Таяуда ғана ARA студиясы түсірген «Шуақты мысықтар» анимациялық сериалдың үзіндісі әлеуметтік желілер арқылы балалар назарына ұсынылды.
«Шуақты мысықтар»: Жаңа әлем – жаңа жанр
410
оқылды

Мультсериалды жоғары бағалаған көрермен пікіріне қарап-ақ қазақ анимациясының қоржыны тағы бір сапалы отандық өніммен толыққанын байқауға болады. Бояуы қанық туындының тарихына қызығып заманауи анимация режиссері Дидар Нұрлаевпен сұхбаттастық.

– Жақында үзіндісі жарыққа шыққан «Шуақты мысық­тар» анимациясының идея­сы неде жатыр? 

– ARA анимациялық студиясы бұдан бұрын бірқатар мультфильмдер түсірген. Мысалы, «Шырақ» анимациясында от­басы­­лық тәрбие пен бірлік негізгі идея бо­лып еді. «Шуақты мысықтар» да бала­лардың бойына осындай ұлтымызға тән басты құндылықтарымызды сіңдіретін анимациялардың қатарында. Екі мульт­фильм де жаңа айтқанымдай, балалардың бойына ұлттық тәрбиені сіңдірудің негізгі құралы бола алады, бірақ олар жанры арқылы бір-бірінен ерекшеленеді. «Шуақты мысықтар» – комедия, экшн және отбасылық жанрдағы сериал. Сонымен қатар жарыққа шыққалы отырған соңғы мультфильмнің басты ерекшелігі – арнайы бір жаңа әлемнің болуы. Яғни, басқа әлем арқылы балалардың назарын қазақ ани­мациясына аудар­ғы­мыз келді. 

– Мысық кейіпкерлерден құ­рал­ған мульт­сериалдың мазмұндық құры­лымы жағынан басқа фильмдерден ерекшелігі неде? 

– «Шуақты мысықтар» – пилотты эпизод, ол дегеніміз – қысқаметрлік фильм емес, бір толық 10 минуттық серияның 3 минуттық үзіндісі. Сол себепті айтқымыз келген ойды осы үш минуттағы үзіндінің ішінде толық ашу біздің мақсатымыз бол­ған жоқ. Біз бұл жерде стиль кандай бола­тынын және толық мультсериалды жасау үшін қанша күш керек екенін анықтау үшін жасадық.

– Отбасындағы ауызбіршілікті балалар­ға түсіндіру үшін кейіпкер ретінде мысық­тарды таңдап алудың себебі қандай? Не себепті «Шуақты мысықтар»? 

– Неге мысықтар? Себебі балалар на­зарына ұсынылатын кейіпкер ретінде мы­сық­тар қызық болып көрінді. Жобамызды қазір бос уақытымызда жалғастырып жа­тыр­мыз. Ал мультсериалды толық жасап бі­тіру үшін бюджет жиналуы керек. Бюд­жеттің жиналуы краудфандинг және спонсорларға байланысты болып тұр.

Ал енді тақырыбына тоқталайын. Ани­мацияда әртүрлі жанрлар кездеседі. Мысалы, киберпанк – адам өмірінде технологияның көп болып кеткенін көр­сететін жанр. Ал соларпанк – күн энер­гиясын пайдаланған заманды көрсететін жанр. «Шуақты мы­сық­тар» ани­мациясын­да мысықтар әле­мі солар­панк жанры арқылы жа­сал­ған. Кейіп­кер мысық­тар қол­данатын роботтар күн жа­рығынан энергия алатын­дықтан, мульт­сериал атауын шуақ­ты мы­сық­тар деп таң­дап алдық. 

– Анимацияны шығаруда қанша маман жұмыс істеп жатыр? Мульт­сериалдың үш минуттық үзіндісі қанша уақытта жасалып, балалар назарына ұсынылды? 

– Пилотты эпизодтың жасалуына шамамен 25 адам қатысып жатыр. Ани­мация саласының мамандары жи­нал­ған. Мультфильмді жасау­ға тек бос уақыты­мызды арнап жатырмыз. Сондықтан үш минуттық үзіндіні жасауға бір жылдай уа­қыт кетті. 

– Қаражат жағы қалай шешіліп жатыр, демеушілер болды ма?

