Бұрын қазақтың бір­шамасы ауылда тұратын. Қазір жағдай өзгерген. Қазақы танымның қайнары саналатын ауыл халқы азайып келеді. Бүгінде ауыл­да халықтың жалпы санының 38%-ы ғана қалған.
Адам көшіп барады, ауыл азып
3,681
оқылды

Ауыл – қазақтың тал бесігі, қазақы қасиеттер мен құндылық­тардың түп бас­тауы. Сон­дықтан ауыл қам­қорлықтан, жана­шырлықтан қағажу қалмауы керек. Бұл тұрғыда Үкімет не істеп жатыр? 

Ауылдар неге «өледі»?

Тәуелсіздіктің өткен жыл­да­рында мемлекет тарапынан ауыл­ды дамытуға арналған саналуан бағдарлама қолға алынғанына қарамастан, ауыл тұрғындарының қалаға жаппай көшу үдерісі үдеді. Биылғы қызыл суға қаншама ауыл қарық болды. Олардың тұр­ғындары аудан-қалаларға, ірі ауыл­дарға түпкілікті көшіріледі деп күтілуде. Яғни, біраз ауыл қал­пына келтірілмей, қаңырап бос қалатын түрі бар. Тиісті ста­тис­тика тек қарғын судың беті қайтқан соң жариялануы мүмкін.

ТЖМ дерегінше, 14 сәуірдегі жағдай бойынша бес өңірде – Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 4 870 жеке үйді су басып жатыр. Бұл өңір­лерде 3 402 жеке үйден және іші­нара су басқан 2 041 ауладан су сорып шығарылды. Яғни, тек бес облыста он мыңға жуық үй су ас­тында қалған. Жалпы алғанда, елі­мізде он екі өңірде су тасығаны белгілі. Кейбір жерде тасқынға әзірге толық тосқауыл қойылған жоқ. Ауыл-аймақтан жалпы саны 107 119 адам, соның ішінде 38 457 бала эвакуацияланды. 

Мамандар «100 жылдан бері болмаған» деп бағалап жатқан бұл апатқа дейінгі, 2023 жылдың қорытындысындағы статистика бойынша Қазақстанда 6 286 ауылдық елді мекен болды. Онда 7,5 миллион адам тұрған. Бұл республика халқының жалпы санының 38%-ындай ғана. 

Айтпақшы, ауылдар санының қарқынды азайып бара жатқанын Ұлттық статистика бюросы рас­тады: 2024 жылдың қаңтарында ауылдар саны 6 256-ны құрады, яғни бір айда 30 ауыл жойылған. Тасқыннан кейін қанша ауыл қа­латыны жылдың екінші жар­ты­сында белгілі болады: статбюро Қа­зақстанның әкімшілік-терри­ториялық бірліктері туралы ке­лесі статистикалық хабарламаны 19 тамызда жариялайды.

Ол статистика тіптен шо­шын­туы мүмкін. Мысалы, елімізде 50 адамнан да аз тұрғыны ғана қалған 549 ауыл бар.

Ауыл халқы демография­сының талдауына сәйкес, соңғы 10 жылда ауылдықтардың орташа жылдық санының тоқырауы байқалады. Салыстыратын бол­сақ, ресми статистика бойынша осыдан он жылдай бұрын, 2013 жылы Қазақстан халқының саны – 16,9 миллион адам болғанда, ауылда – 7,6 миллион адам не­месе қазақстандықтардың 45%-ы өмір сүріп жатыпты.

Ал 2023 жылы Қазақстан халқының саны – 20 миллион адамға жеткенде, ауылдықтардың жалпы саны 7,5 миллион адамды құраған. Яғни, бір қарағанда сан шамалы өзгерген, алайда жалпы үлесі 38%-ға дейін құлдырады. Мұндай қарқынмен, тағы бір он жылдан соң ауылда отыз пайыз­дай ғана халық қалуы ықтимал. 

Ұлттық статистика бюросы мамандарының түсіндіруінше, урбанизация жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Бұл ретте ауыл хал­қының саны табиғи өсім арқа­сында ғана бір деңгейде қалды: қалалықтарға қарағанда, ауыл­дағы аналар көбірек бала туады. Бірақ ол өсім ауылды тәрк етіп кетіп жатқандардың қалың нөпір легінің орнын толтыра алмады. 

