Күн жылынып, жауын-шашын болса Бұқтырма, Үлбі, Убе, Тұрғысын, Күршім, Қалжыр және Хамир секілді тау бөктеріндегі арналарда су көтерілуі мүмкін.
Шығыстағы шалғай ауылдарды су алып жатыр
313
оқылды

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында күн жылып, тау бөктері мен өзен-сайдың тұсында орныққан ауылдарды су басып жатыр. Мамандардың айтуынша, сәуір айындағы ауа райы шығысқа тән өтіп жатыр. Әзірге күн ысып, қар қарқынды еріп жатқан жоқ. Соған қарамастан су тасқынына дайын болу керектігін жеткізді.

Су тасқынымен бетпе-бет келген бірінші мекен – Абай облысы. Әсіресе Аягөз, Үржар, Көкпекті, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха аудандарының ауылдары су басты. Өйткені дәл Наурыз қарсаңында 2-3 күннің жылынуынан қар еріп, жер-жерді су алды. Сол кезде Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті №2 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлері он шақты күн апатпен күрескен. Ең әуелі Ақсуат ауданы Жантек ауылындағы үлкен жолдың суы сорылып, бөгет жасалды. Соған қарамастан Жантек ауылының жанындағы Уан қыстауын су алып, тұрғындары эвакуацияланды.

«Тұрғындарды қайық, камаз, арнайы техникамен көшіріп, Жантек ауылындағы мектепке орналастырдық. Ірі қара мал қауіпсіз қыстаққа айдалды. Үйді су алмаса да, ауланың бәрін су басты. Арықтарды тазалап, қосалқы стансасын бекіттік. Егер оны су алса, төрт бірдей ауыл жарықсыз, байланыссыз қалар еді», – дейді №2 өрт сөндіру бөлімінің командирі Бақнұр Жұмахметов. Тіпті, Көкпекті ауданының Көкжайық ауылындағы төрт баспананы еріген қардың суы басып қалды. Көрші аудан Жарманың да зардабы көп. Ондағы Үшбиік ауылының екі көшесін су басты.

Қазір Шығыс Қазақстан облысында да жағдай мәз емес. Күні кеше Бородулиха ауданы Новопокровка ауылын су басып, 10 шақты үйдің тұрғындары эвакуацияланды. Көпшілігі ағайын-туысының үйіне тұрақтады. Ауылда еріген қар суы саяжай аумағын су алды. Су деңгейі 1-ден 30 сантиметрге көтерілді. ​Мектеп пен әкімдікте эвакуациялық пункттер дайындалды. Құтқару жұмысына жеке құрамның 83 адамы және 19 техника, 3 жүзу құралы, ШҚО ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың 5 мотопомпасы, №68303 әскери бөлім жұмылдырылды.

Су тасқыны облыстың Алтай ауданына да жетті. Оған дейін Соловьево ауылында бірнеше аула аумағы су астында қалған еді. Ауылда 24 үй бар, тұрғындар эвакуациядан бас тартып, туыстарына уақытша көшіп келген. Оқушылар қашықтан оқытуға жіберілді. Тіпті, ауылдың жағдайымен ШҚО әкімі Ермек Көшербаев келіп, танысып кеткен.

Келесі күні өзендегі судың көтерілуінен Алтайдағы Крестовка ауылында түтікше құбыр шайылып, ол жаққа көлік қатынамай қалған. Алтай ауданы әкімдігінің мәліметінше, ауылда 16 адам тұратын 8 үй бар. Мектебі жоқ.  

«Үйлер биік жерде орналасқандықтан су басу қаупі жоқ. Тұрғындар азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Құбыр толықтай бүлінбеген, су деңгейі түскеннен кейін қажетті шаралар қабылданады», – деп хабарланған әкімдік.

Бүгінде облыс аумағының тең жартысында әлі қар жатыр. Ал оның кейбір аудандарында еритін қардың су мөлшерден екі есе көп болмақ. Үздіксіз аэровизуалды тексерудің арқасында жағдайды бақылап отыр. Дегенмен су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін. Алдын алу мақсатында құтқару жұмысы жүргізіліп, жедел штаб тәулік бойы байланыста.

– Қазір облыста су тасқынының алғашқы толқыны аяқталды. Алайда таулы аумақтардағы қардың қалыңдығы мен ылғалдығын есепке ала отырып,  күннің жылынуы не болмаса түн ортасында жауын-шашын болса, Бұқтырма, Үлбі, Убе, Тұрғысын, Күршім, Қалжыр және Хамир секілді тау бөктеріндегі арналарда су көтерілуі мүмкін. Ал бұл – су тасқынының екінші толқынына әкеледі, – деп хабарлады ШҚО ТЖД.