Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті.
Ғылымы мықты мемлекет те қуатты
849
оқылды

Президент, ең алдымен, жиынға қа­­тысушыларды Ғылым күнімен құт­­тықтап, бұл мереке ғұлама ғалым, заң­­ғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың ту­ған күнімен тұспа-тұс келіп отыр­ға­нын айтты.

– Дәл бүгін академик Қаныш Сәт­баевтың туғанына 125 жыл толды. Біз ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәт­баев­ты қазіргі қазақ ғылымының ата­сы деуге болады. Өздеріңіз біле­сіз­дер, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – хал­қымыздың біртуар перзенті. Елі­міз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңа­лықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жо­ғары деңгейде атап өту маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еліміз 2026 жылы БҰҰ аясында Аймақтық климат саммитін өткіз­гелі отыр.  Бұл маңызды іс-шара ха­лықаралық қоғамдастықтың назарын мұз­дықтардың еруі, өзен­дер мен көлдердің таяздануы, шөлейт­тену, жердің тозуы сияқты проб­лемаларға аударуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы сам­митке дайындықты қазірден бастау керегін айтты. 

– Бұл жиын өңірлік және жа­һандық экологиялық сын-қа­тер­лерге тө­теп беру үшін ға­лым­­дардың, сарап­шылардың, сая­саткерлердің күш-жігерін жұ­­мыл­дыруға ықпал ететініне се­німдімін, – деді Президент.

Кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интел­лектіні қолдану әлеуетіне ерек­ше тоқталды. Қазір Үкімет Жа­­­­сан­ды интеллектіні дамыту ст­ра­­­тегиясын және Цифрлық ко­­дексті әзірлеп жатыр. Бүгін­де жасанды интеллектіні дамы­тудың перспективасы зор. Кей­бір бағалаулар бойынша жасанды ин­теллект 2030 жыл­ға қарай әлемдік ЖІӨ-нің 7 па­йызын қамтамасыз етеді. Ал 2027 жылға қарай жа­һан­­дық жа­сан­ды интеллект нары­ғының капитализациясы 400 мил­лиард доллардан асады. 

Мемлекет басшысы жасанды интеллекті арқылы дербес тіл мо­делін әзірлеудің маңызы зор екенін атап айтты. 

– Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынып жатыр. Осы жұмысқа сегіз ғылыми-зерттеу ин­ституты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қам­тамасыз етеді. Сондай-ақ мем­лекеттік тілді дамытуға мықты сер­пін береді, – деді Қ.Тоқаев.

Ғылымға арқа сүйеген мем­лекет­тер қашанда әлемнің даму көшін бастайды. Осынау ұлы көш­ке ілесіп, қатарынан кө­рі­нудің бірден-бір жолы – ғы­лым­ды ілгерілету. Яғни, қарқынды дамудың төте жолы да осы.  

– Ахмет Байтұрсынұлы «Озған­дарға жету керек, жеткендерден озу керек» деген екен. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз қазір, әсіресе, өзекті, – деп атап өтті Пре­зидент.

Елімізде соңғы жылдары ғы­лым саласын дамыту үшін біршама жұмыс атқарылды. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Президент жанынан Ғы­лым және технологиялар жө­ніндегі ұлттық кеңес құрылды. 

Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жө­ніндегі ұлт­­тық кеңестің оты­рысында уни­­­верситеттердегі кадр тап­шы­­лығы, ғылыми жұ­мыстардың сапасыздығы, өндіріс орын­дары­мен тұрақты байла­­ныстың жолға қо­йылмағаны және басқа да түйт­­кіл­дерді тізіп айтты. Үкімет қалыптасқан жағдайды түзеу үшін арнайы бағдарлама әзір­леуі қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пі­кі­рінше, тағы бір маңызды мә­селе – еліміздегі жоғары оқу орындары арасында өңір­лік теңсіздік. Мықты уни­вер­ситеттердің көбі Астана мен Алматыда орналасқан. Бұл ішкі көші-қон жүйесінің бұзы­луына және өңірлердегі кадр тапшылығына әкеп соқтырады.

