қаржы министрлігінің бағалауынша, бюджетке 100 миллиард теңгеге дейін қосымша қаржы түсуі мүмкін. Өйткені ол заң, мысалы, қазақ астығын, шикізатын шетелге тым арзанға сатуға тосқауыл қояды деп күтілуде. 

Капиталдың бәрі «қашқын» емес

Экономист-ғалым Леонид Гри­го­рьевтің түсіндіруінше, шенеу­нік­тер арасында: «шетелге қашқан ка­пи­талды тегіс елге қайтаруға болады, бұл үшін жазаны қатайтса немесе керісінше, ра­қымшылық жарияласа жеткілікті» де­ген «ерекше аңыз», қате түсінік ор­нық­ты. 

Осы мақсатта Қазақстанда үш рет ка­питал амнистиясы жүргізілді. Соңғы нау­қан 2014 жылғы 1 қыркүйектен 2015 жыл­ғы 31 желтоқсанға дейін, яғни ба­қан­­дай 15 ай бойы жалғасты. Бірақ со­ның өзі жағдайды өзгерте алмады.

«Саясаткерлер шетелге кеткен қар­жы­ны салықтық базаны ұлғайтудың, сөй­тіп елді дамытудың пайдаланылмай жат­қан резерві ретінде қарастырады. Бұл күр­делі дағдарыс кезінде экономикалық ға­жайыпты іздегенмен бірдей. Ка­пи­тал­дар­дың сыртқа «қашуы» проблемасын тал­қылауды осылай экономикалық ғы­лымнан саяси өріске ауыстыру елге тек зиян әкеледі. Өйткені ары қарай тоқ­тау­сыз ағып кетіп жатқан капиталға тос­қауыл қою шаралары қарастырылмайды. Шетел асқан қаржының бәрі «қашқан ка­питал» емес, оның басым бөлігін заң­ды қаражаттың халықаралық қозғалысы, капитал экспорты құрайды. Биліктің міндеті – ұғымдардың ара-жігін заң жү­зінде нақты ажыратып, капиталды заң­сыз жылыстату схемаларын тойтаратын те­геурінді тетіктерді әзірлеу», – деді эко­­­­номист-ғалым.

Кеткен қаржы негізінен, қайтпайтын болса, ең құрығанда қолдағы барға ұқып­ты болу қажет. Сарапшылардың пікірінше, тәуелсіздіктің алғашқы отыз жыл­дығында амнистиямен бекер әуес­тенген Қазақстан Үкіметі енді осы дұрыс бағытта алғашқы қадам жасай бастады. Бұл ретте 2024 жылғы 25 наурызда Пре­зи­дент Қ.Тоқаев «Кейбір заңна­ма­лық ак­тілерге трансферттік баға белгілеу мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.

Құжат Мемлекет басшысының 2020 жылғы Жолдауын іске асыру жөніндегі жал­пыұлттық іс-шаралар жоспарының 37-тармағын орындау мақсатында әзір­ленді. 

Заң Қазақстанның трансферттік баға бел­гілеу саласындағы заңнамасын же­тіл­діруге және тиімділігін арттыруға, ка­питалдың елден шығарылуын бақылау ша­раларын күшейтуге, сондай-ақ ха­лық­аралық іскерлік операцияларға бай­ланысты мәмілелердегі мемлекеттік кі­ріс­ті жоғалтудың алдын алуға бағыт­­­талған.

Сенатор Ольга Булавкинаның ай­туын­ша, бұл заңның басты бір жаңалығы сол, оған сәйкес салық төлеушілер, ком­паниялар халықаралық мәмілелерді жү­зеге асырған кезде екіжақты келісімде көр­сетілген бағадан емес, нарықтағы ба­ға бойынша салық төлеуге міндет­те­ле­ді. Белгілі бір нарықтық бағаны анық­тап, соны салық төлеуде қолдану үшін бұдан былай салық төлеуші өз бетінше қажетті ақпаратты жинап, функцио­нал­дық талдау жүргізуі керек. 

Мәселен, өзге компаниялардың ұқ­сас мәмілелерін өзара салыс­ты­рып, содан ортақ бағаны шығаруы жә­не салық органы алдында аталған на­­­­рықтық бағаның дұрыстығын дәлел­деуге тиіс. 

Баға қайтсе, әділ болады? 

Бұл талап өзара байланысты, аф­фи­лир­ленген, қазақша айтқанда, сыбайлас ком­паниялар арасында бекітілетін мә­мі­лелерге қатысты. Жаңа заңда мәмілеге қа­тысушы тараптарды «өзара байла­ныс­ты» деп тану критерийлері кеңейтілді жә­не өзара байланысты резидент емес тұл­ғалармен мәмілелерге қатысушылар үшін жергілікті есептілікті ұсыну мін­дет­темесі енгізілді.

Әйтпесе, мысалы, қазақ жерінің қой­науындағы қазба байлығын көсіп-қа­зып алып жатқан алпауыт ком­па­ния­лар аз салық төлеу үшін әлемнің әр елін­де қаптатып, делдал фирмаларды қ­ұ­рады. Содан соң шикізатты – мұнай­ды, металды және басқасын соларға өза­ра келісімшартта бекітілген «экск­лю­зивті бағамен» өте арзанға сатады. 

