Елдің солтүстік және батыс өңір­леріндегі елді мекендерге тас­қын судың келуі толастамай тұр.
Мақсат – азаматтардың қауіпсіздігі
264
оқылды

Сондықтан Мәжiлiс депутаттары жағдайды бақылау үшiн аймақтарда жүр. Олар апатқа қарсы жұмыстарды ұйымдастыруға көмектесіп, зардап шеккен тұрғындарға мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіріп жатыр.

Қостанай облысында жүрген депутат Екатерина Смышляева жергілікті ведомство өкілдерімен және су тасқынынан зардап шеккен Алтынсарин мен Мичурино ауылдарының тұрғындарымен кез­десті. Алтынсаринда 141 үйді, Мичуринода 34 үйді су шайып кеткен.

– Қазір ең бастысы – азамат­тардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және материалдық шығынды барынша азайту. Комиссия мүше­лері үйлердің жағдайын бағалау үшін аудан әкімдігімен бірлесіп жұмыс істейміз. Ахуал толық тұ­рақ­талғанша біз осында болып, ба­қылауда ұстаймыз, – деді Екатерина Смышляева.

Сондай-ақ депутат зардап шеккен тұрғындарға көрсетілетін мем­лекеттік қолдау шаралары, қар­жылай көмек алу, өтемақы тө­леу процедуралары және басқа да жайт­тар туралы түсіндірді. Жиында гуманитарлық көмек, соның ішінде азық-түлік, киім-кешек пен қажетті заттар таратылды.

Мәжіліс депутаттары Қазыбек Әлішев, Аманжол Әлтай және Асқар Садықов Ақтөбе облысында жұмысын жалғастырып, су тасқынынан ең көп зардап шеккен Ойыл ауданының тұрғындарымен кездесті. Қазір Ойыл ауылына баратын жолдың су шайған бөлігі жөнделіп, көліктер өте бастады. Депутаттар жергілікті атқарушы органдарға көпірді қалпына кел­тіруді жеделдету керегіне назар ау­дарды.

Өз кезегінде, халық баспана жайына алаңдаулы. Қазір үйі суға кеткен тұрғындарға уақытша қоныстануы үшін әскери палатка тігіліп, ағаш үйлер тұрғызуға аудан­дық бюджеттен қаржы бөлінген. 

Депутаттар Айна Мысырәлімова, Гауһар Танашева және Дәулет Мұқаев Ақмола облысының бір­неше ауданында болды. Атбасар қаласында Жабай өзенінің дең­гейі артып, 4,5 метрді құрап отыр. Қосымша бөгеттер салу және нығайту жұмыстары жүргізілуде. Оған әкімдіктердің, Ақмола және Жамбыл облыстарының Төтенше жағдайлар департаментінің күштері, курсанттар, әскери қызметшілер мен еріктілер жұмылдырылды. 123 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Есіл және Қызыл су өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуінен Есіл ауданындағы елді мекендерді су басу қаупі туындап отыр. Осыған бай­ланысты соңғы тәулікте құт­қару­шылар Ленинское, Игілік және Свободное ауылдарынан 461 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Қа­зір су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда.

Сондай-ақ депутаттар Ерке­бұлан Мәмбетов, Дмитрий Колода және Бақытжан Базарбек Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласының апатқа тө­теп беру дайындығымен танысты. Онда осы аптада су тасқынының шарықтау шегі болуы мүмкін. Су қалаға Сергеев бөгенінен келе жатыр. Жол бойындағы елді мекендерден, соның ішінде Покровка мен Новоникольское ауылдарыннан өтті.

– Басты міндет – қауіпсіздік. Тұрғындар мен ауылдық округ әкім­дерінің бұған жеткілікті мән бермегенін байқап отырмыз. Су деңгейі өте үлкен. Тұрғындарда мүлік шығындарын өтеуге қатысты күмән бар. Сондықтан біз осында жүрміз. Су тасқынан зардап шеккен тұрғындардың барлығына төлем берілетінін түсіндіріп жатырмыз, – деді Еркебұлан Мәмбетов.

Қазір Подгора шағынауданын­дағы бөгетті нығайту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Заречный ауылында полиция мен төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды су басқан аймақтан эвакуациялауда, бірақ 47 адам үйінен кетуден бас тартты. Депутаттар оларға жағдайды түсіндірді. Дән осы күні Петропавл су торабының жағдайымен танысып, Кожевенный кентіндегі бөгетті де аралады.

Депутат Азат Перуашев та қазір осы облыста жүр. Бүгін ол Есіл өзенінің шығыс жағалауын қарап шықты. Мұнда алдағы бірнеше сағатта су деңгейі көтеріледі деп бол­жанып отыр. Мәжілісмен сон­дай-ақ Тепличное ауылының тұр­ғындарымен кездесіп, құтқару жұ­мыстарына қажет резеңке қайықтар мен арнайы киімдер табыстады. Алда су тасқыны аймағында ор­наласқан басқа да елді мекендер де қам­тылады.

Берік БЕК