Түйіндемені дұрыс жазу арқылы жалақысы жоғары қызметке тұруға болады. Жұмыс берушіге сіздің түйіндемеңіз ұнаса, айына 25 000 доллар жалақы беретін жұмысқа шақыруы мүмкін.
Екі беттік резюме ұсынып, 300 000 долларлық жұмысқа қабылданған
Сұхбат жұмысқа қабылдануда ең маңызды саналады. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Jovanmandic
2,990
оқылды

Аты әлемге танылған технологиялық компанияға қызметке қабылданған адамның оқиғасы businessinsider.com сайтында жарияланды. Қазақ жастарына да мұндай тәжірибе қажет екендігін ескерген  Aikyn.kz сол оқиғаның мән-жайын түсіндіреді. 

Анкит Вирмани екі беттік түйіндеменің көмегімен 300 000 долларлық қызметке қабылданды. Фото businessinsider.com сайтынан алынды. Авторы: Ankit Virmani

Анкит Вирмани технология саласына ауысу туралы ойлана бастағанға дейін бес жыл бойы консалтингте жұмыс істейді.

«Менің мақсатымның бір түкпірінде техникалық білімімді тереңдету керек деген ой әрқашанда болды. Маған жаңа заттар ойлап табу ұнайды, заттарды сатумен айналысу маған қызық емес», – дейді алғашында Үндістаннан АҚШ-қа магистратурада оқуға келген Вирмани.

2020 жылдың бірінші жартысында ол өзінің ойын іске асыруға кіріседі. Deloitte-тегі толық жұмыс күні аяқталғаннан кейін, Вирмани кешкі үш-төрт сағаттық уақытын кодтауды үйренуге және тағы екі сағатын компьютерлік бағдарлама саласы туралы оқуға арнайды. 

Microsoft пен Amazon Вирманидің өтінішін қабылдамай тастайды. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: SDI Productions

Ол сондай-ақ сондай компанияларда жұмыс істейтін адамдармен кездесіп, олардан жұмыстағы ерекшеліктер мен қиындықтар туралы сұрап біле бастайды.

«Маған олардан өзіме қажетті мәселелер бойынша жауап қажет болмады. Мен олардың ойлау үдерісін, олар күрделі мәселелерді кең ауқымда қалай шеше алатынын білгім келді», – дейді Анкит Вирмани.

Оның үміті бірден ақталған жоқ. Microsoft пен Amazon оның өтінішін қараудың әртүрлі кезеңдерінде қабылдамай тастайды. Өзінің жұмысын өзгерту туралы шешімнен кейін 6 ай өткен соң ол Google-дың Сиэтлдегі кеңсесінде деректер және машиналық оқыту бойынша маман ретінде қызметке қабылданады.

Вирманидің 2020 жылы Google-ға ұсынған екі беттік түйіндемесі. Фото businessinsider.com сайтынан алынды. Авторы: Ankit Virmani

Вирманиге Google-ға жұмысқа тұруға көмектескен түйіндеме екі беттен тұрады. Ол төрт жыл бұрын жазылған Google-да 300 000 долларлық жұмысқа ие болуға ұсынылған екі беттік түйіндемесіне әлі де жақсартатын тұстар бар екенін және кейбір өзгерістер енгізетінін айтады.

«Бұл түйіндемеде бірнеше бағытқа бірдей назар аударылған, маған бұл ұнамайды. Менде маңызды бағыт болу керек, мысалы, бүгінгі жетістіктерім, содан кейін бүгінгі кәсіби тәжірибем, содан кейін кәсіби тәжірибем мен білімім, техникалық дағдыларым жазылады», – дейді Вирмани.

Бірақ Google сияқты жұмыс берушілер нені бағалайтынын жақсы түсінген Вирмани кейбір нәрселерді, соның ішінде құжаттың көлемін сол күйінде, екі бет етіп қалдыратынын айтады.

Оқылуға ыңғайлы болсын деп көптеген үміткерлер резюмені «тек бір бет» ережесімен жазады. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Anna Stills

Әдетте оқылуға ыңғайлы болсын деп көптеген үміткерлер резюмені «тек бір бет» ережесімен жазады. Вирмани болса «тек бір бет» ережесін бұзып, қысқа әрі нақты түйіндеме жазған. Сонымен бірге Вирмани командалық жұмысқа назар аударуға кеңес береді. Оның ойынша, кейбір үміткерлер түйіндемелеріндегі жеке үлестерді асыра атап көрсетеді:

«Бұл ешқашан болмайды. Мысалы, менің қазіргі жұмысым – бұл әрқашан командалық жұмыс. Google адалдық пен кішіпейілділікті өте жоғары бағалайды. Бұл компанияның мәдениеті – біз бір адамның қолынан ештеңе келмейтінін білеміз», – дейді Вирмани.

Сондықтан ол түйіндемесінің бір бөлігін командалық жұмыстың артықшылықтарына, жетістіктеріне арнаған.

Жұмысқа орналастырудың да әртүрлі жолдары болады. Мына қызықты видеода сондай бір оқиға көрсетіледі:

Бүгінде кейбір үміткерлер жұмыс берушіні қызықтыру үшін әртүрлі формаларды қолданады. Мариана Кобаяши жазба емес, видео түйіндеме әзірлеген. Оны дайындауға 10 сағат уақыт жұмсалған. Дайын видео түйіндемесін жұмысқа қабылдайтын менеджерге тікелей жіберген.

Google менеджері видеоны көріп, Кобаяшимен хабарласқан, сұхбатқа шақырған. Ақырында үміткер технологиялық алпауытқа жұмысқа орналасқан.

Бұл тәжірибелер қазақ жастарының да танымын кеңейтіп, әлемге танымал немесе отандық компанияларға қызметке тұруға көмектеседі деп ойлаймыз. Әрине, алдымен сол түйіндемеге жазылатын жетістіктер мен кәсіби дағдыларыңыздың болуы жақсы жұмысқа қабылданудың басты шарты екенін ұмытпаңыз.