Ары қарай сол делдал қазақтың ши­кізатын Еуропаға, басқасына қымбатқа өткізеді. Одан түскен қаржы шикізат өн­дірушінің қалтасында, бірақ шетелдегі шо­тында тұнады. Қазақстанға қайтп­ай­ды. Салдарынан, арзанға кеткен шикі­зат­­тан бюджетке корпоративті салық, баж және басқа түсімдер де өте аз түседі. 

Жаңа заң бұл кесірлі тәжірибеге тыйым салуға тиіс: мейлі, шет­ел­ге «нөл» теңгеге сат, бәрібір, нарықтық құн­мен алым-салық төле!

Бірақ сенатор бір қаупін білдірді: өзара байланысты тұлғалар арасында жа­салған мәмілелерде нарықтық әділ ба­ғаны анықтау үшін «өзара салғас­ты­рылатын деректер» табу қиындау. Себебі өз­ге компаниялардың ұқсас мәмі­ле­ле­рі­нен алайын десе, контрактілердің шарт­та­ры әдетте жариялана бермейді, ком­мер­циялық құпия ретінде заңмен қор­­­­ғалады. 

Бұл олқылық отандық экспорт­тау­шы­ларға салықшылардың орасан зор айып­пұл салуына, соның кесірінен банк­рот етуіне соқтыруы ықтимал. 

Қаржы вице-министрі Ержан Бір­жа­нов бұған жол бермеудің жолдары қа­рас­тырылып жатқанын айтты. Мысалы, өза­ра салғастырылатын бағаны таба ал­маса, компания тікелей Мемлекеттік кіріс­тер комитетінен кеңес сұрап, жүгіне алады.

– Салық төленгелі тұрған бағаның қан­шалықты нарықтағы бағаға сәйкес ке­летінін тексергенде, бүгінде біз «Плац», «Аргус», «Рефинитив» сияқты ақ­­­парат­тың ресми дереккөздеріне сілтеме жа­сай­мыз. Нарықтағы әрбір өнім бойынша төл дереккөздері бар, оларды тек қазақ­стандық салықшылар ғана емес, шетел­дік әріптестеріміз де қолданады. Бұлар – жалпыға белгілі анықтамалықтар. Оларды салық төлеушілеріміз де басшылыққа алады. Мәміле бекітуден бұрын немесе мә­міле аяқталғаннан кейін Қазақстанда салық төлеуші болып табылатын тарап біз­дің фискалдық органға өтінішпен жү­гіне алады. Оған тиісті түсініктеме бере­міз. Осы мақсатта есептілікті енгізіп отыр­мыз, соның арқасында цифрларды уа­қы­тылы түзете аламыз, – деді Ержан Ерікұлы.

Салықшылар жылда компанияларға жап­пай тексеріс жүргізіп, соның қоры­тын­дысында қаптатып, қомақты айып­пұл салатыны мәлім. 

Бұған қосымша опция пайда бол­ды: мемлекеттік кірістер орган­дары төленген салыққа, есептілікке мо­­­­­­ниторинг жүргізеді де, компанияларға ұсыныс-рекомендацияларын жолдайды. Салық төлеушіге айыппұлға жеткізбей, қатесін өз бетінше, алдын ала түзетуге, бас­қа нарықтық бағамен жете салық тө­леуге немесе төл шешімінің дұрыстығын тү­сіндіруге мүмкіндік беріледі екен. Ви­це-министр тиісті жұмыстардың қазір­ден жүргізіліп жатқанына екпін түсірді. 

Президенттің жаңа заңға қол қоюы­на байланысты Қаржы министрлігі «Ата­­­­мекен» ұлттық палатасымен, бизнес қо­ғамдастықпен ақылдасып, өзге ел­дердің ұқсас тәжірибелерін түсіндіріпті. Па­лата және салалық қауымдастықтар қа­лың ұйқыға кетпей, сергек жұмыс жа­саса, өзіне мүше кәсіпкерлерге өмірге жол­дама алған жаңалықтың жай-жап­сарын, бүге-шігесін белсенді түсіндірсе, түсін­бестік, тосылу болмаса керек. 

Президенттің сонау 2020 жылғы Жол­дауындағы тапсырмасының енді ға­на заңға айналып, міндетті талапқа трансформациялануының бір себебі де осында екен: өткен жылдар бойы капи­талдың шетке заңсыз кетуіне, бюджетке салықтың жосықсыз аз төленуіне тоспа құ­ратын жаңа тетіктің егжей-тегжейі түсіндірілген, оны енгізуге дайындық жұмыстары іске асырылған. 

Делдал «паразиттермен» күрес өрістей ме?

Жаңа заңның тағы бір маңызды жаңа­лығы бар: ол бойынша тауар бир­жа­ларында жасалған мәмілелерге бақы­лау енгізіледі. 