– ARA анимациялық сту­диясы жаса­ған бірқатар мультфильм кинофес­тиваль­дарда үздік атанды. Сондай туындыларды жасау үшін өз қар­жы­мызды пайдаланамыз. «Шуақ­ты мысықтар» да өзінен бұрынғы «Шырақ» анимация­сы секілді ешқандай демеуші­лер­дің кө­ме­гінсіз өз күшіміз­бен, өз қар­жымызбен жасалып жат­қан отан­дық өнім. 

– Білуімізше, «Шуақты мысық­тар» аясында тағы бір­қатар жобалар жүзеге асы­рылып жатыр. Мақсаты қан­дай?

– Қазір біздің студиямыз екі жобамен айналысып жатыр. Біріншісі – Golden Tides атты ойыны. Бұл ойын – студиямыздың басты жоба­сы. Бұл жобаны Рsychedelic games студиясымен бірлесіп жасап жатыр­мыз, ARA анима­ция­лық студиясы аталған ойынның визуалына жауап береді. Бұл ойын ережесіне сәйкес пираттар әле­мінде өз достарыңызбен жасырын қазы­наны іздейсіз. Бір қазынаға төрт адамнан тұратын 31 топ онлайн ойын алаңында қазынаға таласқа түседі. Ойынның ішінде қазіргі уа­қытта 11 ерекше кейіпкер бар. Ойын­шылар жеңіске жету үшін өздеріне ұнаған кейіпкерді таңдап, солармен де бірге жұмыс істей алады. 

Екінші жобамыз – қазір жасалып жат­қан «Шуақты мысықтар» анимациялық мульт­сериалы. Бұл әлі жалғасын табатын жоба. 

Үшінші жобамыз – ARA академия. 

Ол – анимация, моделинг және осы сияқты бірқатар бөлімдер бо­йын­ша курстар ашу. Ондағы мақсатымыз – анимация саласын­дағы мамандардың санын көбейту. Қазір бізде 3D моделингтің базалық курс­тары ашылған. Алдағы уақытта басқа ма­ман­дық қатарын көбейту жоспарда тұр. Мысалы, кейіпкердің дизайнын жасау, риггинг, 3D-анимация сияқты бөлімді қам­титын курстар жас мамандарды даяр­лайды. 

Айтпақшы, жақында Fly Arystan әуе ком­паниясы өзінің ресми сайттағы фильм­дер жинағына «Шырақ», 2018 жылы жарық­қа шыққан қысқаметрлі The Dog және «Шуақты мысықтар» атты анимация­мызды қосты. Бұл біз үшін керемет көр­сеткіш, жақсы нәтиже.

– Анимация кейіпкерлері қалай таң­далады? Алдағы уақытта қандай кейіпкер­лерді қосу жоспарда бар? 

– Кейіпкерлерді таңдау тікелей жоба­ның өзіне байланысты. Жобаның жаса­латын уақыты, идеясы, тарихы бар ғой. Міне, осыларға байланысты кейіпкердің об­разы жасалады. Яғни, бірінші кезекте идея пайда болып, соған қарай кейіпкер таң­далады. Оқиғаны балаларға түсінікті болып жетуіне әсер ететін кейіпкерлерді таңдап алуға тырысамыз. 

YouTube желісінде «Шуақты мысықтар» анимациясының алғашқы үш минуттық үзіндісі шықты. Қазір бұған кеткен еңбе­гіміз толық ақталды деп айта алмаймын, әлі де ақталу үстінде. Мультсериал үзіндісі – студиямыздың істеген жұмыс сапасын, мүмкіндіктерін көрсету үшін жасалған туынды. Бұл арқылы отандық өнімімізді демеушілерге ұсына аламыз. Егер алдағы уақытта демеушілер табылып, қаражат жиналып жатса, «Шуақты мысықтар» жо­ба­сын аяқтауға толық кірісер едік. 

– Қазақ анимациясында қандай кем­шіліктер бар деп ойлайсыз?

– Елімізде қазір анимация саласының дамуына тосқауыл болып отырған мәселе – мамандардың жетіспеушілігі. Осындай мәселенің алдын алу және шешімін табу үшін ARA ака­демиясын ашуды қол­ға ал­дық. Әртүрлі бөлім бойынша жас ма­мандарды даярлап, қазақ анимациясы­ның дамуына өз үлесімізді қосу – басты жос­парымыз. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