«1955 жылғы 29 мамыр күні Сырдария аудандық «Коммунизм таңы» газетінде тұңғыш мақалам жарық көрді. Онда мен 16 жастамын. Содан ерінбей-жалық­пай барлық газетке мақала жазып, жан-жаққа жібере беретін едім».
Сұлу сөздің шебері
263
оқылды

Белгілі журналист, қарымды қа­ламгер Итен Қарымсақұлы өзінің жур­налистика саласына алғаш келген кезеңі жайында осылай деп еске алады. Міне, содан бері алпыс жылдан асқан қаламгерлік ғұ­мы­рында ардагер журна­лис­тің қолынан қаламы түскен емес.

Итен Қарымсақұлы 1939 жылы 20 сәуірде Қызылорда облы­сындағы Аман­келді ауылында дү­ниеге келді. Бұл қазақ елін қан қақ­сатқан репрессия мен аштық­тан енді ес жиып жатқан кез еді. Көп ұзамай соғыс басталып, ха­лыққа ауыртпашылық әкелген зұлматты жылдар басталады.

Ол кісінің айтуынша, әкесі Әбсаттар мен анасы Әнипаның отбасында көпке дейін бала тұр­мапты. Ұзақ күттіріп өмірге келген ұлды ағайын-туыс, көрші-қолаң көз тимесін деген ырыммен иттің бауырынан өткізіп, Итемген деген есім береді. Итен «майқұйрық» бала атанып, соңынан Сейтен, Дүйсен, Сұлтан есімді інілері ерген.  

Мектеп қабырғасында жүр­генде оянған жазуға деген құмар­лық оны жергілікті басылым­дардың редакциясына жетелей береді. 1958 жылы Қы­зылорда облыстық «Ленин жолы» га­зетінің редакциясына хат тіркеуші болып қызметке кіреді. «Арада көп уақыт өтпей мектеп қабырғасында оқып жүріп, мақала жазып, танымал болған­дықтан, редакция алқа мүшелерінің ұсынысын газет редакторы З.Жар­қынбаев пен хат бөлімінің меңгерушісі, қазақтың көрнекті ақыны Ә.Оңалбаев қолдап, еңбекшілер хаттары бөлімінің әдеби қызметкерлігіне жоғарылатты», – деп еске алады өзі.

1960-1963 жылдары Сведловск қаласында әскер қатарында қызмет етті, сержант-взвод командирі, әрі округ­тік әскери «Красный боец» газеті­нің штаттан тыс тілшісі болды. 1963 жылы елге оралысымен облыстық «Ле­нин жолы» газетінің жауапты хатшының орынбасары, әдеби қызметкер болып жұмыс істейді. Кейіннен «Сыр бойы» деп аталған басылым Итен Қарым­сақ­ұлы­ның қарымды журналист болып шығуына жол ашты. Басылымның бас редакторы Ұзақ Бағаевтай белгілі тұлғаның тәрбиесін көріп, тәлімін ал­ды. Қалам ұстауға әуес қызылордалық жастардың ұстаханасына айналған газет оның қанатын қатайтты, тәжірибе мектебіне айналды. 

1971-1980 жылдар аралығында Торғай облыстық «Торғай таңы» газе­тінің редакциясында жауапты хатшы­ның орынбасары, Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінің редакциясында бөлім меңгерушісі әрі алқа мү­шесі қызметтерін атқарып, туған жеріне оралады.

1980-1985 жылдары Қызылорда қалалық кеңесі атқару комитетінің бөлім меңгерушісі. 1985-1996 жылдары Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, әрі облыстық прокуратураның бас маманы қызметін қоса атқарып, танымдық-құқықтық басылым «Прокуратура тынысы» газетін тұрақты түрде шығарды, редакциялық кеңестің мүшесі болды. «Газет жұмысының өте ауыр әрі аса қиын-қыстау кезінде жұмыс істедік. Әріп қолмен теріліп, бет жасалатын. Қай­наған қорғасын әріп болып құйы­лып, қол-басымыздың бәрінен қорға­сын иісі аңқып тұратын-ды. Бет-аузымыз бояуға малынып, шаршап-шал­ды­ғып баспаханада түнімен жүретінбіз», – дейді Итен Қарымсақұлы.

Ол ұзақ жылдар бойы құқық та­қырыбына қалам тербеді. Оған себеп, алғаш рет 1996 жылы Алматы қалалық прокуратурасында қала прокуроры, генерал М.Қалиевтің бастамасымен Қазақстан Республикасы Бас проку­рату­расының қолдауымен тұңғыш баспасөз қызметі құрылады. Сөйтіп, сол қызметке Итен Қарымсақұлы тағайындалады. Бұған дейін 40 жылға жуық Қызылорда, Торғай және Жез­қазған облыстық газеттерінің редак   цияларында қатардағы хат тіркеуші болып еңбек жолын бастап, кейін әдеби қыз­меткер, тілші содан соң бөлім меңгеру­шісі, жауапты хатшының орынбасары секілді қызметтерді атқарған ол тәжіри­белі журналист болатын. Арада бір жыл өткен соң, 1997 жылдың көк­темінде Алматы қаласының прокуроры болып тағайындалған генерал Е.Мерзадинов­тің бастама көтеруімен, оның бірінші орынбасары И.Меркельмен бірге прокуратураның тұңғыш құқықтық, танымдық басылымы «Прокуратура хабаршысы» атты екі тілде шығатын газетін шығаруға қол жеткізеді. Ал 2002 жылы бұл газеттің аты «Тура жол» деп өз­гертілді әрі қала құқық қорғау орган­да­рының құқықтық, танымдық басылымы ретінде шығаруды жолға қойды. Газет екі тілде бірдей жарық көрді.  

