Орталыққа 5-9-сынып оқитын 103 бала орналастырылды.
Оралдық оқушылар «Қамбаш» лагеріне орналастырылды
563
оқылды

Алапат су тасқынының зардабын тартқан Орал өңірінің оқушылары Сыр еліне жеткізілді. Енді балғындар Арал ауданына қарасты «Қамбаш» балаларды сауықтыру орталығында жатып, білім алуды жалғастыратын болады.

Оралдық өрендерді Арал аудандық білім бөлімі көршілес Қазалы ауданындағы теміржол бекетінен сәуірдің 16-сынан 17-сіне қараған түні күтіп алды. Орталыққа 5-9-сынып оқитын 103 бала орналастырылды. 

Қызылорда облыстық Білім басқармасының мәлімдеуінше, батысқазақстандық бүлдіршіндер бүгіннен бастап 10 күн бойы аталған орталықта білім мен тәрбие алады. Сондай-ақ, түрлі мәдени-сауықтыру шараларына қатысады. Ауданның тарихи-мәдени орындарына экскурсия жасайды. 

«Сыр өңіріне келген оқушылар 10 күн бойы Арал ауданы аумағындағы «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында оқып, демалатын болады. Лагерьде балалардың әр сағаты алдын ала жоспарланып қойған. Мәселен, түске дейін сабақ оқыса, сабақтан тыс уақытта түрлі мәдени-сауықтыру шараларға қатысады. Сондай-ақ, ауданның тарихи-мәдени орындарына, мұражайларға экскурсия жасайды. Балалар лагерьде бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Оқушыларға аудан мектептерінен арнайы дайындалған мұғалімдер сабақ береді. Ал бағаны «Күнделік.кз» платформасына балалармен бірге келген жетекшілері қоятын болады», – деп түсіндірді бізге бұл жайында Қызылорда облыстық Білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.

Жалпы мекемеде балаларға барлық қажетті жағдай жасалған. Білікті ұстаздардан офлайн оқу процесі арқылы сабақ оқиды. Сонымен қатар түрлі спорттық, шығармашылық іс-шаралар өткізіліп тұратын болады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы