Қазақтың ұлт ретінде қа­лыптасып, мемлекеттілігінің бастауында тұрған та­рихи тұлғаның бірі – Жошы хан.
Берекет Кәрібаев, тарихшы: Қазақ хандығына негіз болған – Ұлық ұлыс
604
оқылды

Өмірінде 60-қа жуық шайқасқа қатысып, әлемнің 200-ге жуық қалаларын ба­ғындырған батыр әрі батыл қолбасшы. Тарихшылар оған ымырашыл, бейбітсүйгіш адам ретінде баға береді. Дешті Қыпшақ даласын би­леген хандардың да өмір жо­лын оқып-ақ олардың ар­ғы атасы Жошының қандай бол­ғанын аңғарамыз. Биыл – Жошы ұлысының негізі қа­ланғанына 800 жыл. Осы орайда ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы,  профессор Берекет Кәрі­баев­пен сұхбаттасқан едік.

– Берекет Бақытжанұлы, ең әуелі Жошы ханның тұлғалық бол­мысына тоқтала кетсек. Жо­шы қандай қолбасшы болды?

– Шыңғыс ханның тұңғышы Жошы ХІІ ғасырдың 80 жыл­дары, нақ­тырақ айтқанда 1182 жылы туған. Жошы жас күнінен-ақ қолбасшылық қабілетімен көз­ге түседі. Әкесімен бірге көп­теген шай­қасқа қатысты. Ең әуелі Шың­ғыс хан 1206 жылы Моңғолия ау­мағындағы барлық қар­сы­ластарын жеңіп, билікке келгенін баяндасақ. Сол кезде моңғол-түркі тілдес тайпалардың бәрі қаласын-қа­ла­масын Шың­ғыс ханды түгел мойын­дайды. Тіпті, «Моңғолдың құ­пия ше­жіресі» кітабында өлең­мен:

«Тимучин, бейбіт заманда жар­лығыңызға құлақ аспасақ, онда бү­кіл малымыз сізге садаға. Ал со­ғыс кезінде жарлығыңызға құлақ ас­пасақ, онда малымыз да, жа­ны­мыз да садаға», – делінген сөздер кез­деседі. Оның астарында үлкен мән жатыр, өйткені Шың­ғыс хан осылайша тұтас Моң­ғо­лия жерінде жеке-дара атқарушы билік орнат­қа­­нын көрсетеді. Ен­­дігі кезекте сол­түстігіндегі ор­ман тайпа­лары, оңтүстігі және ба­тысын­дағы тай­па­лар, яғни біз­дің ата-бала­ла­ры­мыз­ға қарсы жорық ұйымдас­тыры­ла бастады. Со­ның ішінде 1207-1208 жылда­ры алғашқы ор­ман тайпаларына қарсы жорықты тұңғыш ұлы Жошыға сеніп тап­сырады.

Олардың құрамында сол кез­дегі қырғыз тайпалары, буряттар да болды. Жердің шалғайлығына қарамастан, жас әрі батыл Жошы атақты қолбасшылармен бірге жауға тұтқиылдан шабуыл жасап, қарсыласын тез арада бағынды­рып алады. Бұл Жошының ең ал­ғашқы сәтті жорығы болды. Одан кейін 1213-1215 жылдары моңғол әскері қытайдың солтүс­тігіндегі пат­шалықтарға шабуыл жасады. Бұл жорықтарда да үш бағытқа бөлін­ген әскердің бір бөлігін Жошы бас­қарды. Мұнда да ол өзінің со­ғыс тактикаларын шебер меңгер­генін көрсетіп жеңіс­­ке жетеді. Сол сәтте Шың­ғыс хан ұлының ба­тырлығы мен ержүректігіне тағы да куә болып, қолбасшылық өнеріне дән риза болады.

Ал 1216 жылы Дешті қыпшақ аумағына келіп, бұрын бағынбай қашып кеткен меркіт тайпаларын Орталық Қазақстандағы Ырғыз даласында талқандайды. Ол кезде Жошының қол астында көп болса, бір түмендей (15-20 мыңдай) әс­кері болған. Дәл сол кезде Дешті Қыпшақ аумағына оңтүстіктегі Мауренахр айма­ғынан Мұхаммед Хорезм-шах 80 мыңға жуық әскерімен жорыққа келеді.

Екі елдің арасында әлі еш­қандай да байланыс орнай қой­маған, мемлекетаралық келісім­шарттар жасалмаған кез. Жошы соғыспай бейбіт тарасуды ұсы­нады. Бірақ соған қарамастан Мұ­хам­мет Хорезм-шах өз әске­рінің көптігіне сеніп ұрысты бастап жі­береді. Әрине, Жошы сол жерде шайқасуға бел буады. Тіпті, Хорезм-шахтың ставкасы қолға түсе қала жаздап, ал­ғаш рет моңғол атты әскерінің соғыс шеберлігіне куә болады. 

Арада бірнеше жылдан кейін Шыңғыс ханның 15 мың әске­ріне қарсы шықпай, әр қалада жеке-жеке горнизонға бөлініп соғысу тактикасын қолданады. Бұл бүкіл империяның бас-аяғы екі-үш жыл ішінде ойсырай жеңіліп моң­ғолдардың қолына өтуіне алып келді. 

Кейіннен 1219-1222 жыл­дары Шыңғыс хан­ның ба­тысқа, яғни Дешті Қып­шақ, Хорезм жер­леріне жорығы барысында да Жошы моң­ғол әскерінің бір бө­лігіне қол­басшылық етеді. Шың­ғыс ханның өз әскерін үшке бө­ліп шабуыл жа­сауын сегіз ғасыр өткен соң Екін­ші дүние­жүзілік соғыста Гитлер қай­талағанын көреміз. 

Зерттеулерге сүйенсек, Шың­ғыс ханның шайқас алаңына шы­ғатын әскерлерінің саны 120 мың, тағы 30 мың қосымша әс­кері бол­ған. Ал Мұхаммед Хорезм-шах­тың әскері 350-400 мыңға жуық. Сол кездегі соғыс заңдылығына сүйен­сек, шабуыл­даушы жақтың әскері қорғанушы тараптан үш есе көп болуы керек. Ал бұл жағдайда, кері­сінше, Шыңғыс әскері үш есе аз болса да, Хорезм еліне соғыс жариялап отыр. Бірақ геосаясатта «Соғыс қажет болса, сылтау табылады» деген қағида бар. Шың­ғыс хан­ның негізгі мақсаты Жібек Жолы бойындағы маңызды қа­лаларға иемдік ету, бақылау ор­нату болды. Оны билікке әкел­ген ірі феодал­дық топтардың мүд­десі де жоқ емес. Өйткені оларға да мал ша­руа­шылығымен айналысатын көшпелі тайпаларға қажетті жер тауып беру керек. Осылайша, моңғол әскерінің бірінші тобын бас­қарған Жошыға әкесі «Сыр­да­рия өзенінің ортаңғы және төменгі ағысындағы қалаларды бағын­дырып, Хорезм астанасы болған Үргенішке оралу» туралы тапсырма береді. Әскердің екінші бөлігіне Шағатай мен Үгедей жауапты бол­са, үшінші бөлігін Шыңғыс хан­ның өзі мен кіші баласы Төле бас­­­қарады.

Соның ішінде Жошы әбден қалып­тасқан қолбасшы, страте­гиялық, тактикалық тұрғыдан тиім­ді шұғыл шешімдер қабыл­дай алатын, өжет, батыр, ержүрек тұлға екенін көрсетті. Ол өзіне жүктелген міндеттерді бұлжыт­пай орындай алды. Сыр өңірін­дегі қалалардың кейбірін соғыс­пен алса, енді бірін бейбіт жол­мен 1221 жылы толық бағындыр­ды. Одан бөлек, жаулап алған халықтарының ішінен тағы бір түмен әскер жасақтап, оларды Үргенішке аттандырады. 

– Шыңғыс хан осы себепті Жошыға дәл осы аумақты бас­қаруды тапсырды ма? Тарихта оны өз әкесі өлтірген деген дерек­тер шындыққа жанаса ма? 