Швейцарияның үлгісі шабыттандырады

Сенатор Жанболат Жөр­ген­баевтың айтуынша, қалаға ауған жұрттың қалың көшіне ілес­кендер арасында ауыл шаруашы­лығының мамандары және ауыл кәсібінің көзін таба білетін адам көп.

Мысалы, фермер, агроном, орман саласының маманы, меха­низатор және басқасының қалада өз мамандығы бойынша жұмыс табуы екіұдай. Содан олар өзге мамандыққа қайта бейім­деледі, Қазақстан болса, қыруар қаржы жұмсап, оқытқан мықты кадрден айрылады. Жетексіз кеткен ур­банизацияны бақылауға алудың бір маңызы да осында. Ауылдың білікті мамандарын мүмкінді­гінше, ауылда ұстап қалып, бар­лық қажетімен қамтыған, ын­та­ландырған жөн. Әйтпесе, нарық пен жұмыс күшінің еркін қоз­ғалы­сы заманында маманды ауылда қатаң шектеу-тыйыммен байлап ұстай алмайсың. 

– Мегаполистердің инфра­құрылымдық дамуы жаңа сапалы жұмыс орындарын құру үде­рісімен үндестірілмеген. Ауыл­дық жерлерден қалаларға келген мигранттар сапалы жұмыс таба алмайды. Бұл ретте географиялық қана емес, секторлық көші-қон да жүріп жатыр. Сондықтан ішкі көші-қонға қалалар уағында қам­данбаса, урбанизация ырыққа көнбейді. Мұндайда қала мен ауыл халқы да тұйыққа тіреледі. Соның ішінде қалаға барғандар жалдау ақысы арзандау саяжайға қоныстанып, ондағы тұрмысты жайлы етуге байланысты әлеу­меттік қолдау шараларын талап ете бастады. Бір тобы жұмыссыз, үйсіз-күйсіз жүрсе, пәтер жалда­ған­дары пеш жағып, су тасып, орталықтандырылған жылуға, ауызсуға жарымай жүр, – деді Ж.Жөргенбаев.

Ауылдың қалаға жөңкілуі кей өңірлерде жұмыс күшінің шектен тыс артуына және керісінше, кейбірінде жұмыс қолының тап­шылығына әкеледі. Мысалы, болжам бойынша профицит Оңтүстік макроөңірде – Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шым­кентте күшейеді. 2029 жылға қа­рай Солтүстік макроөңірде жұ­мыс күші 10%, Орталық-Шығыс макроөңірде 12% қысқарады деп болжанды.

ІІМ дерегінше, Қазақстанда ішкі көші-қон барысында тір­келген азаматтарының ең көп саны Алматы (264 983), Астана (236 961) және Шымкентке (98 441), сондай-ақ Алматы (121 665), Түркістан (117 345), Қарағанды (89 632), Қостанай (67 892) және Жамбыл (67 734) облыстарына тиесілі. 

Еңбек нарығы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту тұр­ғысынан өңірлер де, мегаполистер де мұндай көші-қонға дайын емес. Былтыр Астанада су тап­шы­лығының туындағаны – ба­қыланбайтын урбанизация сал­дарынан туындаған инфра­құрылымдық проблеманың бір мысалы.

Халықаралық ұйымдардың аясында елдегі урбанизация проб­лемаларын зерттеп жүрген ға­лым Александр Беловтың ай­туынша, сарапшылар урбани­за­цияның Еуропадағы дамыған елдерде де қарқынды жүріп жат­қанын алға тартқанда, Қазақстан­ның ерекшелігін ескере бермейді. Мысалы, Ұлыбританиядағы урбандалу көрсеткіші 83%, Францияда – 79%, Германияда 75%-ды құрайды. 

«Бірақ Еуропа елдері шағын болып келеді, Қазақстанның территориясы ұлан-байтақ. Тіпті, АҚШ-тың өзі урба­низа­цияны бақылауда ұстайды, ше­ка­ралық аумақтар жалаңаш­танып қалмауы үшін халықтың Аляска, Аризона, Айдахо, Монтана, Огайо сияқты ел шетіндегі штат­тарда орнығып, тұрақты қалуы үшін қуатты мем­лекеттік қолдау көрсетеді, түрлі субсидия береді. Аумағы жөнінен әлемде тоғызын­шы орындағы Қазақстан бүкіл халқын айнал­дырған 89 қаласын­да жинап алып отыра алмайды. Бұл – ұлттық қауіп­сіздікке нұқ­сан келтіреді», – деді сарапшы.

