АҚШ астанасы Вашингтонда және Мэриленд пен Вирджиния штаттарында үлкен қазақ диаспорасын біріктіріп отырған Қазақ-американ қауымдастығы банктен арнайы есепшот ашты.
АҚШ-тағы қазақтар да тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсетті
Фото: Akorda
330
оқылды

Тасқыннан зардап шеккен жұртқа, шетелдегі отандастарымыз да көмек қолын созуда. АҚШ-тың әрбір штатында есепшот ашып, қаржы жинап жатыр,  деп хабарлайды Aikyn.kz Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.

АҚШ-та тұратын қазақтар су тасқыны болып жатқан аймақтардағы халықтың жағдайына ерекше алаңдаулы. Қарғын су келген күннен бастап бірнеше штатта қандастар қаржы жинауға кірісті. Мәселен, АҚШ астанасы Вашингтонда және Мэриленд пен Вирджиния штаттарында үлкен қазақ диаспорасын біріктіріп отырған Қазақ-американ қауымдастығы банктен арнайы есепшот ашты.

– Жәрдем ретінде ақшаны қалай жіберуге болатыны жайында көп сұрақтар келгендіктен, біз Қазақ-американ ассоциациясының атынан қор құрдық. Бұл бір жағынан қайырымдылық жасаушылар алаяқтарға ұрынып қалмай, ақшаның нақты қайда баратынын білуі үшін. Сондай-ақ бұл арқылы адамдар көмек көрсетіп, салығын да азайта алады. Өйткені Америкада қайырымдылыққа жұмсалған қаражаттан салық төленбейді, – деді Қазақ-американ қауымдастығының белсенді өкілі Расул Ешпаев.

Америкада тұрып, жұмыс істеп жатқан қазақтар ғана емес, осында оқып жүрген жастар да қайырымдылық ісінен қалыс қалмады. Питсбург қаласында "Болашақ" бағдарламасымен оқитын Нұрбек Рахманқұл зайыбымен бірге қазақ студенттерінің басын қосып, онлайн платформа арқылы қаражат жинауды бастады.

– Қазіргі таңда елімізде болып жатқан ауыр жағдай бізді ойландырмай қоймайды. Осыған байланысты біз өз мүмкіндігімізді пайдаланып, АҚШ-тағы қазақ диаспорасынан және студенттерден фандрайзинг ұйымдастырып жатырмыз. Бүгінде Қазақстанға өз көмектерін жібергісі келетін қазақ студенттері мен диаспорасы өз мүмкіндіктеріне қарай 20-дан бастап 200 долларға дейін өздерінің қаржылай көмектерін жіберіп жатыр, – дейді студент Нұрбек Рахманқұл.

Екі қорда санаулы күнде бірнеше мың доллар жиналған. Алдағы уақытта көмек қаражатын су басқан өңірлерге аударуды жоспарлап отыр.