– Негізі Шыңғыс ханның батысқа жорығында оның әскері Солтүстік Иран, Кавказ, Дербент арқылы оңтүстік орыс жерлеріне жетіп, 1223 жылы сол жерде қып­шақ және орыс әскерлерін тал­қан­дап, Каспийдің солтүстігіндегі Еділ-Жайық арқылы қайтып ора­ла­ды. Бұл «барлау арқылы соғыс» деп аталады. Осылайша, Әмуда­рия­ға дейінгі барлық жер Моңғол им­­периясының құрамына қосы­ла­ды. 1224 жылы Шыңғыс хан әрі қа­рай еліне қайту үшін құ­рылтай жа­сап, сол аумақты заң­ды әйелі са­налатын бәйбішесінен туған төрт баласына бөліп береді. Тұң­ғыш баласы Жошыға Дешті қып­шақ даласынан Ырғызға дейінгі жерлерді берді. Әрине, бұл жерде этникалық және ша­руа­шылық принципті негізге ал­ғаны түсінікті, себебі бұл ай­мақты мекен еткен тай­палар да көшпелі мал шаруа­шылығымен айналысатын. Жазда жайлауда болса қыста Сырдария­ның тө­менгі, орта ағысы бойын ме­кен­дейтін. Осы өңірлердің бар­лығын ұлы Жошыға тапсырды. 

Жошы 1216 жылғы меркіт­тер­мен шайқаста өзі көрген Ұлы­тау өңірін орталығы ретінде таңдап ала­ды. Бірақ ол 1227 жыл­ғы Қы­тайға қарсы соғысқа қа­тысқан жоқ. Әрине, Жошының ерлігі жауларының көбеюіне әсер етпей қоймайды. Соның әсе­рінен әкесі мен баласының ара­сына от салу­шылар пайда бол­ды. Де­ректерде Жошы 1227 жылы ақпан айында немесе ерте көктемде қайтыс болғаны айты­лады. Ал оның қалай көз жұмға­ны жайын­да аңыз-әңгіме өте көп. Ха­лық арасында ақсақ құ­лан теуіп өл­тірген, Шыңғыс хан­ның өзі жіберген адамдар омырт­қасын үзіп өлтірген, у бер­ген деген сынды нұсқалары тарай­ды. Бірақ одан көп ұзамай сол жылы Қытайға жорығында Шыңғыс ханның өзі де көз жұмады. 

– Ел арасында Ұлытаудағы Жошының зиратына қатысты алып-қашпа әңгіме көп. Бұл шы­нын­да да Жошының кесенесі екені ғылыми тұрғыда дәлелденді ме?

– Жошы билік еткен кезде әлі де мұсылманшылықтың белең ала қоймағаны рас. Жошының ұлдары өте көп, бір дерек бойын­ша 18, 13 немесе 14 деп кездеседі. Оның ішінде заңды ұл­дары: Орда Ежен, Ба­тый, Шибан, Берке жә­не тағы басқа осы өңір­де қал­ғаны белгі­лі. Бірақ таққа неге бі­рінші ұлы Орда Ежен емес, екін­ші ұлы Батый отыр­ды деген қарама-қай­шы пікірлер кезде­сіп жатады. Бұл туралы «Шыңғыс­нама» еңбе­гінде де, «Рашид-ад-дин» жылна­малар жинағын­да да кездеседі. Бі­рақ Жошы ұлысы­ның тағына Батый отырғаны анық. 

Ал қазір Орталық Қазақстанда ор­наласқан Жошы ханның мав­зо­лейі деп аталатын ескерт­кіш­ке алғаш рет 1940-1950 жыл­дары толыққанды зерттеулер жүргіз­гендердің бірі – Әлкей Марғұлан. 

– Бұл зерттеу экспедициясына Қаныш Сәтпаевтың да қатысы бар ма?

– Қаныш Сәтпаев бұл өңір­лерді геологиялық тұрғыдан зерт­теді. Ғалым болғандықтан ол көр­ген-білгендерін түртіп жүр­гені бел­гілі. Мысалы, Ұлытаудағы тас­қа жазып қалдырған Әмір Темірдің жазбасын алғаш рет тауып, сол жайында ақпарат берген – Қаныш Сәтпаев. Ол тасты кейіннен Мәс­кеуге алып кетті. Ал оның көшірме­сін Жезқазған қаласындағы музей­ден көре аласыздар.