Мұның сыртында оның ай­туынша, шектен тыс урбаниза­цияның елге пайдасы жоқ, зияны көп. Оның соңы қалаларда кедей адамдар үлесінің артуына, бас­панасыздық проблемасының ушығуына, көше қозғалысының шамадан тыс жүктелуіне, эко­логияның қарқынды ластануына соқтырады. 

Сондықтан урбанизацияны құрықтау үшін мұқият, жан-жақ­ты ойластырылған саясат қажет. Ол саясат ауылдық елді мекен­дерді кешенді дамытуға, ауыл ша­руа­шылығының өнім­ділігін, тиі­сінше, табысын арт­тыруға, ха­лықты қаладан әкету үшін агло­мерациялардың артық­шы­лықта­рын пайдалануға бағыт­талуға тиіс. 

Ауыл шаруашылығына ин­но­вация дендей енсе, озық білім мен білікке ие мамандар мен ғалымдар да ауылға ден қояды. Экономиканы диверсифи­ка­ция­лау, жаңа нарықтарға шығу, ауыл­дағы инфрақұрылымды жақсарту, өмірдің жайлылық деңгейін арт­тыру да – халықты ауылды тұрақ­тандыруға ықпал етеді. 

Мысалы, таяуда әлеуметтік желілерде тараған видеода Ресейдің Іркіт қаласында ҚХР-дың бас консулы міндетін ат­қарушы Сунь Чуаньцзян Қытайда тіпті ауыл-уездерде де метро ба­рын мақтан етті. Қазақ ауылдары дамыса, метросы бола қоймас, алайда сонда қолайлы, зәулім тұрғын үй кешендері бар «мил­лиардер ауылдар» өркен жаюы әбден мүмкін. 

Қазіргі заманғы озық ауылдар әлемде әлеуметтік трансфор­мация мен инновацияның табиғи лабораториясы рөлін де атқа­рады. Мысалы, Швейцарияның ауыл­дарына урбанизациядан шар­шаған қалалықтар тұмса табиғат аясында ләззат алып, таза ауа жұту үшін турист ретінде бүкіл әлемнен ағылады. Ұқсас әлеует қазақ ауылдарында бар, тек инвестиция салып, толыққан­ды жүзеге асыруға зәру.

Ауылды қолдайтын қанша бағдарлама бар?

Үкімет басшысы Олжас Бек­тенов сенаторлардың сұрауына орай ауылды дамыту бағытында жасалып жатқан іс-шаралар туралы егжей-тегжейлі ақпарат жолдады.

«Қазір Ұлттық экономика министрлігі – өңірлік саясат саласындағы, оның ішінде ауыл­дық аумақтарды дамыту бөлігін­дегі уәкілетті орган болып бекі­тілген. Ол елдің өңірлік саясатын іске асыру, агломерацияларды, шағын қалаларды, моноқа­лаларды, ауылдық және шекара маңы аумақтарын дамыту жө­ніндегі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіреді. Қабылданып жатқан қолдау шаралары ауылдық жер­лерде өмір сүруді дамытуға және халықтың кетуін азайтуға ықпал етеді. Бұл мәселе Үкіметтің тұ­рақты бақылауында!», – деп сендірді Премьер. 

О.Бектенов бүгінде қандай мемлекеттік бағдарламалар ауыл­ды өркендетуге бағытталғанын тізбеледі. Нақтылағанда, «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақ­тауды жаңғырту», Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, «Бір ауыл – бір өнім», «Ауыл – Ел бесігі»,  Қа­зақстанның ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырылып жатыр.

Ауыл халқының табысын арт­тыру үшін «Ауыл аманаты» бағ­дарламасы қолға алынды. Оның аясында ауыл ша­руа­шылығы кооперативтерін дамыту үшін 8 мың АЕК-ке не­месе 2024 жылы 29,5 миллион теңгеге дейін кредит беру көз­делген. Бұл ауылдықтарды ауыл­шаруа­шы­лық техникасын, қажетті жаб­дық­тарды сатып алуға, өсімдік және мал шаруа­шылығы өнім­дерін қайта өң­дейтін шағын цехтар ашуға ынта­ландырады. 