Замандастары Итен Қарымсақұлы­ның кез келген мақаланы жазғанда да біліп, тінін тарқатып, әр сөзін қаққан шегедей етіп жазатындығын айтады. «Оның негізгі тақырыбы – құқық тақы­рыбы. Бұл тақырыпты алдыңнан көко­рай шалғынды кең жайлау көргендей көсіліп те, думанды той ішінде жүр­гендей шешіліп те жазуға болмайды. Бұл тақырыпты жазғанда әр сөйлем, әр сөзің түгілі, әр нүкте, әр үтіріне дейін жауап­пен қарауың керек. Сондықтан әр сөзің мен әр тыныс белгісіне дейін қарауыл қойып сөйлемесең болмайды. Өйткені ол тақырыпта, негізінен адам­ның қиын да күрделі тағдыры сөз болады. Итен Қарымсақұлы осындай ауыр тақырыпты ұзақ жылдар бойы абыроймен атқарып келеді», – деп ой толғайды көрнекті ақын Темірхан Медетбек.

Сонымен қатар И.Қарымсақұлының мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту ісіне қосқан үлесі де үлкен. Алматы қаласы­ның прокуратура органдарында іс-қағаздарын қазақша жүргізуге көп күш жұмсады. Қазақ тілінің құқықтық салада қолданылуы мен дамуына зор еңбек сіңірді. Оның қаламынан туған құқық тақырыбындағы дүниелері бір бөлек. 90-жылдардың соңындағы жойдасыз жекешелендіру ісі, мемлекет қаржысын талан-таражға салу, ұйымдасқан қыл­мыс тақырыптары бүкпесіз, ашық жазылды. Ол турасында автор өзінің кіта­бын­да: «Меніңше, ең бастысы заңды құрметтеу, заңға бағыну, сосын заң талаптарын мінсіз орындау қажет. Сонда ғана құқымыз қорғалады, одан кейін әділет пен ақиқаттың мерейі әрқашан үстем болмақ.  Бір сөзбен айтқанда, тәртіпті нығайту, құқықты қорғау, заң­бұзу­шылықтың жолын кесу керек», – дейді.  

Ол әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. Бүкіл саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнаған журналист 1989 жылы «Еңбек ардагері» деген атаққа ие болады. «Есіме алсам, әлі бәрі күні кеше тәрізді. Ауылдағы он жылдық мектепті бітірдім, еңбекке араластым, әскерге алындым, содан соң тағы да бұралаңы көп тіршіліктің қамымен екі қолға бір жұмыс дегенім жоқ, бірыңғай журналистік жолға түстім, ғұмырыма қаламды серік еттім» дейді өзі туралы ой толға­ғанда автор.

Итен Қарымсақұлы өмірден көргені көп, түйгені мол журналистік ғұ­мы­рында өзі куә болған оқиғаларды жи­нақтап, кітап жазды. Жазушының «Қоңыр қалам» және «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар» атты кітаптары оқыр­ман назарына ұсынылды. Қоңыр қаламның иесі, қоңыр кісі атанған Итен Қарымсақұлының «Қоңыр қалам» кітабы алты бөлімнен тұрады. Өткен жылдардағы сан қилы кезеңдерде жазыл­ған журналистік еңбек пен үздік ізденістің жемісін осы кітаптан көруге болады. Әрі автордың жүріп өткен жолы да кітаптың негізгі арқауы.

Кейіннен «Жүрек жазбалары» мен «Жаса, жарық күн», «Жақсының жары­ғы»  жинақтары жарық көрді.

Зайыбы Күләйхан екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Тұңғыштары Серік Қарымсақов бүгінде іскерлік қабілетінің арқасында Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде қызмет етті. Индонезияның Алматыдағы құр­метті консулы, «Қазақстан – Индонезия» іскерлік кеңесінің төрағасы қыз­меттерін атқарды. Одан кейінгі ұлдары Бақыт пен Сабыржан, қыздары Сәуле де түрлі салада еңбек етіп, белгілі бір кәсіп иесі атанды. 

Итен ақсақал бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да спорттан қол үзген емес. Бертінге дейін велосипед тепті. Алып мегаполис Алматыда өтетін велошерулерге белсенді қатысатын. Қазір де күнделікті дағдысынан жаңылмай, жеңіл-желпі жаттығуды үзбей жасайды. «Алла берген қуат – денсаулықты күтіп, сауалаутты өмір сүру баршамызға жүктелген міндет. Дені саудың жаны да сау болады», – дейді Итен Қарымсақұлы.  

Ұзақ жылғы табанды еңбегінің жемісін көрген қаламгер Итен Қарымсақ­ұлы «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына – 20 жыл» мерекелік медалінің, Қазақ­станның Құрметті журналисі, Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Бас прокурорының Құрмет гра­мотасымен марапатталған. Қалам­гер­дің бұған дейін өткен өмір жолына ақсақалдық көзбен қарап, тіршіліктен көргені мен көңіліне түйгенін қағаз бетіне қаттап түсіргені бізге мәлім. Белгілі ардагер журналист, сұлу сөздің шебері Итен Қарымсақұлының кейінгі ұрпаққа қалдырар мұрасы таусылмасын деген тілегіміз бар.

Марат САБЫРЖАН