Әлкей Марғұлан зерттеу­лері­нің қорытындысы өте құпия сақ­талған, сондықтан онда жер­ленген адамға қатысты түрлі нұcқа кезде­седі. Мысалы, бір дерек­терде, бір қолы жоқ шолақ адам жерленген десе, енді бір еңбек­терде ересек адам мен жас бала­ның сүйегі табылған делінеді. Дегенмен қазір біз осы зират Жошы ханның мав­золейі деген нұсқаға келіп тоқ­тадық. Әрине, жасыратыны жоқ ХІХ ғасырдан бастап, еліміздегі барлық мавзо­лей мен қорған мен төбе, Ресей­ден келген алтын із­деушілер та­рапынан тоналды. Бүгінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» кездейсоқ аман қалған, ал Шілікті жерінен та­былған ес­керткіш ол тоналып содан қалға­ны ғана. Ресей им­периясы тұсындағы түрколо­гия ғылымының негізін қалаушы ға­лым Василий Радлов та көп­теген қорғанды жабайы алтын іздеуші­лердің төбеден тесіп, тонап жат­қанының куәгері бол­ған. Ол мұны тоқтату қажеті туралы кейіннен Үкіметке хат жазады. 

Осылайша, еліміздегі барлық ескерткіш пен обаның 90 пайы­зына жуығы тоналып кеткен. Осыдан кездейсоқ аман қалған тарихи жәдігерлерімізден қазір сенсация жасап отырмыз. Жошы ханның кесенесі де ғылымға белгілі болғаннан кейін, оның қирамай аман қалғанының өзі біз үшін бақыт. Сондықтан кім не десе де, біз үшін ол Жошы ханның мавзолейі болып қалуы керек. 

Мысалы, Жапониядағы им­ператорлық әулеттің тарихы 2 600 жылға созылып жатыр. Са­лыстырып айтқанда, Ресей импе­риясында да бірнеше әулет ауысты, бізде де Ашина әулеті, Шыңғыс әулеті, кейіннен боль­ше­виктер басқарды. Қытайда да билеуші әулет өте көп. Жапо­нияда әлі күнге дейін билік құ­рып отырған әулеттің негізін қа­лаған адам күн нұрынан жара­тылған деп сенеді. Бүкіл жапон қоғамы осыған иланады. Ғы­лыми тұрғыдан оның ет пен сүйек­тен жаралған жан екеніне көзі жетіп отырса да, осындай ұлттық құндылықтарына күмән келтірмейді. Сондықтан біз де өз тарихымызға үңілер кезде халық­тың санасына ғасырлар бойы сіңіп қалған құндылықтарды сақтап тырысқанымыз абзал. 

Деректерде ХVІ ғасырда Шай­бан елінің ханы Аб­дулла ІІ Ташкент билеушісі Бабаханмен соғысып жүріп Ұлытау өңіріне келгені жөнінде айтылады. Сол жорығында Жошының мавзолейі тұрғанын көреді. Бұл сол кездегі жазба де­рек­терде бар. Одан кейінгі еңбек­терде де осындай мәлі­метті кез­дестіруге болады. Де­мек ол көп­те­ген ғылыми ең­бек­те баяндал­ған­дықтан, бұл Жошы ханның кесе­несі деп айтуға толық негіз бар. Деген­мен мав­зо­лейдің архитек­турасына қа­райтын болсақ, бұл классикалық үлгідегі Қазақстан­да­ғы діни ескерткіштердің қатарына жа­тады. Ал Жошының өзі ХІІІ ғасырдың бірін­ші ширегінде әлі де ислам діні етек жаймаған кезде өмір сүрді. Демек бұл ХІV-ХV ғасырда са­лынған. Мәселен, ХІV ғасырдың бірінші жарты­сында Өзбек ханның билігі тұ­сында Ақ Орда, Көк Ор­даның гүл­денгені және Ақ Орданы би­леген Ерзен хан өзі билік құрған кезеңде көптеген ғимарат, ханака мен мешіт-медресе салғызғаны ай­тылады. Сол кезде ата-баба әруа­ғына құрмет ретінде Жошы ұр­пақтарының бір өкілі хан-ба­басының басына кесене тұрғызған болуы мүмкін.