2019 жылы Үкімет пен Парламент бир­­жаларды дамыту мақсатында «Транс­ферт­тік баға белгілеу туралы» заңының 3-бабына өзгеріс енгізген болатын. Нә­ти­жесінде, содан бері трансферттік баға бел­гілеу бойынша бақылау «елдің тауар бир­жаларында биржалық тауарлармен ж­а­салған мәмілелер бойынша» жүзеге асы­рылмай келді. 

Бүгінде көмір, газ, бензин, дизель оты­ны, битум, цемент, соя бұр­ша­ғы, картоп, ұн, қант, бидай, арпа, мақ­та, өзге де көптеген тауар ірі көлемде тек биржа арқылы сатылады. Мұны өн­діру­шілер салықты аз төлеу үшін пай­да­лана бастады. Мысалы, компания өн­дір­ген өнімін биржада тіркелген төл дел­далдарына, соның ішінде шетелдік фир­маларға арзанға сатады. Өз кезегінде дел­далдар өнімді нарыққа бірнеше есе қымбатқа өткізеді. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігінің мәліметінше, мәселен, 2023 жы­лы «Шұбаркөл көмір» АҚ-ы өзі өн­дірген көмірін тек қана Modern Trading Solutions тауарлық биржасы арқылы с­а­туға шешім қабылдады. Осыдан кейін Modern Trading Solutions биржасы өзінде тір­келіп, Шұбаркөл көмірін сатып алғы­сы келген брокерлер мен дилерлерден жар­ғылық капиталдың 4%-ы көлемінде кіру жарнасын төлеуді талап ете баста­ған. Бұл шамамен 95 миллион теңгеге барабар. Бұдан бұрын, 2023 жылғы 23 мамырға дейін оның біржолғы жарнасы 500 мың – 1 миллион теңгені құраған еді.

Осы арқылы биржа «дұрыс» дел­далдардан өзгелердің мүше бо­лып, келісімді бағаны бұзуына тосқауыл қой­ғанға ұқсайды. Сол себепті анти­мо­но­полиялық орган «Modern Тrading Solutions» тауар биржасы» АҚ-ына мо­но­полияға қарсы заңнаманы бұзуға жол бермеу туралы алдын ала ескерту жібер­ді. Осыдан кейін аталған биржа біржолғы жарна мөлшерін 20 миллион теңгеге дейін төмендетті. Алайда осының өзінде жарнасы көмір саудасымен айналысатын бас­қа тауар биржаларына қарағанда 133 есе көп! Өзгелерінде кіру жарнасы 150 мың­­нан 3,5 млн теңгеге дейінгі аралық­та.

Биржаларда қитұрқы тірліктер кө­бейіп кеткендіктен, мемлекет жаңа заң ар­қылы тауар биржасында жасалған мә­мілелерге мемлекеттік бақылауды қай­тарып отыр. 

Қаржы вице-министрі Ержан Бір­жа­нов 2019 жылы заңнамаға енгізілген өз­герістер отандық тауар биржаларын да­мытуды мақсат тұтқанын еске салды. Әйткенмен, Ұлттық статистика бюро­сы­ның, антимонополиялық органның, ми­нистрліктердің қорытынды ақ­па­рат­тары биржалардың дамуында серпін жоқ­тығын, аталған жеңілдік, яғни бир­жалардағы мәмілелерге мемлекеттік ба­қылаудың жойылуы теріс мақсатта пай­даланылатынын паш етті.

«Бұл жеңілдік салаға оң әсерін ти­гіз­ген жоқ, тауар биржаларында сатылатын тауар­лардың көлемі де, операциялар са­ны да салмақты өскен жоқ. Оның ор­нына аталған жеңілдік жаппай жаңа схе­маларда қолданылған. Мысалы, газ­ды, дәнді дақылдарды биржа арқылы қа­­­­сақана төмен бағаға сату фактілері анық­талды. Айталық, Өзбекстанға, Тә­жік­станға, Ауғанстанға 25%-дан 110 пайыз­ға дейін жасанды түрде арзанда­ты­лып сатылып келген. Тауар шынымен ті­келей ашық биржада сатылғанда, тауар­лардың бағасы ең кемі 25% қым­бат­тай­тын еді. Керісінше, арзанға кетуін – са­тып алушы мен сатушының келісіп жа­са­­ған әрекеті деп санаймыз», – деді вице-министр.

Мұның сыртында кілең дамыған ел­дер ғана кіретін Экономикалық ын­ты­мақ­тастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Қа­зақстанға рекомендациясында бир­жаларға ұсынылған мұндай негізсіз жеңіл­дікті алып тастауға кеңес беріпті. 

Егер ұтымды, тиімді қолдана білсе, бұл заң халық пен мемлекетке қатар за­лал келтіріп отырған делдалдардың та­ба­нына тас қоюға мүмкіндік береді. Қа­зақ жерінің қойнауынан тоқтаусыз алы­нып жатқан ен байлықты шетке шы­ғарғанда, әділ бағасынан салық өндіруге жол ашады. Ел бюджетіне корпоративті са­лықтан қосымша миллиардтар ағын­дайды. Сондай-ақ капиталды сыртқа әкетудің біраз арнасын сұйылта алуы да ықтимал. 

Айхан ШӘРІП