БҚО-да қазір 13 эвакуациялық пункт жұмыс істейді. Осы эвакуациялық пункттерде 968 бала тұрып жатыр. Облыста жағдай әлі де күрделі.
Балалардың оқуына кедергі болмайды
1,757
оқылды

Сондықтан да адамдар үйіне әзірге оралмайды. Ал балалардың білім алуын тоқтатуға болмайды. Сондықтан да БҚО-да эвакуациялық пункттерде тұрып жатқан балалар үшін мұғалімдер арнайы барып сабақ беріп жүр. Бұл үшін қаладағы мектептердің мұғалімдері жұмыл­дырылған.   

Аймақта алты білім нысанында эвакуациялық орталық орна­лас­қан. Атап айтсақ, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында және Орал қаласын­дағы білім нысандарында адамдар тұрып жатыр. Бұдан бөлек, екі жо­ғары оқу орнында үш эвакопункт жасақталған. Білім беру ны­сан­дарын эвакуациялық пункт есе­бінде пайдалану білім беру үрді­сіне ешқандай кедергі емес. Кері­сін­ше, мұғалімдер сол ор­талық­тардағы балалардың саба­ғын үзбей, білім беруді жалғасты­рып жатыр. 

– Өңірдегі төтенше жағдайға байланысты 15 сәуірден бастап Жайық өзенінің жағалауында орналасқан  Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Теректі аудандарының және Орал қаласының мектептері мен кәсіптік-техникалық және қосымша білім беру ұйымдарында оқу процесі қашықтан оқу форматына көшірілді. Қашықтан оқу onlineMektep.org,BilimAll.kz, +Daryn.оnline платформалар ар­қылы ұйымдастырылуда, плат­фор­маның мобильді нұсқалары да жұмыс істейді, – деп атап өтті БҚО Білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева. 

Жайық өзені жағалауында ор­на­ласқан аудандар мен Орал қала­с­ын­да 130 мектеп бар. Бүгінде  об­­лыс бойынша  103 мектепте 75 591 оқушы қашықтан оқып жатыр. 

Біз қала орталығында орналас­қан М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың жатақханасына келдік. Бұл жерде қала маңындағы саяжайдан келген тұрғындар орналастырыл­ған. Қалалық білім бөлімі осы жер­ден арнайы сынып ашып, ба­ла­лардың оқуына жағдай жасапты. Ол үшін арнайы компьютерлер қойылған, интернет желісі қосы­лып тұр. Бұл жердегі балалар өз­дері секілді құрбыларынан қалмай онлайн оқуды жалғастырып жатыр. 

– Мен 2-саяжайдан келдім. Келгеніме үш күн болды. Біз осы жерде онлайн сабақ оқып жүрміз. Анам қасымда бірге отырады. Кәдімгі үйдегідей оқып жатырмыз. Қазір математика сабағы жүріп жатыр. Мен мұғаліммен байланыста отырмын. Бұл жерден көп жаңа достар таптым, – дейді біз сөзге тартқан эвакуациялық пунктте тұрып жатқан Арсен Исмағұлов есімді балақай. 

Ал қалалық білім бөлімі бас­шысының айтуынша, Орал қа­ласында эвакуациялық пунттерде 800-ден астам бала тұрып жатыр. Оның ішінде 500 бала эвакуа­циялық орталықтардағы арнайы ашылған сыныптар арқылы онлайн оқуға қосылған. 

– Біз қанда жағдай болмасын баланың оқу жүйесін ұйымдас­ты­рып отырмыз. Баланың білім алуын, шынығуын тоқтатуға болмайды. Осы бір уақытша қиын­дыққа қарамастан 500 бала онлайн оқып жатыр. Олардың бәрі де қаладағы эвапункттерде орналас­қан балалар. Біз олардың уақытын тиімді өткізу үшін арнайы спорт­тық шаралар да ұйымдастырамыз. Сол үшін қаладағы барлық мұғалім­ді кезекшілікке қойып, осы жұмыстарға тартып отырған жайымыз бар. Балалар қанша уақыт эвапунктте болатынын білмейміз. Жағдай қалай болары әзірге белгісз. Біздің біле­тініміз – балалардың сабағы тоқ­тамайды, –  деп атап өтті қалалық білім беру бөлімінің жетекшісі Ақжарқын Темірханова. 

Айта кетейік, өңірде су тас­қы­ны қаупі басталғалы  13 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Қазір эвапункттерде 2000-нан астам адам тұрып жатыр. БҚО Білім бас­қармасы осы пункттердегі бала­лардың онлайн оқуы үшін қажетті құралдарды жеткізген. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, 

Батыс Қазақстан облысы