Қарғын су астында қалған кей аймақтағы ахуал тұрақталып келе жатқанымен, әлі де қауіп сейілмеген өңірлер бар.
Өтемақы қалай төленеді?
197
оқылды

Қазір аталған облыстарда тасқынға қарсы жұмыс қызу жүріп жатыр. Қарғын су қайтар, ал келген шығынның өтемі қалай төленеді? Тұрғындардың берілген қаражатқа көңілі тола ма? Бюрократиялық мәселе қалай шешіледі? Көптің көңілін күпті қылған сұрақтар – осы.

Төтенше жағдайлар министрлігі 15 сәуірде таратқан мәліметтерге сүйенсек, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 411 жеке тұрғын үй, 1 607 аула аумағы су астында қалған. Су тасқыны басталғалы бері 111 194 адам, оның ішінде 39 222 бала эвакуацияланды. Бүгінде 11 950 адам үйіне оралыпты. 107 613 бас төрт түлік қауіпсіз жерге апарылған. Су жүрген 103 автожол, су шайған 80 автожол, оның ішінде 9 көпір және 71 жол төсемі бақылауға алынған. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі ресми өкілі Олжас Тілебалдинның айтуынша, тасқыннан қырылған мал саны – 6,9 мың бас. Соның ішінде 5,1 мың ұсақ мал, 1257 мың ірі қара, 355 жылқы шығын болған. Бұл – 10 сәуірге дейінгі жедел деректерге сүйеніп жасалған мәлімет. Эпи­зоотиялық ахуалды сақтау мақсатында өлексе­лерді жою жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінге дейін төрт мыңнан астам өлексе өртелген. Бұл деректер әлі де өзгеруі мүмкін.

Қаржы халықтың игілігіне жұмсалады

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына барған сапарында тұрғындармен кездесіп, бүкіл шығынды өтеу үшін мемлекет барлық тиісті шараны қабылдайтынын айтты. Дәл қазір зардап шеккен тұрғындарға бірреттік өтемақы беріліп жатыр. Ал дүние-мүліктің шығыны арнайы комиссияның есептеуінен кейін төленеді. 

«Үкімет зардап шеккен азаматтардың бар­лығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны сал­дары­нан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқар­лы­ғын­да болады. Бұл – мен үшін басты міндет», – деді Қ.Тоқаев.

Президенттің тасқыннан зардап шеккен аймақтарға барып, оқиғаны өз көзімен көру халықты жігерлендіретіні сөзсіз. Жиған-тергені су астына кетіп, табиғи апатқа қарсы дәрмен көр­­сете алмаған тұрғындарға Мемлекет бас­шысының арнайы келіп, жағдай сұрауы көңілге демеу болады. 

Осы сапар кезінде Қ.Тоқаев елдегі күрделі жағдайға байланысты Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган­дарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма бергенін айтты. Естеріңізде болса, Ақорданың баспасөз қызметі 13-14 маусымға жоспарланған Астана халық­аралық форумы өткізілмейтінін хабарлаған. 

Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығын да қысқармақ. Түгел түркінің басын қосатын дүбірлі додадан бас тартуға болмайтыны түсінікті. Алайда оған жұмсалатын қаражат көлемі айтарлықтай азаяды. Сол секілді Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге Қазақстанның қатысуына бөлінген қаржы да қысқарады. Үнемделген қаражат жойқын су тасқынының салдарын жоюға және зардап шеккен азаматтарға көмектесуге жұмсалады.

Өтемақы төлеу басталды

Тасқыннан зардап шеккен аймақтарда келген залалды қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Бүгінде бірнеше өңірде шығынды өтеу жүргізіліп жатыр. Үкімет бекіткен ережеге сәйкес, тұрғындар жергілікті атқарушы органға шығынды қалпына келтіру бойынша өтініш жазады. Оны 15 жұмыс күн ішінде қарап, залал мөлшері анықталады. Шығын көлемі анықталған соң 30 күн ішінде өтемақы төленеді. Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Арай Дәу­летқызының айтуынша, зардап шеккен тұрғындар 100 айлық есептік көрсеткіш көле­мінде біржолғы материалдық көмек алуға құ­қылы. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар су тасқынынан зардап шеккендер санатына енгізген адамдардың несие бойынша төлемі автоматты түрде үш айға шегеріледі.