Бағдарлама бойынша, 2023 жылы 74,8 миллиард теңге со­масына 12,1 мың микрокредит берілді. Соның 5,8 миллиардын 287 ауыл шаруашылығы коопе­ративі алды. Биылғы 2024 жылға 16,7 мың микрокредит беру жос­парланған: оған 100 млрд теңге қарастырылды. Бұл ауылда 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Яғни, осы бағдарлама бағытында қолдау көлемі артты.

Бұдан басқа, агроөнеркәсіп кешені салаларына, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге инвестициялар тарту жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, 2023-2026 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешені­нің инвестициялық жобаларын іске асырудың Жол картасы ая­сында 2023 жылы 3 856 жаңа жұ­мыс орнын құра отырып, 275,6 мил­лиард теңге сомасына 289 ин­вестициялық жоба пайдалану­ға берілді. Оның ішінде елдің шекаралас өңірлерінде 3 мың жұмыс орнын құрған, 224,8 мил­лиард теңге тұрған 222 инвес­тжо­ба іске асырылды. Бұл жобалар арзандатылған кредит, субсидия­лау, жер ресурстары және қажетті инфрақұрылыммен қамтылған.

Сонымен қатар «Мен кәсіп­кер» жобасы аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы қолға алынды. Қазір 519-дан астам өнім өн­діру­ші қатысқан 20 өңірлік көрме өт­кізілді. Өңірлік бренд-комитет­тер жергі­лік­ті шикізаттан өн­діріл­ген 60 та­уар­ды (әр өңірге  3 тауардан) анық­тады. Бұл жоба өңірлердегі экс­порттау немесе өндіру үшін на­рық­тық әлеуеті бар перспективті тауар­ларды анық­тауға мүмкіндік береді.  

Бұдан басқа Үкімет даму әлеуеті жоғары – тірек, спутник­тік ауылдардың тізбелерін өзек­тен­діріп, соның негізінде әрбір өңір бойынша «Ауылдық аумақ­тар­ды дамыту Жол карта­лары» бекітілді. 

Жетімбұрыш жағалаған жалғыз

Сарапшылар халықты ауылда ұстап қалу үшін, әсіресе солтүстік өңірлерде ақшалай үстемеақылар, субсидиялар, жеңілдіктер, пре­фе­ренциялар жүйесін енгізуді ұсынып келеді.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, республикада Аза­маттық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес, ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздан­дыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандарға, жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша 25%-дан кем емес арттырылған ай­лықақылар (тарифтік мөлшер­лемелер) белгіленген. Бірақ оны жергілікті бюджеттер шама-шарқына қарай төлейді. 

Белгілі болғанындай, қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бір­лесіп, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін одан әрі жетілдіру бо­йынша жұмыс жүргізіп жатыр. 2023 жылдан бастап жергілікті әкім­діктерге жергілікті бюджет­тен қаржыландырылатын ұйым­дар­дың қызметкерлеріне қосым­ша ақы белгілеу құқығы берілді. 

Бұдан басқа жергілікті ат­қарушы органдар өз өңірінде сұранысқа ие мамандар үшін әлеуметтік пакетті де қарастыра алады. Жаңа Үкімет Әкімшілік реформаның аясында өңірдегі өмір сүру деңгейіне байланысты ауылдағы азаматтық қызмет­шілерге қосымша ақы беру мүм­кіндігін зерделеуге ниетті. 

Үкімет ауылға аттанатын ма­мандардың жетімбұрыш жаға­лауы проблемасын шешуге тыры­сады. Осы мақсатта жұмыс беру­шілердің өз жұмыскерлері үшін ауылдық жерде тұрғын үй салуға жұмсаған шығыстарын өтеу тетігі енгізілді: жұмыс берушілердің ауыл­да үй салуға кеткен шы­ғындары бюджеттен субсидияла­нады. Бұл шараны іске асыруға 2028 жылға дейін бюджеттен жыл сайын 1 миллиард теңгеден бө­лінбек. Нәтижесінде, жұмыс беру­шілер жыл сайын 200 тұрғын үй салып, субсидия ала алады. 

Әрине, бұл шаралар әлі де жет­кіліксіз. Ауылды гүлденту стра­­тегиялық міндет болған­дық­тан, оған тұтас стратегиялық құжат арнаса, бұл онсыз да аз ресурс­тардың қаптаған бағдар­ламаға тарыдай шашылуына соқтырмас еді.

Айхан ШӘРІП