Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жарғысына сәйкес, ҚМДБ-ның ресми діни қызметкерлері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында жұмыс істейді.
ҚМДБ: Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесін қиған имамға ескерту ғана берілді
azattyq-ruhy.kz
644
оқылды

Бұл туралы ҚМДБ-ның баспасөз қызметі Aikyn.kz редакциясының ресми жолдаған сауалына берген жауапта айтты.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы кодексінің 2-бабы  3-тармағында тек мемлекеттік органдар қиған неке (ерлі-зайыптылық) ғана мойындалатыны белгіленген.

Осыған орай ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібінің тиісті талабына сәйкес мешіт қызметкерлері неке қию рәсімі алдында болашақ ерлі-зайыптылардан Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті талап етеді.

(Сурет sn.kz)

2022 жылдың 17 қазанында Астана қаласындағы Республикалық бас мешітте Қ.Бишімбаев пен С.Нүкенованың өз өтініштері бойынша куәгерлердің қатысуымен болашақ ерлі-зайыптылардың некесі қиылған. Аталған азаматтардан және олардың туыстарынан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде «жасалу үстінде» деп жауап берген. Сонымен қатар дәстүрге сай екі жақтың ата-аналарының батасы мен рұқсатын алғанын, салт-дәстүр жолымен некелерін қиып беруін өтінген.

Аталған азаматтардан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген, яғни ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзған Республикалық бас мешіт имамы Қанат Қоянбекұлы Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалды.

(Қанат Қыдырмин, muftiyat.kz)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы АХАТ бөлімінде ресми тіркелмеген, дініміз бен дәстүрімізге қайшы келетін «азаматтық некемен» үйленудің шариғаттағы үкімі харам екенін тағы да хабарлайды. ҚМДБ Қазақстан азаматтарын арты опық жегізетін мұндай ауыр әрі лас күнәлі істерден аулақ болуға шақырады, – дейді ҚМДБ-ның баспасөз қызметі.