Науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Екібастұзда тойға барған қонақтар тамақтан жаппай уланып қалған
295
оқылды

Кейінгі екі күнде Екібастұз қалалық ауруханасына тамақтан улану және бактериалды-ішек инфекциялары белгілерімен 32 адам жүгінген, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бұл туралы Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді. 

«2024 жылғы 14 сәуірден бері Екібастұздағы қалалық ауруханаға пациенттер тамақтан улану және бактериалды-ішек инфекциялары белгілерімен жаппай келе бастаған. Олардың бойында құсу, әлсіздіктің дендеуі, іш құрылысының ауыруы, дене қызуының көтерілуі белгілері бар. Эпидемиологиялық анамнезді жиыстыра келгенде олардың барлығы 13 сәуір күні Екібастұз қаласындағы әлдебір дәмханада өткен шарада қонақ болғаны анықталды. Пациенттер қабылдау бөлімінде қаралудан өткен соң барлығына шұғыл түрде медициналық көмек көрсетіліп (асқазандары шайылды), жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды. 14 сәуірден бері ауруханаға осындай диагнозбен жалпы саны 32 адам келген», – деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.

Емдеу ұйымына қаралған 32 адамның төртеуі ауруханаға жатудан өз еркімен бас тартқан. Қалғаны бүгінде ем қабылдап жатыр. Науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. 

https://t.me/ekibasvteme телеграм арнасының хабарлауынша, 13 сәуір күні «Grand Hall» мейрамханасында өткен қыз ұзату тойына 200-ден астам қонақ қатысқан. Олардың көбі Қарағанды, Астана, Павлодар және Ақсу қалаларынан келген.