– Жошы негізін қалаған Алтын Орда секілді алып империяның 2,5 ғасырға жуық салтанат құруының сыры неде?

– Ғалымдардың арасында Алтын Орданың билік құрған жылдарын нақты қай жылдан бастаймыз деген талас-тартыстар кездеседі. Біреулер осы Жошы ұлысы құрылған 1224 жыл дейді. Бірақ ол кезде Жошы ұлысы Моң­ғол империясының бір бөлігі ғана болды. Кейіннен 1235-36 жылы Жошы ұлысының не­гізінде Моңғол империясының аумағы Дунайға дейін жетіп, екі есеге ұлғайды. Бірақ ол жылдары да орталық әлі Қарақорымға қа­райтын. Демек оны жеке-дара Алтын Орда империясы деп қа­растыра алмаймыз. Тек Ертіс пен Еділ аралығындағы Жошы ұлысы бар. Ал Моңғол импе­риясының заңды ыдырауын 1269 жылғы Талас құрылтайынан бастаймыз. Оған дейін 1959 жы­лы соңғы қаған Мөңке қайтыс болған соң, бір мезгілде Қытайда және Қарақо­рымда екі қаған: Қытайдағы моң­ғол ақсүйектері Құбылайды, ал Қарақорымда Төленің ең кіші ұлы Арықбұғаны сайлайды. Осындай талан-тар­тыс кезінде қаласын-қаламасын Үгедей мен Шағатай ұрпақтарын екі жақ өздеріне одақ­тас етті. Дәл сол сәттерде Үгедейдің немересі Хайдудың да таланты байқалады. Оған Шағатайдың ұрпағы Ба­рақтан жеңіліс тауып отырған жерінен Берке хан 50 мыңға жуық әскер жіберіп, көмек берді. Үгедейдің Қадан деген ұлынан тарайтын Қыпшақ атты немересі екеуінің арасына түсіп татулас­тырып, бір келісімге келуге шақырады. Осылай Жошының, Үгедейдің және Шағатайдың ұл­дары бірігіп Талас құрылтайында өздері билік құрып отырған ау­мақтарды бөлісіп алады. Төленің ұрпағы Құбылай Қытай жерінде, Құлағу Иран жерінде өз би­лік­терін жүргізіп отырғандықтан, бұл жиынға қатысқан жоқ. Сондықтан тарихшылар 1269 жылды Шыңғыс ханның тікелей ұр­пақтары ара­сында қалыптас­қан саяси шешім нәтижесінде Алтын Орданың құрылған жылы деп санайды. 

Дегенмен бұған кейбір ға­лым­дар Алтын Орданың негізі 1242 жылдан бастау алады деп есептеген. Неге десеңіз, Батый 1241 жылы Үге­дейдің қайтыс болуына бай­ла­ныс­ты жеті жыл­дық жорығын тоқ­­татады. Бірақ қайтар жолда 1242 жылдың соңына таман Сарай Бату қала­сының маңына жеткенде Қара­қорымда бүкіл моңғол ақ­сүйек­тері ант беріп, Үгедейдің жесірін жаңадан қаған сайлап қойды деген хабар жетеді. Оған наразы болған Батый өзі де Қара­қорымға бармай қалып қояды, Жошының өзге ұрпақтарына да баруға тыйым салады. Сондықтан та­рих­шылар осы датаны Алтын Орданың құрылған жылы десе, 1269 жылы ол Моңғол империя­сының құрамынан толық бөлініп шықты деп есептейді. 

Шығыстағы шекарасы Ертіс өзіне болса, батыстағы шекарасы Днепрдің арғы жағына дейін созылып жатты. Дегенмен Батый екінші ұл болғандықтан Алтын Орданың өзі Еділдің оң жағалауы мен сол жағалау болып екі қанатқа бөлінген. Батысында Батый ұрпақтары, шығысында Орда Ежен мен оның ұрпақтары билік құра бастайды. 

– Жошы ұрпақтары Египетте ислам әлемін қорғап қалған мә­м­лүктермен қандай байланыста болды? Бұл қазақ тарихына қа­тыс­ты құнды деректердің араб тілінде көптеп кездесуіне әсері етті ме?

