Кітап көрме-жәрмеңкесін ұйымдастырушы – «Фолиант» баспасы.
«Astana Eurasian Book Fair – 2024» VII халықаралық кітап жәрмеңкесі өтеді
586
оқылды

2024 жылдың 17-21 сәуір аралығында Конгресс Орталығында «Astana Eurasian Book Fair – 2024» VII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

 «Astana Eurasian Book Fair – 2024» кітап көрме-жәрмеңкесін ұйымдастырушы – «Фолиант» баспасы. «Фолиант» – баспа индустриясында 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көпсалалы қазақстандық баспа. Баспа жыл сайын жүздеген әлемдік үздік туындыларды қазақ тіліне аударып және басып шығарады. Фолианттың ассортиментінде қазақ әдебиетінің жауһарлары, әлемдік классика, ғылыми-танымдық еңбектердің сан мың түрі бар.

 «Astana Eurasian Book Fair – 2024» көрмесіне Қазақстан, Ресей, Түркия, Иран, Өзбекстан, Испания және Қытай мемлекеттерінен баспа, кітап сату, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компанияларын ұсынатын 70-ке жуық компания қатысады.

Биылғы жобаның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу, отбасымен бірге кітап оқуды насихаттау, жастардың оқырмандық талғамын қалыптастыру, оқырмандарға жетекші баспалардың кітап өнімдерінің ең жақсы заманауи ассортиментін ұсыну, әлемдік кітап шығару және баспа индустриясының тәжірибесімен алмасу, әлемдік баспалармен байланыс орнату және баспа ісіндегі жетістіктерді көрсету.

«Astana Eurasian Book Fair – 2024» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ересектерге де, балаларға да бірдей қызықты болатын бес күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме қонақтары мен қатысушыларын жетекші қазақстандық және шетелдік баспалардан балалар әдебиеті, көркем әдебиет, ғылыми-танымдық әдебиеттердің тұсаукесері, белгілі ақын-жазушылармен қолтаңба-сессиялар, кітап шығарудың өзекті мәселелері талқыланатын дөңгелек үстелдер күтеді. Бес күндік көрмеде күн сайын ойын алаңында кітап оқу, шеберлік сыныптары және тағы басқа да қызықты іс-шаралар өткізіледі.

Сондай-ақ 2024 жылы 18-19 сәуірде Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Professional Meetings of Publishers деген атпен танымал Astana Publishing Fellowship стипендиялық бағдарламасы өткізіледі. Бағдарламаның мақсаты – Қазақстандағы баспа саласын жергілікті деңгейден әлемдік деңгейге дейін кеңейту, әлемдік баспа тәжірибесінен үлгі алу, сондай-ақ баспа қызметінің сапасын арттыру. Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған бағдарламаға қазақстандық баспагерлерден басқа Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей және ТМД-ның басқа елдері мен таяу шетелдердің баспагерлері қатысады деп жоспарланып отыр. Екі күн ішінде баспа өкілдері, редакторлар және авторлық құқық қызметкерлері әрқайсысы жарты сағаттан тұратын B2B іскерлік кездесулеріне қатысады.

Кітап көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, шет мемлекеттердің елшілері қатысады. Ашылу салтанаты 17 сәуірде сағат 11:00-де Г. Әлиев көшесі, 12 мекенжайындағы Конгресс орталығының фойесінде өтеді.

 Көрме аясында дәстүрлі түрде «Жылдың үздік кітабы» байқауы келесі номинациялар бойынша өтеді:

• Үздік оқулық

• Үздік өлкетану басылымы

• Балалар мен жасөспірімдерге арналған кітап

• Мәдениет және өнер

• Ғылым және инновация

• ГРАН-ПРИ

Сондай-ақ көрме барысында бағалы сыйлықтар тігілген ұтыс ойындары өткізіледі.

Көрме-жәрмеңкенің өтетін мекенжайы: Астана қ., Конгресс орталығы, Гейдар Алиев көшесі, 12.

Көрме-жәрмеңкенің өтетін уақыты: 17-21 сәуір, сағ. 10:00-20:00.

Кіру бағасы - 500 теңге (зейнеткерлерге, балаларға, оқушыларға, студенттерге, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға кіру тегін).