Азамат Қанапиянов су тасқынының зардабын жоюға барлық жауапты маман бірлесе атсалысып жатқанын жеткізді.
Азамат Қанапиянов: Қиналғанға қол ұшын созу – ең басты парыз
619
оқылды

«AMANAT» партиясы Целиноград аудандық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Қанапиянов су тасқынының алдын алу шаралары қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналып отырғанын айтты.

«Көктемгі қарбалас шақта халыққа жыл сайын қауіп төндіріп, әуре-сарсаңға салатын, талайларды сан соқтырып, зыр жүгіртетін су тасқынының алдын алу шаралары қоғамымыздағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Табиғи апатты болдырмау үшін, қанша қамданғанымызбен тілсіз жау айтып келмейді. Бірақ өзен-көлдерге жақын орналасқан елді мекендер мен қыс мезгілі аяқталып, қар еритін сәтте тәжірибе бойынша кейбір аймақтарда су тасқынының орын алуы қалыпты жағдай. Тап қазіргі сәтте қиналғанға қол ұшын созу ең басты парыз», – дейді ол.

Азамат Қанапиянов су тасқынының зардабын жоюға барлық жауапты маман бірлесе атсалысып жатқанын жеткізді.

«Қандай да болсын сын сәттерде халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, қиындықты еңсере білген елміз. Биылғы жылда да осы қағидатынан таңбай, қысылтаяң сәтте қол ұшын созып, бірлігімізді көрсете білдік. Осы жылы жылдам еріген қар суының ауылдарға төндірген қаупін болдырмау және су тасқынының алдын алу жұмыстарына аудандық мәслихат депутаттары, аудандық әкімшілік мамандары, ауыл әкімдері, төтенше жағдайлар қызметкерлері бірлесе тұрғындарға көмек қолын созып жатыр. Дамбыны бекіту, құм қапшықтарын толтырып, жер үйінділерін нығайту сияқты жұмыстарға белсене араласып жатыр. Өз кезегінде ауыл тұрғындары да бұл мәселеге бей-жай қарап отырмай, қолдан келгенше көмек көрсетуде. Береке-бірліктің арқасында бұл қиындықты да жеңетінімізге сенімім мол», – дейді ол.