– Алтын Орда мен мәм­лүк­тер арасындағы байланыстың негізін қалаған – әрине Сұлтан Бейбарыс. Ол 1260-1277 жылдар аралығында бар болғаны 17 жыл билік құрды. Ол билікке келген кезде Египет пен бүкіл мұсылман әлеміне үлкен қауіп төніп тұрған болатын. 1258 жылы шығыстан Құлағу келіп Бағдадты, 1259 жы­лы Алеппо, 1260 жылы Сирияны алды. Әрі қарай Иерусалимге келе жатқан болатын. Франция королі де сол кезде Таяу Шығыс­қа крест жорығына аттан­ған. Осындай қиын кезеңде Египет мұсылманның туын ұстап қалды. Себебі Бейбарыс сұлтан крест жорығына төтеп беріп, 1260 жылы Иерусалим жақта Құ­лағудың әскеріне соққы береді. Осы сәтте Кавказдан келген саудагерлермен бірге Египеттің жансыздары Құла­ғудың солтүс­тігіндегі мемлекеттің билеушісі мұсылман екенін анық­тайды. Мұны естіген Бей­барыс сұлтан Берке ханға: «Сен де мұсыл­ман екенсің, ендеше, Бағдат хали­фін өлтіріп, мұсылмандарға қы­сым­шы­лық жасап отырған туысқа­ның Құлағуға қарсы соғыс ашуға міндеттісің. Себебі Мұхаммед пай­ғабарымыз (с.ғ.с) да ақи­қат­тың жолында туысқандары­мен қан тө­гіскен. Бұл ғазауат ша­руасы», – деп хат жазады. Соны­мен қатар Бей­барыс сұлтан өзінің де Дешті қыпшақ өлке­сінен шыққанын жет­кізеді. Әрине, бұл екі ел ара­сын­дағы қарым-қатынастың ны­ғаюына әсер етіп, Берке оған өзінің қызын береді. 

Қазір Бейбарыс сұлтанның шыққан жері жайында тарих­шылар арасында көптеген келіс­пеушілік бар. Біреуі кавказдық десе, енді бірі хорезмдік дейді. Бірақ дәл осы мәлімет оның Дешті Қыпшақ жерінен екенін, оның ішінде Еділ мен Жайық арасын мекендеген елбөрі тай­пасынан екендігін дәлелдейді.

Осылайша, 1262 жылы бірін­ші болып Берке Құлағуға қарсы соғыс ашады. Нәтижесінде, Құлағу Египетпен соғысудан бас тартады. Сол кезеңнен бастап Тоқтамысқа дейін Алтын Орда мен Египет арасында диплома­тиялық, саяси, экономикалық берік байланыс орнайды. Сол себепті де Алтын Ор­даға қатысты деректердің көп­шілігі араб ті­лінде сақталып қал­ған. 

– Жошының үлкен ұлы Орда Ежен қазақ халқының қалып­тасуына үлкен негіз болған деп жатамыз. Еділдің оң жағалауында билік құрған Ақ Ордада саяси ахуал қалай болды?

– Әрине, Ақ Ордада салыс­тырмалы түрде саяи тұрақтылық болды. Алғашында батыс өңірін­дегі тайпалар Шымтайды ала­уыз­­дықты басуға шақырған бо­латын. Бірақ тек Шымтайдың баласы Орыс хан ғана барып, сол өңірге баласын басшы етіп өзі ордасына қайтып оралды. Себебі оңтүстіктен Әмір Темір қауіп туғыза бастады. Одан кейін Орыс хан Ақ Орданы жеке мемлекет етіп ресми ақша шы­ғара бастады. Бірақ Әмір Темір­дің күші басым түсіп, Шағатай ұрпақтарының басын біріктірді. Одан Хорезм, Моғолстан соңынан төрт рет соғыс ашу арқылы Ақ Орданы бағындырды. Дегенмен Тоқта­мыс Әмір Темірдің арқасында билікке келсе де 15 жылдай Алтын Орда мен Ақ Орданың басын біріктірді. Бірақ бәрібір 1391 жылы және 1392 жылы екі рет жорық жасап, соңғы шай­қас­та Алтын Ор­даны толық тал­қандады. Тарих­шы­лар бұл жорық Алтын Орданың омыртқасын үзді деп баға берген.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Кәмила ЕРКІН