Жоспарда жаңадан 57 су қоймасын салу қарастырылған.
Батыс Қазақстандағы Қамыс-Самара көлдеріне соңғы 20 жылда алғаш рет су келеді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі
1,581
оқылды

БҚО-дағы «Қазсушар» өкілдігі Жайық-Көшім жүйесінен Қамыс-Самара көлдеріне су жіберіп жатыр. Аталған көлдер жүйесіне су 20 жылда алғаш рет барып отыр. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева ОКҚ алаңында мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Президенттің тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі 2030 жылға дейін су шаруашылығы құрылыстарын реконструкциялаудың кешенді жоспарын әзірледі. 

Жоспарда жаңадан 57 су қоймасын салу қарастырылған. 20-сы су ресурстарын басқаруды дамыту тұжырымдамасында да көзделген. Атап айтқанда, Ақтөбе облысында төрт су қоймасын, Түркістан және Жамбыл облыстарында үш су қоймасы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 2 су қойма, Ақмола, Алматы, Қызылорда облыстарында және Абай облыстарында бір су қоймасын салу жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ ведомствоның ресми өкілі қазіргі уақыттағы еліміздің су қоймаларындағы жағдай туралы баяндады. 

«Ақмола облысында Астана және Сілеті су қоймалары 100% толы. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр. Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы да 100% толы, өңірде су тасқыны жалғасып жатыр. Сергеев су қоймасы бөгетінің жотасынан асып кеткен судың биіктігі – 2,6 метр. Бүгінгі күнге Петропавл қаласының шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі – 1355 см, бұл көрсеткіш өткен тәуліктен өзгерген жоқ. Аймақта күрделі жағдай сақталады», – деді спикер.

Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 97%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Өңірдегі жағдай тұрақты. 

Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші шамамен 80%. Абай облысында Шүлбі су қоймасы 74% толды. Өңірде су тасқынының белсенді кезеңі жалғасуда. Шүлбі су қоймасына бүйірлік ағындардың ұлғаюына байланысты су жіберіліп жатыр. Ертіс каскадының су қоймалары штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр.

Батыс Қазақстан облысындағы төрт ірі су қоймасының орташа су жинау қарқыны 80%. Олардың барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Ресеймен шекарада Жайық өзенінің деңгейі 818 см. Қарағанды облысындағы 3 ірі су қоймасы 98% толы. Жағдай тұрақты. Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92%. Екі нысан да штаттық кестеде жұмыс істейді.

Барлық су қоймасында тәулік бойы кезекшілік жалғасып жатыр. Сағат сайын су шаруашылығы жағдайына мониторинг жүргізіледі.