Жасанды интеллект жүйелерін жасайтын ірі технологиялық компаниялардың үстемдігі анық байқала бастады. Мемлекеттік органдар бұл қауіпті дейді. ЖИ неге қауіпті?
Бұған дейін ешкім күтпеген қауіп ақылды роботтардан келді
Бұл жұмыс бастапқыда қызықты болып көрінді, кейіннен қорқыныш сезімін туғызды. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Coneyl Jay
751
оқылды

Алпауыт технологиялық компаниялардың үстемдігі үлкен алаңдаушылық тудырғанын BBC News хабарлады. ЖИ жүйелерінен қандай нақты қауіптер күтілетінін Aikyn.kz британдық басылымға сілтеме жасап талдайды.

Сара Карделл: «нарықтағы үстемдікті зиянды пайдаланудан және күтпеген салдарлардан сақтау, технологияны көпшіліктің игілігі үшін пайдалану». Фото gov.uk сайтынан алынды

Біріккен Корольдіктің Бәсекелестік және нарықтар басқармасы (CMA) жасанды интеллектің қуатты құралдарының келесі буынын зерттеуге кірісті. Зерттеудің басты нысанасына – ЖИ-дің базалық үлгілері таңдалды. Олардың қатарында ChatGPT сияқты мәтіндік және кескін генераторлары бар.

CMA басқармасы Google, Apple, Microsoft, Meta, Amazon және чип өндіруші Nvidia компанияларының қатысуымен жасанды интеллект серіктестіктерінің «бір-бірімен байланысқан желісін» тапты. Олардың бір-бірімен бизнес қатынастары көпшілік ойлағаннан да тереңде жатқаны анықталды.

«Бұл жұмыс бастапқыда бізге қызықты болып көрінді. Енді, мәселеге тереңірек үңіліп, оқиғаларды мұқият бақылай бастағанда, бізде нақты алаңдаушылық сезімдер туындады. Біздің алдымызда тұрған басты мәселе – нарықтағы үстемдікті зиянды пайдаланудан және күтпеген салдарлардан сақтай отырып, осы өте қызықты технологияны көпшіліктің игілігі үшін қалай пайдалану керектігін табу», – дейді CMA-ның бас атқарушы директоры Сара Карделл.

Бірнеше технологиялық компания ЖИ үлгілерін толық бақылайды және оларды басқарады. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: VioletaStoimenova

CMA басшысы Сара Карделл ханым бейсенбіде (11 сәуір) Вашингтонда сөйлеген сөзінде маңызды хабарламалар мен ескертулер жасады. CMA ең маңызды цифрлық нарықтарда жұмыс істейтін, қазірдің өзінде ықпалы бар бірнеше технологиялық компания қазірдің өзінде басты үлгілерді толық бақылайтынын және оларға жетекшілік ететінін айтты.

Деректердің үлкен көлеміне үйретілген олар жұмыс орнын және қазіргі өмірдің басқа аспектілерін өзгертетін құралдарға айналған. Бұл әрбір суверенді мемлекет пен әлемдік еңбек нарығына төнген зор қауіп деп бағалануда.

CMA мәліметтері бойынша, ірі технологиялық компаниялар есептеу қуаты мен әлемдегі ең білікті қызметкерлерді бір орталыққа жинап, оларды қолдану тұрғысынан күшті позицияға ие, сонымен қатар қолданбалар мен платформалар арқылы нарыққа қол жеткізуге ықпал ете алады.

Технологиялық компаниялар әділ бәсекелестікке кері әсер етіп, бизнес пен тұтынушыларға зиян келтіруі мүмкін. Фото cryptopolitan.com сайтынан алынды

ЖИ технологияларының санаулы ғана технологиялық компаниялардың қолында шоғырлануы әділ бәсекелестікке елеулі әсер етіп, түптеп келгенде бизнес пен тұтынушыларға зиян келтіруі мүмкін. Мысалы, нарықта әлеуеті төмен компанияларды «жұтып қою», төмен сапа және жоғары бағалар арқылы тұтынушыларға ұсынылып келген тауарлар мен қызметтердің мол таңдауын азайту, бұрын-соңды болмаған инновациялар ағынын кешіктіру және өздерінің жеке мүдделерін қорғап, басқалардың ЖИ-ді экономикалық пайда табу үшін қолдануын шектеу.

CMA реттеуші басқармасы цифрлық нарықтардағы бұрынғы тәжірибелерді талдап, олардың пайдалы жақтарын қолданғысы келетінін айтады. «Жеңімпаз – пайданың барлығын иемденеді» деген көзқарас аздаған қуатты платформалардың күннен-күнге күшейіп, басқа бәсекелестеріне қысым көрсетуіне алып келді.

Басқарма мәлімдемесінде «жаңа, әлеуетті түрлендіретін технологияның пайда болуының шешуші сәтінде тарихи сабақтарды қолдануға бел будық» делінген.

Бақылаушы орган Microsoft пен OpenAI-дің серіктестігін мұқият зерттеп, көлеңкелі тұстарын тапқысы келетін сияқты. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: gorodenkoff

Ұлыбританияның реттеуші органының жаңа құжатында 90-нан астам байланысты инвестициялар мен технологиялық алпауыттардың азғантай шоғырының бір-бірімен байланысын дәлелдейтін күмәнді серіктестік келісімдері табылған. Бұл жерде бақылаушы орган Microsoft-тың OpenAI-мен көп миллиард долларлық серіктестігін де мұқият зерттеп, көлеңкелі мүдделер жиынтығын тапқысы келетін сияқты.

Бірақ басқарма «осы ірі компаниялар пайдалана алатын ресурстардың, тәжірибенің және инновациялық әлеуеттің молдығын» да бағамдау керек дейді.

Жаңа идеяларды нарықта ешбір тосқауылсыз таратуға жол ашу керек. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Dilok Klaisataporn

Сондықтан қуатты компаниялардың жалпыға бірдей бәсекелестік ортада, басқалармен теңдей дәрежеде қызмет етуін де ойластырған дұрыс деп ойлаймыз. Бұл нарықтағы жаңашыл идеялармен қаруланған стартаптардың ешбір тосқауылсыз өздерінің өнімдерін нарықта таратуына жол ашады. 

Тек жаңа идеяларды табу мен іске асыруда мына видеодағы күлкі туғызатын жағдайлар болмағанын ескерейік:

Кезінде шағын гараждар мен жатақхана бөлмелерінде қарапайым идеялардан пайда болған Apple, Facebook, Microsoft, Instagram сияқты компаниялар баршаға бірдей нарық заңдарының көмегімен триллиондық активі бар бизнеске айналды.

Нарық заңдары жұмыс істемесе олар да сол кездегі бизнестегі үлкен акулалардың құрбаны болып кетер еді. Әлем Стив Джобс, Билл Гейст, Марк Цукерберг және басқа да миллиардерлерді танымай өтер еді.

Қазір де технологиялық әлемнің даму ерекшеліктерін ескеріп, жаңашыл идеялары бар шағын фирмаларға жол ашатын ережелерді қабылдау керек. Бұл адамзат өркениетінің болашағы мен қауіпсіздігі үшін қажет.