Осыған байланысты  Пре­зидент ғылым мен жоғары білімнің біртұтас дамуын қамтамасыз ету үшін бұған дейін 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орнының базасында Академиялық басымдық орталықтарын құруды тапсырғанын еске салды.  Бұл ретте Үкімет жоғары оқу орын­дарының зерттеушілік бағытын дамыту үшін пәрменді механизмдер әзірлеуі тиіс.

Президент ғылымның ка­др­лық әлеуетін күшейту тура­лы сөз қозғай отырып, жас ғалым­дарды жан-жақты қолдаудың маңыздылығына ерекше тоқ­талды.

– Грант арқылы жүзеге асы­рыла­тын жобалардың үштен бірі жас ғалымдарға тиесілі. Әрине, мұндай жобалардың санынан гөрі сапасы маңызды. Жыл сайын жас ғалымдарға байқаулар арқылы бе­рілетін гранттың қаржы көле­мін арттыру керек. Қазір жас ға­лым­дарымыз әлемдегі жетек­ші зерттеу орталықтарында ста­жи­ро­вкадан өте алады. Бұл – жақсы үрдіс. Оны жалғастыра беру қажет. Менің тапсырмаммен жүзеге асы­рылып жатқан «Жас ғалым» бағ­дарламасының тиімді екенін көріп отырмыз. Оның ауқымын кеңейту керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент ма­гис­тратура және докторантура бағдарламасына арналған грант­тың құнын арттыру, ірі өн­дірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізуді тапсырды. Бұл тұрғыда еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік уни­вер­ситеттердің филиалдарын эко­номика­мыздың басым са­ла­­лары үшін ға­лым­дар мен білік­ті мамандарды же­дел да­яр­лауға жұмылдырған жөн. Мем­лекет бас­шысы Үкіметке, ин­женерлік-техникалық кадр­ларды даярлаудың ұлттық моде­лін әзірлеу, өңірлік жоғары оқу орындарының базасын­да озық инженерлік мек­тептер ашу, әр өңірдің белгілі бір салаға мамандануын көрсететін Өңірлік экономика атласын да­йын­дау жө­нінде тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қа­зір Пар­ламентте «Ғылым және тех­но­логиялық саясат туралы» заң жо­басы талқыланып жатқанын атап өтіп, бұл құжат ғылымның дамуына зор серпін беретініне се­нім білдірді.

– Кезінде халқымыздың көр­­­­­­­­некті тұлғалары мен қайрат­кер­­­­лерінің де ағартушылықпен ай­налысқаны тегін емес. Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Сіз­дер ұсынған, ойлап тапқан жо­балардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Бір сөзбен, Сіздер сияқты ға­лымдар Отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ алқалы жиында ай­тыл­ған маңызды мәселенің бірі шетелдік ғылыми орталықтарда табысты жұ­мыс істеп жүрген ға­лым­дарымызды Қазақстанға қай­тару жайы. Президент аталған ұсы­нысты қолдайтынын жеткізді. 

– Отандастарымызды өз зерт­теу­лерін Қазақстанда жалғас­тыру­­­ға шақырамын. Мемлекет өз тарапынан мұндай ғалымдарға ұйым­дастырушылық тұрғыдан және қаржылай нақты көмек көр­сетеді. Шетелде жұмыс істей­тін ғалымдарды бұған дейін де ша­қырғанбыз. Осы мәселені мұқият ойластыру керек. Ғылым өзінің ауқымы мен сипаты жағынан жа­һан­дық деңгейде бол­ған­дықтан, бұл жерде жалаң патриотизмге берілу орынсыз. Әйтсе де, Қазақ­стан ақыл-ойдың жаһандық бәсі­нен тыс қалмауы керек, – деп тү­йін­­деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлағат БЕКБОЛАТ