TikToker бағдарламалық жасақтаманы жаңарту кезінде Tesla-да 40 минут қалып қойған. Оның көлігі күннің астында тұрған, ал жаңарту кезінде салонның есігін ашса көлік зақымдануы мүмкін. Ол қалай шыдаған?
Tesla салонында температура 115 градусқа көтерілген. Көліктің ішінде қалған жүргізуші қалай шыдаған?
Tesla-ның БЖ-сын жаңарту кезінде TikToker салонда болған. Фото autonews.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock
2,358
оқылды

Businessinsider.com сайтында Tesla көлігінің бағдарламалық жасақтамасын жаңарту кезінде салонда қалып қойған TikToker туралы материал жарияланды. Осы материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz электр көліктерінің бағдарламалық жасақтамасын қандай уақытта және қандай жағдайда жаңарту керектігін түсіндіреді.

Көліктің экранында бағдарламалық жасақтаманы жаңарту 24 минутқа созылады деп жазылған. Фото autonews.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock

Брианна Джанель танымал TikTok желісіне бірнеше видеода өзінің көлігінің бағдарламалық жасақтамасын жаңартқанын көрсеткен. Көліктің экранында бағдарламалық жасақтаманы жаңарту 24 минутқа созылатыны жазылған.

Ол бұл уақытта Chick-fil-A жылдам тамақтану желісіне тапсырыс беріп, телефонмен қызметтік қоңырау шалып үлгеремін деп ойлаған. Бірақ көрсетілген уақыт өткеннен кейін де жаңарту аяқталмай, көліктің есіктері бұғатталып, Брианна салонда қалып қояды.

Әрине, есікті қолмен ашуға болар еді, бірақ Tesla-ның пайдаланушы нұсқаулығында оны бағдарламалық жасақтаманы жаңарту кезінде есікті қолмен ашу көлікті зақымдауы мүмкін екендігі жазылған. TikToker осылайша көліктің ішінде «тұтқындалып», ыстық күннің астында «қуырылған тауыққа» ұқсағанын айтады. 

Бұл видеоны мына сілтеме бойынша көруге болады:

Жаңарту ұзаққа созылып, көлік есіктері бұғатталып, жүргізуші салонда қалған. Фото e-go.by сайтынан алынды

TikToker жариялаған видеоны қазірге дейін 19,3 миллион қаралым жинаған. Алғашқы видеода Джанель:

«Көлігіңіз жаңартылған кезде, салонның ішінде болсаңыз, көлікте тұрып қаласыз. Мен осылай істеп, енді көлігімде тұрып қалдым. Дәлірек айтқанда, терім тамшылап ағуда, менің көлігімдегі температура 103 градус», – дейді.

Omni Calculator мәліметтері бойынша, фаренгейт бойынша 75 градустық күнде (бұл цельсий бойынша 24 градус) көліктің ішкі температурасы небәрі 40 минутта 115°F-ке жетуі мүмкін. Джанель өзінің тұрған жерінде Оранж округінде видеоны жариялаған күні ауа райы 76°F шамасында болғанын айтады.

Жаңартулар кезінде есіктер мен терезелерді ашу көлікті зақымдайды. Фото moscowteslaclub.ru сайтынан алынды

Tesla компаниясының пайдаланушы нұсқаулығы бағдарламалық жасақтаманы жаңарту кезінде кейбір қауіпсіздік мүмкіндіктерінің өшірілетінін және жаңарту орнатылған кезде есіктер мен терезелерді ашпауды немесе «көлікті зақымдауыңыз мүмкін екенін» ескертеді.

Нұсқаулықта қандай зақым болуы мүмкін екені айтылмаған, бірақ құны 38 990 доллардан басталатын Модель-3 пен 79 990 доллардан басталатын Модель-Х электрлі көліктерінің иелері көліктеріне зақым келтірмеу үшін нұсқалулықты бұлжытпай орындайды.

«Мен аздап уайымдап тұрмын, салондағы ауа таусылып қалмайды деп үміттенемін. Есіктер мен терезелерді аша алмаймын, көлігіме зақым келтіруім мүмкін. Сонымен жаңарту аяқталғанша көлігімде отырамын», – дейді Джанель өзінің вирустық видеосында. Видео мына сілтеме бойынша орналасқан.

Жаңарту кезінде есік пен терезені ашуға болмайды, көлік зақымданады. Фото dzen.ru платформасынан алынды. Авторы: CarZone аккаунты

Бейнеге пікір білдірушілер екіге бөлініп, біріншілері Джанельді төтенше жағдайда есікті қолмен ашуға бас тартқанына наразы болса, екінші топ Tesla-ны «қауіпсіздіктің үлкен проблемасы» деп атаған.

Кейінірек түсірілген видеода Джанель өзінің Tesla-ны алғанына шамамен 6 жыл болғанын, бірақ бұл жолы көлікті жаңартуды бірінші рет салонда отырып күткенін айтады. Жаңарту уақыты 30 минуттан асқанда ол соңына дейін «күтуді» шешкен, өйткені ол көлігіне зақым келтіргісі келмеген. Егер ол денсаулығына шынымен қауіп туғанын сезінсе, есікті қолмен ашуға дайын болғанын да ескерткен.

Қытайлық арзан электр көліктер де жиі өртенеді. Фото autochn.ru сайтынан алынды

«Мен көлігімде тұрып қалдым, себебі жаңартуға 40 минут кетті, ал ішіндегі температура 115 градус. Жаңарту аяқталды, мен көлігімді аштым. Қара терге түстім, тура мағынасында тер төгіліп жатыр. Сіз оны менің бетімнен көре аласыз», – дейді ол өзінің келесі видеосында.

Бұл оқиғаға қарамастан Джанель өзінің Tesla көлігін жақсы көретінін және оны «жақсы көлік» екеніне сенімді екенін айтады. Бірақ оның видеосын көргендерге: «Көлікте отырғанда оны жаңартпаңыз. Мен бұрын жаңартуларды түнгі сағат 2-ге жоспарлайтынмын. Осылай істеңіз», – деген кеңес береді.

Жаңа технологиялардың біз білмейтін келеңсіз тұстары міндетті түрде болады, оларды уақыт өте келе ғана байқаймыз. Қазіргі қытайлық арзан электр көліктерінің де жақсы және қауіпті жақтары да біраз уақыттан кейін көрінетін шығар.

Aikyn.kz алдыңғы бір мақалада электрлі көліктеріндегі өртті сөндіру мүмкін емес екенін жазды, ондай көлік өртенсе жарылу мен зиянды түтінге улану қауіптері өседі. 

Өрт сөндірушілер де электр көліктері өртенгенде оның өртеніп біткенін қауіпсіз қашықтықтан күту керек екенін айтуда.

Батареялары немесе электр желісінен өрт шыққан көлікті қайта қалпына келтіруге жаңа көліктің құны кетеді. Сондықтан өртенген электр көлігін ешкім қалпына келтірмейді, оны ешкім сатып та алмайды. Оның орнына жаңа көлік сатып алған арзанға түседі. Бұндай тәуекелдер бар екенін сатып алушылар алдын ала білулері қажет.