Қазір Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарында өтемақы төлеу басталып кетті. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спановтың айтуынша, 187 миллион теңге әлеуметтік төлем берілген. Тексерілген 609 үйдің 269-ы қалпына келмейтіндіктен, иелері жаңа баспана алады. Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев өңірде 107 отбасына бюджеттен тыс демеушілік қаражаттан 96,7 млн теңге өтемақы төленгенін мәлімдеді. Қалпына келмейтін он шақты баспананың орнына салынатын жаңа үй құрылысы басталған. Қарағанды облысында тасқыннан келген залалдың бәрі өтелді. Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте өңірде 60 үйге зардап келгенін, соның 54-іне жөндеу жүргізілетінін жеткізді. Алты үй апатты деп танылып, 5 от­басына үй сатып алынды, бір үй жаңадан салынады. Ақтөбе облысы әкімдігі 960 отбасына 313 миллион теңгеден астам бірреттік көмек берілгенін хабарлады.

Көмек бәріне көрсетіледі

Тасқын табиғи апатқа жататындықтан, қарғын судың кесірінен іске жарамсыз болып қалған тұрмыстық техникаларға, сондай-ақ автокөліктерге де өтемақы беріледі. Бірақ төлем комиссия шешімінен кейін ғана жүргізіледі. Ал автокөліктер сақтандырылса, оның өтемін сақтандыру компаниясы төлейді. Осы орайда ескеретін тағы бір мәселе бар. Аударылған, қираған автокөліктердің жағдайы түсінікті. Олардың шығыны өтеледі. Ал су астында қалып кеткен, бірақ жүруге жарамды көліктер ше? Заң бойынша мұндай «темір тұлпарларға» өтемақы берілмейді. Дегенмен суда ұзақ тұрып қалған автокөліктер уақыт өте келе шіри бастайтыны белгілі. Ендеше олардың иелері дымсыз қала ма? Бұл жағы әзірге белгісіз.

Болған жағдайдан сабақ алу – алдағы қауіптің алдын алу

Қырылған малдың өтемақысы да біраз мәселе туындатуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларын иелері малдары туралы мәлі­меттерді көрсете отырып, жергілікті комиссияға өтініш беруі керек. Ауыл шаруашылығы жануарларына меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады. 

Осыдан төрт жыл бұрын Мақтааралдағы тасқыннан соң түйеге 300 мың теңгеден бастап 1,5 миллион теңгеге дейін, жылқыға 160 мыңнан 380 мың теңгеге, сиырға 110 мың теңгеден бастап 220 мың теңгеге, ұсақ малға 25 мыңнан бастап 45 мың теңгеге дейін, ал үй құсына 2000 теңгеге дейін өтемақы төленді. 

Биыл төрт-түліктің құны нарыққа сай бел­гіленеді. «Меншік иелеріне өтемақы мөлшері ұлттық статистика бюросы жариялаған жануар­лардың түрлері, жынысы мен жас шамасы бойынша нарықтық құны туралы мәліметтер негізінде айқындалады», – дейді О.Тілебалдин.

Заң бойынша сақтандырылған малдарға ғана шығынның орны толтырылады. Бірақ елдің бәрі қорадағы төрт түлігін түгелдей сақтандыра бермейді. Оның үстіне, құжатқа мықтылардың өзі биыл туған төлдерді сақтандырып үлгермеуі де мүмкін. Олардың төлемі қалай болмақ? Негізі, ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша шығындарды өтеу жергілікті атқарушы орган­дардың қаражаты есебінен жүргізіледі. Яғни, шешімді де қабылдайтын солар. Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, құжаты болмаса да тұрғындарға жәрдем көрсетіледі. Осы орайда мәжілісмен бүкіл мәселе жергілікті комиссияның шешіміне байланысты екенін алға тартады. Ендеше бұл жағдайда жауапкершілік жүгі  жер­гілікті атқарушы биліктің мойнында.

 

Табиғи және техногенді апаттар әлемнің түрлі елінде болып жатады. Дауыл мен тасқыннан көз ашпайтын елдерде келтірілген зардаптың салдарын жоюға арнайы қаржы бөлу, халыққа көмектесудің мол тәжірибесі қалыптасқан. Бізде де атқарушы билік болған жағдайдан сабақ алып, келген шығынның орнын толтырудың тиімді механизмін енгізуі керек. 

Ең бастысы, «жаман айтпай, жақсы жоқ», ғаламдық климаттық өзгерістің салдарынан туындауы мүмкін алдағы апаттарға дайын бо­луымыз керек. 

«Сақтансаң, сақтаймын» деген...

Айша ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